«Неге осы менің маңдай сорым бес елі?», «Не себепті бизнеске келгенде жолым болмай-ақ қойды?», «Неге сүрбойдақтығымнан арылмай келемін?», «Неге перзент сүйе алмай жүрмін...?» Адам болғасын, кез келгеніміздің басымызда осындай жауабы жоқ сансыз сауалдардың бірі жүретіні және оның түбіне бойласаң, тұңғиығына батыра жаздайтыны да жасырын емес. Дей тұрғанымен, амалын тапса, мұндай тұйықтан да жол табуға болатын көрінеді. Ол амал қазақтың ұрпақ тарқатар шежіресі екен. Тіршілікте кезіккен кейбір проблемаларды кәдімгі шежіреге, яғни ата-тегіңе үңілу арқылы шешуге болады. Мұны Ресейдің ғалымдары білдей бір ғылымға айналдырып отырған жайы бар. Шежіре ғылымының аты орыс тілінде «родология» деп аталады. Қазақша «тектану» десе болатын шығар. Жаңа ғылымның негізін қалаушылар – отбасылы Валерий және Лариса Докучаевтар.
Бұқар Жырау «жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» дейді. Адамның көп қасиеттері, негізінен, тегіне тартатынын білеміз. Бірақ ата-бабамыздың басынан өткен жағдайлар бейсаналы түрде ұрпағының да басынан өтетінін байқай бермейді екенбіз. Мұны тек генетикалық кодтың заңдылықтарымен ғана түсіндіруге болады. Осының бәрін зерттейтін ғылымды «родология» дейді.
Сенбі-жексенбі күндері осы ғылымның негізін қалаушы ресейлік ғалым, родолог Валерий Докучаев Қазақстанға келіп семинар өткізді. Мұндай семинар бізде екі айда бір рет өтіп тұрады екен. Семинарға бір жарым жыл бойы үзбей қатысқан адамға консультант-родолог деген сертификат беріледі. Біздегі Валерий және Лариса Докучаевтардан тәлім алған тұңғыш консультант-родолог – Әлия Сағымбаева.
Консультант-родологтердің қызметі – біз сөз басында тоқталғандағыдай, жеке проблемаларымен келген адамдардың шежіресіне қарап, тірлігінің мәнісін кетірген мәселелерін табу және соның түйінін шешу. Ал оларға жүгінетін адам, ең бастысы, әкесі мен шешесі жағынан үш-төрт атасына дейінгі шежірені біліп, тегін таратып әкелсе болды. Оны өздерінің тілінде «генограмма» дейді.
Түсінікті болу үшін Әлия Сағымбаеваның практикасындағы бір-екі оқиғаны келтірейік. Мәселен, жолы болғыш бір жігіт 34 жасында өзі сәтті еңбек етіп жүрген шетелдік компаниядан ешқандай себепсіз, аяқастынан жұмыстан кететіндігі жайында өтініш жазады. Оның осы түсініксіз шешімінің сыры шежіресінен анықталады. Сөйтсе, бұл жігіттің арғы атасы, яғни атасының әкесі 34 жасында «халық жауы» ретінде атылған көрінеді. Ал атасы, былайша айтқанда, «халық жауының» баласы тегін өзгертіп, судья болады. Алайда бір сот процесінде мұны біреулер танып қойып, «халық жауының» баласы деп көрсетіп жібереді. Ақыры ол да 34 жасында судьялық қызметінен бір фабриканың қарапайым жұмыскері дәрежесіне дейін түсіп қалады. Енді, міне, осыған ұқсас жағдай немересінде де қайталанады. Осыдан кейін бұл жігітке родологиялық, психологиялық консультация жүргізіліп, бейсаналы түрде қалыптасқан түйінді ағытады. Қазір жігіт өзінің бизнесін дөңгелетіп әкеткен.
Тағы бір мысал, 19 жыл бойы бала көтермеген әйелге қатысты. Шежіре тарихын ақтара келгенде, әлгі әйелдің әжесі тоғыз бала дүниеге әкеліп, оның алтауы шетінеп кеткен екен. Тура солай нағашы әжесі де көпбалалы болған. Яғни 12 бала тауып, оның да алты баласы түрлі аурудан өлген. Осыдан кейін әйелдің санасында, генетикалық кодында: «туған балаларыңның бәрі өле берсе, бала туып не керек?» деген ақпарат жазылып қалған. Оның үстіне, балгер де «сен бедеусің!» деп бал ашып берген. Ақырында әйел амалсыз консультант-родологтің көмегіне жүгінген. Бірігіп жұмыс істей келе, әйелдің санасындағы ақпаратты өшіріп, жадын қайта «бағдарламалайды». Әлия Сағымбаеваның айтуынша, нәтижесінде әлгі әйел қазір бір қыз, бір ұл сүйіп отыр. Міне, бұл ғылымның ерекшелігі – осында.
Валерий және Лариса Докучаевтар ғылымның осы бағыты бойынша Якутияда біраз жұмыс істеген. Себебі орыстардың ішінде ата-тегін, шежіресін білетіндер некенсаяқ. Ал якуттар біздің «жеті атаны» білетініміз секілді өздерінің тоғыз атасын білуі керек екен. Бізге келіп, семинар өткізуінің себебі де сол көрінеді.
Жолыңыз болмай жүрсе, шежіреге үңіліңіз
Последние статьи автора