Жетісу жеріндегі «майдан»

Жетісу жеріндегі «майдан»

Әскери оркестр. Жер жәннаты саналатын Талдықорған қаласындағы әскери бөлімнің аэродромына қонып, ұшақтың борты ашылған бетте бізді күтіп тұрған әскери оркестр әуеніне басып сала берді. Ерекше әсер қалдыратын әскери марш көңіліңді бір серпілтіп тастайды екен. Ұшақтан түсе қолымызға үш күндік бағдарлама ұсынылды. Бірінші күн – десанттық шабуылдаушы бригада. Екінші күн – авиациялық база. Үшінші күн – әскери полиция отрядына сапар.

Қонақүйге жайғасқан соң кешкі асқа тарттық. Дастарқанның басына еліміздің Қарулы Күштері штаб бастықтары комитеті төрағасының орынбасары, генерал-майор Мұрат Майкеев бастаған бір топ жайсаңдар жиналыпты. Әңгіме барысында Қазақстан Қарулы Күштері ТМД елдері бойынша үшінші орында екенін білдік. Осыдан кейін саптағы жауынгерлерімізді көруге деген құштарлық одан сайын артты. Ертеңгі күнді тағатсыздана күттік.

Десант тағдырына тігінші жауап береді
Әскери тәртіппен таң атпай ерте тұрып, десанттық шабуылдаушы бригадаға тарттық. Ең әуелі десанттардың жатын орнымен танысып, тігін және прибор шеберханасына бас сұқтық. Тігін шеберханасы парашюттердің дорбаларын, «күмбезін», тағы басқа дүниелерін тігіп, жыртығын жамайды екен. Мұндағы бізді таңғалдырған дүние – тігіншіге жүктелген аса үлкен жауапкершілік. Тігінші тіккен парашют не дорба десант әуеден секіргенде жыртылып кетсе, сол адамның өміріне тігінші өз басымен жауап береді. Сол себептен де тігінші парашютті тігіп болған соң арнайы құжатқа қол қояды. Қысқасы, сабақтаулы ине – десант тағдырының себепкері.  

Секіріп жүріп шепті жарған
Сыртқа шығып, десанттардың күндегі тынымсыз жаттығуларының куәсі болдық. Парашюттен секірмес бұрын десантты алдын ала моральдық-психологиялық дайындықтан өткізу үшін 25 метрлік «проничев мұнарасынан» секіртеді екен. Осы мұнараға жақындай беріп едік, аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының орынбасары, полковник Қайрат Байымбетов бұл мұнарадан бізге де секіріп көруге кеңес берді. 25 метрлік мұнара жерден қарасаң аса биік емес сияқты еді, үстіне шыққан соң бастапқы ойыңнан айнып, өкінеді екенсің. Артқа қайтар жол жоқ, енді бәрі де кеш. Бір жағынан ел алдында абыройдан жұрдай болғың келмейді. Ескерер жайт, журналистер бұл мұнарадан еш дайындықсыз секірді.

Сондықтан да мұның өзін ерлік деп санауға болады. Нағыз десант барлық – дайындықтан өтіп барып, соңғы кезеңді осы мұнарамен қорытындылайды. «Проничев мұнарасынан» бес рет секірген десант қана ұшақтан секіруге рұқсат алады», – дейді Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Әділбек Алдабергенов. «Рязанов училищесінде оқып жүргенде 450 десанттың арасында мен ғана жалғыз қазақ болдым. Содан ұшақтан парашютпен секіру керек болды. Қанша дайындалғанмен ұшаққа келгенде бәрібір жүрексінеді екенсің. Секіруге қатты қорықтым. Бірақ қазақтың намысы жібермеді. Көзімді жұмдым да, секіріп кеттім», – деп Әділбек Алдабергенов өзінің алғашқы секіргендегі сезімін айтты.

Оқтан озатын ұшақтар
Келгелі бері күннің көзін көре алмадық. Аспанды екі күн бойы бұлт торлап, сұрланып, күңгірттеніп тұрып алды. Тек авиациялық базаға барар күні ғана күн шайдай ашылды. Жолымыз болды. Әскери ұшақтардың көкте самғайтынын көретін болдық деп қуаныстық. 604-ші авиациялық базаның командирі, полковник Дәурен Қосанов өзі де СУ-27 ұшағына мінді де, ұшақтардың бірімен жұптасып көкке қарай атқан оқтай зулап ұшып кете барды.

Қолданыста жүрген СУ-27 ұшақтарын Белоруссиядан келген мамандар жаңғыртып жатыр екен. Яғни мүмкіндігін арттыруда. Әскери әуе техникаларын жаңғыртуды жүзеге асырып жатқан белоруссиялық мамандар «Су-27-нің қазіргі мүмкіншілігі заман талабына төтеп береді», – дейді.

Ұшақтың қасына тізілген небір зымырандарды көрдік. Олар екі түрге бөлінеді екен, басқарылатын және басқарылмайтын. Басқарылатын зымырандар ұшақтың соңына түскен соң, одан ұшақ ешқайда қашып құтыла алмайды. Тек әскери ұшақтардың артында арнайы жарық шоқтары болмаса. Бұл шоқтар өте жоғары температурада қызып шашырағанда, двигатель қызуын сезіп, ізге түскен зымыран жолынан жаңылысады.

Ұшқыштарымыздың мергендігін көрмек болып авиациялық базадан 40 шақырым жердегі Қызылағаш сынақ алаңына аттандық. Жол көк тайғақ. Итшілеп отырып бір жарым сағатта әрең жеттік. Жеткен бетте базаға хабар бердік. Ол жерден ұшақтар да ұшып шықты. Сағатына 2500 шақырым жылдамдықпен ұшатын ұшақтар 40 шақырым жерден алты-жеті минутта ұшып келді. Нысанаға көз салып тұрдық, ұшақтан атылған зымырандар да жердің ақ шаңын шығарып, нысанаға дөп тиіп жатты. Көк аспан – көк байрағымызға бұлт үйірілтпей жүрген ұшқыштарымыз барда ұйқың да тыныш екен.

Иісшіл иттен иіс іздедік
Қайтар күні Талдықорған гарнизонының әскери полициясы бөліміне бас сұқтық. Бұл бөлім гарнизондағы әскери қызметкерлер арасында құқықтық және әскери тәртіпті қамтамасыз етеді. «2008 жылы 37 қылмыс тіркелсе, 2009 жылы Талдықорған гарнизонында 28 қылмыс тіркеліп, 24 пайызға кеміп отыр», – дейді Алматы гарнизонының аймақтық әскери полиция бөлімінің бастығы, подполковник Болат Қаракүшіков.

Бізді қызықтырғаны Линда, Дак және Лорд болды. Бұлар екі аяқты адам емес, төрт аяқты иттер. Ит деген аты болмаса, ит деуге қимайсың. Линда – есірткі заттарының, Дак – жарылғыш заттардың, ал Лорд қару-жарақтардың иісін алып, ізіне түседі. Үшеуі де тапсырманы мүлтіксіз орындады. Жарылғыш заттарды тапқан ит өте сақ болмаса, атылып кету қаупі бар. Осыны түйсінген Дак табылған жарылғыш заттың қасына барып, қонжиып қана отырды. Иісшіл ит ізінен жаңылыспаса, ол үшін үлкен абырой екен ғой.

Осындай ақылды иттерге неге қазақша ат қоймасқа?! Қазақтың да аты аңызға айналған небір төбет, тазылары көп қой. Таймас, Алыпсоқ деген аттардың тақиямызға тар келетіндей несі бар?

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста