Бетін камерадан бүркелейтін бұл келіншектің есімі – Қанипа. Жасы енді ғана жиырмаға толса да үш рет күйеуге тиіп, екі баланың анасы атанып үлгерген ол дін жолына 10 сынып оқып жүргенде келдім дейді. Орамал тағып, бес уақыт намаз оқыған бойжеткенге өзі секілді діндар жігіт ұсыныс жасаған.
Бұл туралы ол NUR.KZ порталының тілшісіне баяндап берді.
Құдай қосқан бірінші күйеу
«Бірінші күйеуім Алматының азаматы. Маған мектепті бітірген бойда үйленуге ұсыныс жасады, бірден келістім. Оқып жүрген кезімізде екі-үш рет кездескенбіз. Бір көргенде өте инабатты болып көрінген. Кейін үйленген соң мінезіміз шығыспайтынын түсіндік», - дейді намазхан келіншек.
Өзіне талақ айтқан жолдасынан қазір Мансұр есімді ұл тәрбиелеп отыр.
Ажырасқан келіншек бір баламен ұзақ жалғыз болмапты. Өзі секілді бес уақыт намаз оқитын жігітке үш айдан соң ақ некелі жар болған. Қанипаның су жаңа күйеуі бұл жолы әке-шешесіне ұнамапты.
Екінші жарыммен қалай ажырастым?
«Анам ол кісіні бір көргеннен ұнатпады. «Мынауыңмен ажырас немесе бізбен де араласпа»,- деді.
Анам базарда саудагер. Дін жолын түсінбейді. Мен анама қарсы шығып, үйден заттарымды алып, біржолата кеттім.
Ол кісі (екінші күйеуім) жайлы жаман айтқым келмейді. Таршылық көрмедім. Бәрін жасады. Телефон да алып берді. Балама да жақсы қарады. Бірақ, алты айдан соң өзінің бірінші әйеліне қайта кетіп қалды», - деген Қанипа екінші жарына тоқал ретінде тигенін мойындап отыр.
- Сіз сонда әйелі бар еркекке екінші әйел болдыңыз ба? (тілші)
- Иа. Бұл шариғатта да бар. Ата-бабамыздың ертеден келе жатқан салты ғой. Ер кісілердің бірнеше әйел алуға құқы бар.
- Сіз жассыз ғой, неге екінші әйел болуға келістіңіз?
- Исламда әйелдердің жалғыз жүруіне тыйым салған. Жалғызбасты болғанша, иманды еркектің үшінші жары болып, ұрпағын көбейту сауапты іс болып саналады.
- Сіз балаңызды, өзіңіздің болашағыңызды ойламадыңыз ба? Оқу оқып, жұмыс жасасам деген ой жоқ па сізде?
- Дін жолындағы келіншектер үшін оқу-білім, мансап пен ақша маңызды емес. Олардың басты мақсаты – отбасы құрып, өмірге көп ұрпақ әкелу. Ал, олардың тамағы мен болашағын ер кісілер қамтамасыз етуге міндетті. Сондықтан мен дүние, жұмыс жайлы ойлағым келмейді. Бұл ұсақ нәрсе.
- Үшінші күйеуіңіз қайда?
- Түрмеде. Бұзақылық жасағаны үшін сотталып кетті. Баласы туылғанша шығатын шығар. Қайта қосыламыз деген үміттемін.
Келіншек соңғы күйеуі болмашы нәрсеге бола тастап кеткенін айтады.
- Ол кісімен екі рет ажырасып, екі рет қосылдық. (күледі) Бұл жолы да бірге боламыз деп ойлаймын. Ол Мансұрды қатты жақсы көреді. Ішімдегі бала туылса қайтып келеді деген сенімдемін. Балажан кісі ғой.
Құжатсыз неке
Қанипа қазір үшінші күйеуінен екіқабат. Жүктіліктің жетінші айында. Бұл жарының қанша әйелі бар екенін айтпады немесе өзі де білмейді.
Бір қызығы, ол үш рет әртүрлі еркекке тұрмысқа шықса да, ешбірімен заңды түрде некеге тұрмаған. Үшеуімен де некені мешітте имамның қатысуымен қидырған.
Хиджабтағы келіншек қанша қиындық көрсе де, «Бес уақыт намазды тасмаймын, орамалымды да шешепеймін. Бірнеше рет тұрмысқа шығу - өмірдің сынағы» деп қабылдайды.
Мен жалғыз емеспін
"Мен намаз оқымайтын қыздармен сөйлеспеймін, дос та бола алмаймын. Өзім секілді тек дін жолындағы, жүрегінде иманы бар әйелдермен араласамын. Солардан түсінгенім, мұндай оқиғаны бастан кешірген мен ғана емес.
Айнабұлақ ықшам ауданында бір танысым бар. Ол күйеуінің бірінші әйелімен және төрт баласымен кішкентай пәтерде өмір сүріп жатыр. Ең бастысы - ер-азаматтың мықтылығы. Ол әйелдеріне тең қарайды. Менің де жағдайымды жасаса біреуге үшінші әйел болуға немесе келесі күйеуіме үш қызға үйленуге рұқсат беремін", - деп сөзін тәмәмдады Қанипа.
Ислам танушы Әділ Алаубай намазхан келіншекті «дін жолында адасушы» деп атады.
"Қанипа қарындасым дін жолында адасып жүр. Шариғатта «әйелдің жұмыс жасамасын» деген жері жоқ. Пайғамбарымыздың жарлары қолөнермен айналысып балаларын бағуда күйеулеріне көмектескен.
Негізінде жат ағымның жетегіндегі ер кісілер әйелдерді бұғаттап ұстау үшін құрандағы хадистарды бұрмалап пайдаланды.
Мысалы: «отбасыны бағу еркектің міндеті» дегенді олар әйел мүлдем жұмыс жасамасын, үйде отырсын, еш жерге шықпасын деп келіншектерін қоғамнан аластады. Ондайлар өте көп. Жасыратыны жоқ, милары уланған мұндай азаматтардың барлығы қалыпты өмірге қайтуы екі талай.
Себебі, олар имамды, исламды, психологты да елемейді. Көбінше білікті маманнан гөрі бауырларын ғана тыңдайды. Өздерінің заңы бар. Олардың қоғамнан алыстауына діни сауатсыздықтары себеп. Ал, Қанипа үш рет күйеуге шығуына исламды сылтау етпеуі керек. Ол әйелдің жеке басының ақымақтығы.
Күйеуге шығуға шариғат керек, ал талақ айтқан күйеулері балаларына, әйеліне қарамай кетеді ол кезде шариғат керек емес пе? Исламда көрсетілген: ажырасқан еркек баланы өзіне қалдырады және кәмілет жасына толғанша елден кем етпей асырау керек деген. Неге ол әйел бұрынғы күйеулерінен туған балаларын өзі жетектеп жүр?
Мәселені неге ислам жолымен шешпеді? Осы мақаланы оқыса Қанипа қарындасым және өзге де осындай ұстанымдағы қыз-келіншектер қаладағы кез-келген мешіттегі имамдар сіздерге ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін дәлелдеп, көмектесуге дайын екенін ұмытпаңыздар", - деп сөзін нақтылады исламтанушы.