Бүгінде Шымкент қаласында орналасқан «Облыстық жүйке аурулар диспансері» мемлекеттік мекемесінде 30 мыңға жуық азамат жүйке ауруына шалдыққан науқас ретінде тіркелген. Олардың басым бөлігі –созылмалы дертке ұшырағандар.
Аталған ауруханадағы балалар және жасөспірімдер бөлімшесінің меңгерушісі Тұрсынай Момынованың айтуынша, бүгінде жүйкесінде «жүгі» жоқ адамды кездестіру кемде-кем. Себебі күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен жүйкенің калай жұқарғанын білмей қалатын жағдайлар көп екен. Дегенмен жүйке ауруы түрлі кеселдің түрткісі болатынын психиатрлар алға тартуда.
Тұрсынай Момынова, Облыстық жүйке аурулар диспансері балалар және жасөспірімдер бөлімшесінің меңгерушісі:
– Қазіргі таңда диспансерде түрлі себептермен келген науқастар ем алуда. Жалпы, психиатрдың көмегін қажет ететін 30 мыңға жуық адам тіркеуде тұр. Оның 50 пайызы шизофрениядан зардап шегетіндер. Ал балалар мен жасөспірімдер арасында да түрлі науқастар бар. Олардың саны 6 мыңға жуық болса, оның 10 пайызы – шизофрениямен ауыратындар. Соңғы кездері алаяқтарға алданған немесе кредиттен «күйген», отбасындағы ұрыс-керіс сияқты жағдайлардан соң өз-өзіне қол жұмсап, о дүниеге аттанып кетіп жатқандар көбейіп барады. Мұның барлығы жүйкенің әлсіздігінен, қиындыққа дайын еместігінің әсерінен туындайды. Ал шизофрения – басқа топтағы жүйке ауруларына қарағанда ұзақ емделіп, көп күтімді қажет ететін ауру. Оның емделу мерзімі — 35-90 күн.
Психотерапевт дәрігерлер адамдардың 90 пайызын невроз ауруына шалдыққандар деп есептейді. Олар өз жүйкесінде ауытқушылық бар екенін өздері білмей, басқа дәрігерлердің есігін тоздыратын көрінеді.
Дәрігерлердің айтуына қарағанда, жоғарыда айтылған 30 мыңға жуық тіркеуде тұрған науқастар саны нақты емес, ол – тек ресми дерек қана. Дәрігерге көрінуге намыстанып өзінің ауруға шалдыққанын жасырып жүргендерді коса есептер болсақ, олардың саны анағұрлым көп болары анық.
Бауыржан Смағұлов, Облыстық жүйке аурулар диспансерінің 1-бөлім меңгерушісі:
– Өкінішке карай, жүйке ауруына шалдыққандардың дені – өзіміздің казақтар. Өзге ұлттарға қарағанда, біздің қазақ психикалық ауытқуы сезіле бастаған жағдайдың өзінде диспансерге келіп емделуге намыстанады. Халық «психодиспансерге тек жынды немесе есінен адасқандар барады» деген көзқараста.
Шетелде, мәселен, славян ұлтының өкілдері жеке басының проблемасын психотерапевт мамандарымен кеңесе отырып шешеді. Солардың кеңесімен олар айналадағы адами қарым-қатынасты реттеп отырады әрі ауырып-сырқамау үшін бар күшін салады. Ал бізде, керісінше, психолог, психотерапевт мамандарына қаралудың орнына, терапевт, кардиолог, невропатолог секілді дәрігерлерді жағалайды. Бұғып жатқан ауру ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір белгі береді. Сондықтан өз-өзін басқара алмай қалатын немесе тез ашулану, ұйқысыздық секілді жағдайлар байқалса, психолог немесе психотерапевке көрінбейінше, аурудан түбегейлі айығып кетуі мүмкін емес».
Мамандардың айтуынша, психикалық ауытқудың кең тараған түрі — жан күйзелісі екен. Жалпы, ХІХ ғасырда пайда болған «депрессия» термині ХХ ғасырдың 20-30 жылдары кең тарай бастаған. Бүгінде бұл дертке бой алдырған адамдардың нақты санын дәл атап айту қиынға соғады. Өз-өзіне қол жұмсап, өмірден түңілетіндердің көбі – осы жан күйзелісіне ұшырағандар. Бұл дерттің пайда болуына адамның өмір сүріп жатқан ортасы, әлеуметтік жағдайы, тұрмыс-тіршілігі себепші болады.
Осылайша, жүйке ауруына шалдыққандар саны көбеюмен қатар, жасарып та бара жатқан сияқты. Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенер болсақ, халықтың 25-30 пайызы – әртүрлі психикалық ауытқудан зардап шегетіндер.
Әлия Қыдыралиева, психолог:
– Соңғы жылдары жүйке ауруына, соның ішінде жоғарыда атап өткендей, жан күйзелісіне ұшырағандар кай аймақта болсын көп тіркелуде. Дәрігерлердің айтуынша, жүйке ауруы бірнеше түрге бөлінеді екен. Мәселен, оның бір түрімен ауыл тұрғындары көп ауырса, қала тұрғындарында бұл аурудың мүлдем басқа түрі кездеседі екен. Дегенмен адамзаттың жан күйзелісі бір-біріне ұқсас болады. Олар – жұмыссыздық, халықтың тұрмысының төмендігі, жетіспеушілік тағы басқа толып жатқан себептер. Оған қоса экология да тікелей әсер етеді. Сондықтан депрессия жас талғамайды.
Жалпы, психиатр жүйке ауытқыған кезде көмек көрсететін дәрігер-маман болса, психотерапевт түрлі психотерапевтік көмек көрсететін психиатр-дәрігер. Психотерапия дәрі арқылы емес, сөз арқылы емдейді. Ал психолог — дені сау адамдарға отбасылық кеңес беру көмегін көрсететін жоғары психологиялық білімі бар да, медициналык білімі жоқ маман. Сондықтан әрбір адам жан күйзелісіне немесе күтпеген ауыр жағдайға тап болғанда, емшіге, бақсы-балгерлердің көмегіне жүгінбей, жоғарыда айтылған мамандарға хабарласса, ауруынан айығуының ықтималдылығы анағұрлым мол болмақ.