Жаз мезгілінде теміржол көлігіне деген халықтың сұранысы күрт артады. Жазғы демалысын пайдаланып қалғысы келген халық көбінесе жолаушылар пойызын ыңғайлы көреді. Себебі ұшақ билетінің бағасы кез келгеннің қалтасына сәйкес келе бермейді. Рас, қазіргі таңда еліміздегі алыс-жақын қалалардың көбіне дерлік автобус қатынайды. Алайда алыс жолдарға тікеңнен тік отырып бару ыңғайсыз. Сондықтан халық үшін әзірге пойыздан ыңғайлысы болмай тұр. Осы орайда жолаушылар пойызының халыққа қызмет көрсету сапасы қаншалықты деңгейде екенін білмек ниетпен ІІ Алматы вокзалын бетке алдық.
Өйткені көктемде ғана пойыздарға тексеріс жүргізген көліктік бақылау инспекциясының өкілдері бірқатар кемшіліктерді анықтаған еді. Соның негізінде тиісті адамдар да жазаланған. Тексеріс қорытындысының бұлай шығуына себеп болған нәрсе вагондардың ішіндегі тазалықтың нашарлығы, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан жалаңаштанған электр желілерінің кездесуі, желдеткіштердің жұмыс істемеуі, тіпті кейбір вагондардан қайнаған судың табылмауы, жолаушыларға арналған шайдың электр қуаты арқылы емес, ағаш, көмірмен қайнатылуы, желдеткіштердің істемегенімен қоймай, вагон терезелерінің ашылмауы секілді жайттар еді.
Біз барған сәтте вокзал перронына Шымкент-Алматы (Отырар пойызы) пойызы келіп тоқтап жатыр екен. «Жол азабын жүрген білер» демекші, түсіп жатқан жолаушыларды әңгімеге тарттық. Өзін Гүлнар деп таныстырған апай:
– Осы жолда талай жүріп салқындатқышы бар вагонға мініп көрмеппін. Вагон терезелерінің ашылмауы жаздың аптап ыстығында өкпеңді қысады. Терезелер қарысып қалған. Қызмет көрсету сапасы төмен пойызда жүру әсіресе біз секілді жасы келген адамдарға қиын. Бірақ амал жоқ. Пойыздардың мұндай жағдайда жүргеніне қанша уақыт болды, бірақ тиісті орындар кемшіліктерін жоюды ескермейді. Бір кесапат болмай, вагондарды да жаңартпайды. Сондықтан апатты жағдайдың орын алғанын күтіп, осылай жол азабын тартып жүре береміз. Түсінбейтін бір жайт, вокзалға барсам, билет жоқ, ал вагондар бос келді. Бұл не сонда? Вагонда тәртіп сақталмайды. Жолаушылар мініп жатқанда, саудагерлердің тең-тең жүктерін арқалаған жүкші жігіттер жолаушыларды қағып-соғып мінгізбейді. Осы орайда жолсеріктер неге алдымен жолаушылардың мінуін бақыламайды? Ал әлгі жүктерді неге арнайы вогондарға жөнелтпеске? Айта берсең, әңгіме көп, тіпті жолсеріктер де мәдениет дегеннен жұрдай. Халыққа қалай қызмет етпек түгілі, қалай әдепті сөйлесуді де білмейді, – деді.
Вокзал перронында енді жүргелі тұрған Алматы-Симферопаль пойызына жақындадық. Ниетімізді байқаған жолсерік: «Бұл вагондарда салқындатқыш жоқ», – деп қысқа қайырды. «Салқындатқыш мүлдем жоқ па, әлде істен шығып тұр ма?» Жауап жоқ. Көңіліміздегі күдікті сейілту үшін одан әрі аяңдадық. Өзін пойыздың электр механигі деп таныстырған жігіт ағасы: «Салқындатқыштар фреонның жетіспеуінің салдарынан істемей тұр. Алдағы уақытта құйылайын деп жатыр», – деді.
Сонда жаз ортасы ауғанша жабдықталмаған керек-жарақ қай уақытта жабдықталып бітпек? Жаз мезгіліне вагондар алдын ала даярланбайтын болғаны ма деген көкейдегі көп сұрақ кеудемізде кептеліп қала берді. Жоғарыдағы Алматы-Симферопаль пойызы еліміздің Батыс Қазақстан аумағы арқылы үш тәуліктен астам жол жүріп, Ресей жеріне барып тіреледі. Жаздың ыстығында салқындатқышсыз үш тәулік бойына темірге қамалған халықтың жағдайын өзіңіз елестете беріңіз. Мұндай ұзақ жолдарда жүретін пойыздарда жоқ салқындатқыш қай пойыздарда бар екенін білмек ниетпен вокзалдың анықтама бөліміне маңдай тіредік. Анықтама бөліміндегі қызметкерлер: «Салқындатқыш московский, испанский пойыздарда, сондай-ақ Астанаға қатынайтын тройка, девяткаларда бар», – десті. Бұл пойыздардың өзінің жұп немесе тақ күндері ғана жүретінін ескерсек, халықтың белгілі бір бөлігі ғана салқындатқышы бар пойызбен қамтамасыз етілетінін түсінуге болады. Сонда Астанаға емес, еліміздің басқа аймағына жолы түсетін жолаушылар қайтпек?
Жолсеріктерден жаздың күні пойыз терезелерінің кейде ашылмай, «қарысып» тұрып алу себебін сұрағанымызда, олар: «Қыстай ашылмай тұрған терезе кейде жаздың күні де ашылуы қиын боп қалады. Оның үстіне кейбіреуі қыста бұрандалармен бекітіліп тасталады, содан ашылмай қалып қояды» , – деп түсіндірді. Осы орайда айта кетер жайт, жолсеріктердің айтуынша, теміржол саласындағы күрделі мәселе жолаушылар пойыздары вагондарының терезелерін сындыру фактісінің азаймай отырғаны екен. Пойыздар жолда базбір стансалардың үстінен өтуі кезінде бұзақылар пойыз терезесіне тас лақтырып, сындырып қашып кететін көрінеді. Жолдан қалғысы келмеген пойыз амалсыз әрі қарай сапарын жалғастыра береді. Ал мұндай бұзақылардың көбі таптырмай кетуі салдарынан қылмыс та жабулы қазан жабулы күйінде қалатын көрінеді.
Енді билеттің жайын білмек ниетпен билет сату кассасына барып, Астана бағытына билет сұрадым. Бір ай көлемінде билет жоқ көрінеді. Тағы келесі кассаға барып, Қызылорда бағытына жуық арада қашанға билет барын сұрағаныммен, тағы жақын уақытта билет жоғын естідім. Алайда пойыздан түскен жолаушылар сөзі пойыз ішінің көбінесе бос болып, жолдан мінген билетсіз жолаушылармен толығатынын айғақтап жатты. Бір кездері билетсіз жолаушы тасыған жолсеріктердің олжасын пойыз басшыларымен бөлісетіні жайлы ақпарат та тараған. Бірақ теміржол басшылары одан кейінгі қатаң тексеру шаралары аталмыш кемшіліктерді жоюға бағытталып жатқанын мәлімдеген болатын. Сонда сол берілген уәде жерде қалғаны ма?
Бүгінде жүз жылдан астам тарихы бар «Қазақстан теміржолы» компаниясында бұдан да өзге пойыздардың жиі кешігіп келуі, ақысы төленбеген жүктерді жолаушылардың өздерімен бірге алып жүруі, вагондар мен вокзал ғимараттарында санитарлық нормалардың сақталмауы, мүмкіндігі шектелген жолаушыларға жүріп-тұруға арналған пандустардың болмауы, вагондарда өрт дабылшысы мен өрт сөндіру құралдарының жоқтығы секілді заңбұзушылық әрекеттердің жылда кездесіп отыратынын ескерсек, жүз жылда дұрыс жолға қойылмаған теміржол жұмысының енді қашан ісі оңалар екен деген ой еріксіз мазалайды.
Жолаушылар пойызында жолаушыға жағдай жоқ
Последние статьи автора