Жігіттер қандай бойжеткендерді әйелдікке лайық санайды?

Жігіттер қандай бойжеткендерді әйелдікке лайық санайды?

Ертеректе қазақ жігіттері қалыңдықты қалай таңдаған және бүгінде аруларға қандай талаптар қояды? Мамандар ажырасу жағдайының өсуі жар таңдаудағы шарттардың толықтай өзгеруінен деген пікірде.

Қазақта «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» деген мәтел бар. Әрине, мұны жаман қатынның қайдан шығатынын білмегеннен бұлай айтып отырған жоқ, мәтелдің мәні де осылай айтылуымен құнды. Тарқатып көрелік.
Кез келген дүниені бағалағанда оның белгілі бір критерийлермен бағалануы заңдылық қой, сондықтан біз әуелі қазіргі қоғамда қандай қыздар «жақсы» аталатынына талдау жасап көрелік. Әрине, әркім әр түрлі көзқараспен бағалайды, біз тек басым көпшілік адам осылай қарайды деген мөлшермен алып отырғанымыз түсінікті шығар. Десе де отырып алып өз ойымызбен долбар жасаған жоқпыз, дос-жаран, құрбы-құрдас, тамыр-таныстармен аз-кем пікірлестік те. Сонымен, қысқартып, нақты айтқанда қазіргі көпшілік адам қыздарға мынадай талаптармен қарайды екен:
Бірінші өңі әдемі, сұлу болса, екіншіден бардам жердің қызы болса, үшінші жақсы университетте оқыған болып, оны қызыл дипломмен бітірсе тіпті жақсы, ағылшын, орыс тілдеріне жүйрік болса тіпті керемет, көлік жүргізе алатын, кез келген ортада өзін еркін сезініп, ойын ашық айта білетін болса, міне заманға лайық! Ал, қараңызшы, өзі сұлу, өзі оқыған, өзі машиналы, өзі тілге жетік… осы қыздан қыз өте ме? Біздің қоғамда «менмін» деп жүрген қыздар да осылар.
Енді осы қыз күйеуге тиді делік. Мәтеліміздің мәні ашыла бастайды, ағайын. Неге? Өйткені, ол енді басқа сатыға өтті. Яғни «жар», «келін» деген статусқа ие болды. Оның талаптары да басқаша әрине. Қыз күніндегі «кереметтері» мұнда жарамай қалды. Енесімен ағылшынша сөйлесудің қажеті жоқ, қызыл дипломы атасына да пәлендей әсер ете қоймайтын секілді, машина жүргізгенінің қайнағасына қанша қажеті бар деген секілді… олар басқа нәрсе талап етеді. Тіпті оларды қоя берелік, «келін оның бәрінің талабын қанағаттандыруға міндетті емес» деп шығатындар бар ғой, соны да ескерелік. Сол үшін оларды ысыра тұрып, жас келіншектің күйеуімен қарым-қатынасына келейік.
Қазақта «Қызмет қыл да міндет қыл» дейтін тағы бір мақал бар. Яғни, ай бойы жұмыс істеп, содан кейін ай соңында айлық аласың. Қысқасы, алдымен қызмет көрсетесің, сосын міндет артасың. Ал, біз жақсыға санап отырған жаңағы қыздарда қызмет қылудан гөрі міндет қылу психологиясы әлдеқайда асқынып кеткен болып шығады. Бір құрдасым қымбат маркалы көлік мінген байдың ерке қыздарын көргенде, «дұрыс қой енді, құрылыста жұмыс істеп, табан ет, маңдай терімен тапқан ақшасына алып мінген көлігі ғой» деп кекететіні болушы еді. Тура солай болмаса да, көп жастардың ата-анасының дәулетіне немесе қамқорлығына иек сүйеуі осы бір міндет қылу психологиясын асқындырады. «Баймен мырза жарасқыш» дегендей дәл сондай қыздарға сондай жігіттер үйірсек келеді екен. Содан кейін бай байға, сай сайға құйып құдалық басталмақ. Қош, сонымен міндет қылғыш жігіт пен міндет қылғыш келіншек бір үйде тұрып жатыр деңіз. Анау жігіт қатын алдым ғып байпағын шешіп лақтырып тастап, башпайын қайқайтып жатыр деңіз, мына келіншек оны жерден іліп алып жуып-шайып, «тағы нең бар?» деп қиылып тұра ма? Мәселе осылайша ақырындап алдыға жылжи бастайды. Негізі «қызмет қыл да, міндет қыл» қағидасы бойынша болса бір қадам артқа, бір қадам алдыға болуы керек еді ғой, ал міне жерде екеуі де – алдыға! Бір-біріне қарама-қарсы келе жатқан екеу апта өтер-өтпесте «жүздесіп» қалады. Анау да, мынау да шарт кетеді. Сол күннен бастап босаға босап, шаңырақ шайқала бастайды.
Міне, жаман қатын осы жерден шығады. Қыз күніндегі артықшылықтарының бәрі келіншек болғанда жарай бермейді. Қазақ «барған жеріңе тастай батып, судай сің» деп неге айтты? Тас түбіне дейін батады, су барлық жерге сіңеді. Күйеуінің туған-туыс, жақындарына да бірдей қара, иіл деген мағынада айтылып тұр. Ондай келіннің сыйы – кейін түгел әулет түп қотарыла сыйлайтын әулет анасы. Келінге беташар айтқанда неге кішкентай қайнына дейін сәлем салдырады? Ол бұл әулеттегі кіп-кішкентай мына баланың өзіне құрмет қыласың деген емеурін. Оны тікелей айтпай, осындай жанама тәсілдермен түсіндірген ғой аталарымыз. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген ұлы қағида қазақтың кісілік қарым-қатынасының шыңы ағайын! Осындай ұлы қағидалар қазақтың отбасы бақытын осы ғасырға дейін сүйреп келді. Бірді айтып бірге кетті демессіздер, осындай мәселелер қозғалғанда ой орамы еріксіз өткенге алып қашады. Көз алдыңда жетімі жыламаған, жесірі қаңғымаған, ажырасу деген атымен жоқ қазақтың берекелі де мамыражай тіршілігі келе береді…
Сонымен, тақырыпқа оралайық. Қазақ қалай жар таңдаған?
Жоғарыда айтқан, бүгінгі қыздарға қойылатын критерийлер секілді атап айтар болсақ:
«Шешесін көріп қызын ал», «Текті жердің қызы». Өңі әдемі, сұлу болса әрине жақсы, бай, бардам жердің қызы болса тіпті де жақсы. Ең бастысы, имани тәрбиесі, парасаты. Оның аталары кім болғанын, анасы қандай екенін қузалап отыруы қыздың тәрбие, әдеп, ақыл-парасаты жөнінде мағлұматқа ие болу. Соны маңызды көргеннен солай істейді.
Біздің пайымша, сол имани тәрбие, ақыл-парасат дегеніңіз – единица. Яғни «1» деген цифр. Қалғандары сол 1-ге жалғанатын 0-дер. Енді 1-ге сұлулықты қос – 10, оған ағылшын тілі, қызыл дипломын қос – 100, оған көлік жүргізуін, іскерлігін қос – 1000!.. Кете береді… алтындана береді, асылдана береді. Керемет! Ал, тағылымды отбасынан көрген тәлімі, сүйегіне сіңген тәрбиесі болмаса, Абай атам айтқандай шаруа. «Единица болмаса, не бітірмек өңкей нөл»! Қазіргі «менің қызым керемет» деп көкірек керіп жүрген көп аналар сол көп нөлдерге сеніп жүр, көп нөлдерді көріп жүр, алданып жүр соған.
П.С. Аса қадірлі, аяулы оқырман! «Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда өңі қашатыны» бар емес пе, айтпақ ойымызды шашыратып, шаршатыңқырап алдық. Тіпті кейбір мысалдарым дөп түспегендей, әңгіменің ауаны тақырыпқа емес, бүгінгі байдың қыздарының жай-күйіне ауып кеткендей болғаны да аңғарылады. Негізгі айтпағым жалпылық жағдай еді. Әйтпесе, бұрынғы қазақтың жар таңдауы қазір де жоқ емес, сондай келін, сондай күйеулер қазір де көп. Қысқасы, дендеп тұрған дертіміздің (әсіресе ажырасудың) кейбір себептеріне үңіліп, шамамыздың жетісінше ойымызды ортаға салдық. Енді оны өзіңіздің көңіл дүрбіңіз екшеп, кей тұсын алыстатып қарап, кейбір тұсын жақындатып көріп дегендей өз сарабына сала жатар. Бұдан да өзгеше ой, шынайы фактілермен толықтыра түссеңіз тіпті де жақсы. «Қыз күнінде қыздардың бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» деген даналық мәтелге байланысты біздің айтпағымыз мөлшермен осы.
Ұларбек Нұрғалымұлы

namys.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста