Наурыз мейрамының демалысында Түркістанға жол жүретін болып, екі адамға билет алдық. «Билет болмай қалады-ау» деп, кассаға әдейі екі апта бұрын бардық. Ерте бардық дегеніміз бекер болды, кассир әйел «билет жоқ» деп шығарып салды. Тамыр-таныстарымызды тартып, «қалай да билет алып бер» деп қолқа салған соң, Қарағанды облысының Ағадыр деген стансысынан №56 «Көкшетау – Қызылорда» пойызынан екі орын шықты.
Үшінші қабаттағылар ештеңе емес екен, купе вагонда жүретін жол жоқ
Жолға шығып, пойызымызды күтіп тұрмыз. Пойыз да келіп тоқтады, есік ашылып, ішке ене бергенде, кіреберістен тізіліп отырған жолаушыларға көзіміз шалынды. Көзіміз шалынды дейміз-ау, ішіне кіру үшін аяқтан шалындық. Жүгімізді көтеріп, ұйқылы-ояу, қалғып-мүлгіп жерде отырған адамдарды аттап-маттап, кіреберістен ішке әрең ендік. Бірнешеуі екі шелекті төңкеріп қойып, үстіне көлденеңінен тақтай қойып, орындық етіп алған. Қалғаны сөмкелерін жамбасына жастап қойып, жантайып жатыр.
«Әшейінде жолсеріктер артық адам алса, жүкке арналған үшінші сөреге жатқызса да орын тауып беретін еді ғой» деп ойладық. Сөйтсек, үшінші қабаттың ешқайсысы бос емес екен. Бәрінде тізіліп адам жатыр. Жарықтық пойызға аузы-мұрнына дейін толтырып, адам тиеп алыпты.
Қызық болғанда, бір әріптесім де осы пойызға билет алып, Сарыағашқа кетіп барады екен. Менікі 5-вагон болса, оныкі – 6-вагон, купе. Таңертең шай ішуге шақырып алдым. Келген беттегі әңгімесі вагонның жыры болды. Қызығы сол, оның төрт адамдық купесінде сегіз адам кетіп барады екен. «Бір адамдық орында бір отбасы жатыр», – дегенде не күлерімді, не аярымды білмей қалдым. Сөйтсе, бір төсекте әйелі, күйеуі және үш баласы жатыр екен. Ол аз десеңіз, кіреберістегі дәретханадан бастап, пойыздың екінші басындағы дәретхананың арасындағы жердің бәрінде тізіліп адам жатып алған. Аяқ басып жүретін жер жоқ. «Таңертең тұрып, купеден шықсам, түнде жерде жатқан жолаушылардың бәрі жерге дастарқан жайып тастап, таңғы асын ішіп отыр», – дейді әріптесім.
Міне, бұл – бір ғана пойыздағы көрініс. Қазақстанның түрлі бағытына жол тартқан пойыздар да дәл осындай көріністе кетіп бара жатқанына күмән болмады. Мерекелік демалыс болған соң, көбісі үйіне қайтып барады, енді біреулері – тойға, тағы біреулері туысқан аралап шығады.
«Анда бір апа ауырып отыр, орын бере тұрасың ба?»
Жалпы, ары-бері жолаушы жүріп байқағанымыз, жолсеріктердің көпшілігі «анда бір апа ауырып отыр, орын бере тұрасың ба?» дегенге ұқсас «бас тарта алмайтын өтініштерін» билетсіз алған жолаушылары үшін жақсы пайдаланады.
Түркістаннан қайтып келе жатқанда да дәл осындай болмаса да, билеті жоқ «қояндар» жүрді. Орта жолдан жасы 60-ты алқымдап қалған, ірі денелі бір апа мінді. Алыс сапарға жол жүріп барады екен. Жолсерік мырза стансыдан стансыға дейін босап қалған орындарға жатқызып, орын иесі келгенде өзінің орнына жатқызды. Біраз уақыттан кейін апамызға мүлде орын табылмай қалды. Түннің ортасына дейін отыра тұратын болып келісті. Біраз уақыттан кейін жолсерік сағат түнгі 2-де түсетін бізге келіп: «Анау жерде бір апа ауырыңқырап отыр, орындарыңызға жатқыза тұрсаңыздар қайтеді», – деп, жоғарыда отырған баланы төмен түсіріп, апаны соның орнына жатқызды.
Ал жоғарыдағы көршім екеуміз төмендегі бір орынға екі бүктеліп, сыйысып жаттық. Отыра тұрайық десек, екеумізді де ұйқы қысып барады. Сол күйі қатты ұйықтап кетіппін, түсетін уақытта оянсам, мойным қисайып қалыпты. Орныңды бермейін десең, қиылып тұрған жолсеріктің көңілін қимайсың, біреудің аяқ жағында отырып келе жатқан ападан да ұят.
Есептеп отырсаң, жолсеріктер осындай әдіспен әжептәуір мол ақша табады екен-ау. Сонда бұған тыйым болмаушы ма еді? Бұрын кез келген стансыдан кіріп келіп, билетсіз жүрген жолаушыларды тексеріп жататындар болушы еді. Біз жолаушы боп кетіп бара жатқанда да қолына папка ұстаған тексеруші қызметкерлер әрі-бері өтіп жүрді. Бірақ үшінші қабаттағыларды «көрмеді». «Жоғарыдағыларды басын көтеріп қарауға мойындары жар бермей қойған ба?» дедік те қойдық.
Мұның бәрі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының әбден салақсығанын көрсетпей ме? Көлеңкелі бизнестің белең алғаны сонша – «ауызбастырық» пен «бармақ басты көз қысты» әрекеттер әдеттегі нәрсе. Кассаға билет алуға бара қалсаң, «билет жоқ» деп ауыздарын қу шөппен сүртіп отырады. Ал амалын тапсаң, орын табылады. Кассадан билет бермей, амалдап кіргендердің вагон ішіндегі бос орындарды көріп таңғалғанын да талай көргенбіз.
Мұндай проблемалар біздің қазақстандық пойыздарда ғана кездеседі. Мәселен, біздің жерімізден өтетін Ресейдің пойыздарында ондай былық жоқ. Іші де тап-тұйнақтай. Артық адам артып жатқанын көрмейсің. Тәртіп мықты.
Ақшасы құрысын, қауіпсіздікті қайда қоямыз?
Осының бәрін газетке жазғызбай-ақ реттеуге болады-ау. Бірақ оған мүдделі ешкімді көріп тұрғанымыз жоқ. Әйтпесе бұл мәселені бір біз емес, талай ақпарат құралы жазған. Алайда жолаушылар тасымалындағы осы бір заңсыздықтар «ит үреді, керуен көшедінің» кебімен әлі жалғасып келеді. Жол бойы жолсеріктің қалтасына қанша ақша сүңгігенін есептемей-ақ қоялық, бірақ бір ғана осы сапардың өзінде мұндай «түсімнің» көлемі әлдеқайда қомақты екенін ішіміз сезді. Әлбетте, кассаны айналып өткен мұндай табыс компанияның дамуына жұмсалмайтыны айдан анық. Ақшасы құрысын дейікші, бірақ қауіпсіздік мәселесін қайда қоямыз? Құдай оның бетін ары қылсын, аузы-мұрны лық толған, адам жүретін жеріне дейін жолаушы жатқызып алған осындай бір вагон рельстен ауып кетсе қайтеміз? Мұндайда адам шығыны да екі-үш есе болмай ма? Ұлттық тасымалдаушы ҚТЖ қайда қарап отыр? Неге бақылау жоқ? Тым құрығанда, мерекелік күндері пойызға лық толтырып адам тиегенше, қосымша екі-үш вагон жалғаса болмас па еді? Мұндай сұраққа құрылған мақала талай баспасөзге өзек болғанын жоғарыда айтқан едік, бірақ жағдай өзгерген емес. Соған қарағанда, «тасымалдаушы компаниялардың өздері жағдайдың солай болғанына мүдделі ме» деген де ой келеді. Тасымалдың жақсарғаны кімге керек, тиісті қалталарға ақша құйылып жатса болды емес пе?
Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Мен көбіне «Көкшетау-Қызылорда» пойызымен жиі жүремін. Сонда вагонның дәлізінде толып шабадандарымен, үлкен сөмкелерімен жолды бөгеп отыратындарды байқаған кездерім болды. Кешегі Наурыз мейрамы кезінде де сондай жағдайлар болды. Түсінбейтінім, вокзалдан 10 күн бұрын, 15 күн бұрын болсын билет сұрасаң, «билет жоқ» деп тұрады. Бір қызығы, Астанадан билет жоқ деп тұрғанымен, Көкшетаудан билет бар боп шығады. Тура сол секілді қайтарда Шымкенттен билет сұрасаң, кассадан «билет жоқ» деп жауап береді, ал Қызылордадан алсаң, билет бар. Қызылордада бос орын болса, оны неғып Шымкенттен сатпайтынын түсінбейсің. Қызылорда мен Шымкенттің арасында бір жарым мың теңге айырма бар. Меніңше, сол мың жарым теңгені пайда көретін болуы керек. Пойыздағы қызметтің сапасы да сын көтермейді. Ешқандай сапа жоқ. Мерекелік күндері адам көп кезде вагон қосуға да болатын еді ғой. Мұндай «билет жоқ» деген проблема мерекелік күндері ғана емес, басқа күндері де кездесіп жатады. Бірақ сол билетті вокзалдан тыс даладағы жекеменшік кассалардан тауып аласың. Есесіне, 500 теңге үстіне қосып төлейсің. Бұл – олардың қызметінің ақысы. Сосын билет алып кірсеңіз, вагонның ішінде бір-екі купенің бос екенін көресің. Бұл бизнеске айналып кеткен. Әдейі қолдан билет жетіспейтін етіп қоятын секілді. Әйтпесе вагон қосуға болар еді ғой.
Әсем СЕРҒОЖАҚЫЗЫ, қала тұрғыны:
– Мен пойызға мінерде вокзал қызметкері киімін киген адам «жүгіңізге» деп 200 теңге төлетіп, қолыма түбіртек ұстатты және билетімнің артына мөр басып берді. Енді вагонға кірейін десем, жолсерік тағы 2000 теңге былай сұрайды, «әйтпесе кіргізбеймін» дейді. Мұны қалай түсінуге болады? Екіншіден, кассаға барсам, билет жоқ. Кассадан былай шыға бергенімше қасыма біреулер жетіп келіп: «8 мың теңге төлесеңіз, купелік орын тауып береміз, сенбесеңіз жүріңіз, жолсерікке барайық», – деп жалмаңдап тұр. Билет тапшылығын қолдан жасау деген осы емес пе?
Р.S.
Теміржол тасымалындағы билет құны тағы 10 пайызға қымбаттап жатыр. ҚТЖ-ның бұл шешімі жағдайды қаншалық түзейтінін қайдам, бірақ пойызға билетсіз міну мәселесін тіпті өршіте түсуі әбден мүмкін. Сондықтан жол ақысын қымбаттатқанша, кассаны айналып, жолсеріктердің қалтасы арқылы ағылып жатқан ақшалардың жолын кескен әлдеқайда тиімдірек болып, жолаушы тасымалынан түсетін заңды табыс та артатын еді-ау деп шамалаймыз.