Желтоқсан тағылымы

Қазір мектептер мен колледждерде «Тәуелсіздік сабақтары» атты апталық өтуде. Осыған байланысты жас мемлекетіміздің өз Тәуелсіздігін алған алғашқы кезеңдерінде ерекше қайрат көрсеткен, еңбек сіңірген белгілі саясаткерлермен, заңгер ғалымдармен, жазушы-журналистермен және желтоқсандықтармен жүздесулер ұйымдастырылуда. Біз төменде «Желтоқсан» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, журналист- жазушы Қайым-Мұнар Табеевтің А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебі ұстаздары мен оқушылары алдында сөйлеген сөзін ұсынып отырмыз.

Дүниені дүр сілкіндірген 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі империяның құрсауында шынжыр боп шырмалған, бұғау боп күрмелген қазақ халқының ұлттық езгіге қарсы үздіксіз күресінің заңды жалғасы болып табылады. Бабаларымыздың:

Еділді келіп алғаны,
Етекке қолды салғаны,
Жайықты келіп алғаны,
Жағаға қолды салғаны,
– дейтін зар заманнан басталған талайлы тағдырының, арман-мақсатының, күрсінісі мен күңіренісінің бар болмысын танытатын қайсар өрлігінің жалғасы.

Өкінішке орай, жасындай жарқ еткен осынау Желтоқсан көтерілісі уақыт қойнауына сіңіп, алыстап бара жатса да, саяси-тарихи тұрғыдан әлі де болса жан-жақты сараланбағаны рас. Бұл туралы еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында былай деп жазылған: «...Күнделікті күйбеңмен жүріп, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын толық дәрежеде бағалап үлгерген жоқпыз». Иә, әділ айтылған тұжырым деп білеміз. Өйткені – қасиетті Желтоқсан – біздің тарихымыздың бөлінбес бөлшегі. Оны білу, зерттеу, қастерлеу – бәріміздің парызымыз.

Желтоқсан көтерілісі туралы жазу қаламгер ретінде маған бір жағынан оңай болса, екінші жағынан қиынға соқты.
Оңай болатыны – қазақ халқының тағдырында мәңгілік ізі қалған айтулы көтерілісте үш күн бойы алаңда жүрдім. Барлығын өз көзіммен көрдім. Жақсы мен жаманды, әділеттілік пен әділетсіздіктің айырмашылығын көңіліме түйдім. Желтоқсан менің ұлттық намысымды оятты, жүрегіме жалын, жаныма от берді. Сөйтіп, қолыма қалам алуыма тікелей әсер етті. Сонан соң Мұхтар Шаханов басқарған Парламенттік комиссияның сарапшылар тобында, Сафуан Шаймерденов басқарған Қазақстан Жазушылар одағы жанынан құрылған құқықтық комиссияда жауапты хатшы қызметтерін атқарғаным да өз көмегін тигізді. Көргендерімді көңіл зердесінен өткізе отырып, комиссияда жинақталған нақты деректерді қосып, оқырмандар назарына төрт кітап ұсынсам, ол – өмірлік тәжірибемнің жемісі.

Ал Желтоқсан туралы жазудың қиын болғаны – 1986 жылғы 16 желтоқсанда болып өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумынан бастау алған, үш күнге созылған дүбірлі оқиғалар ағымын сағаты мен минутына дейін мұқият зерттеп, құпия құжаттарды тауып, айналымға қосу, баспасөзде жариялау – айтуға ғана жеңіл болғанымен, өте азапты жұмыс еді. Ол жұмыс аса ыждаһаттылықпен қатар, көп уақытымды алды. Мен бұл тақырыпқа он жылдық шығармашылық ғұмырымды арнадым. Оның үстіне, ұзақ уақыт кеңестік жүйенің қудалауына ұшырап, КГБ мен прокуратураның қадағалауында жүргенім тағы бар.

Иә, ақын ағамыз айтқандай, «күрсінгенде күн күркіреп, сілкінгенде Жер тітіренген» қилы-қилы сәттер бастан өтті ғой. Ақиқаттың жолы қашан да ауыр екенін мен сонда сезіндім. 86-ның желтоқсанында республикалық «Лениншіл жас» газетіндегі тілшілік қызметіме жаңа кіріскен кезім еді. Біз – Абай атамыз айтқандай, «күшігінен таланған» ұрпақтың өкіліміз. Барлық замандастарым секілді мен де ауылда туып-өстім, қазақы тәлім-тәрбие алдым. Арман қуып, астанамыз Алматыға жеткенімде, асып-тасып келген көңілім су сепкендей басылды.

Ресейдің бір қаласына келгендей күй кештім. Кеңселердегі сөз – орысша. Көшедегі сөз – орысша. Тіпті  автобуста ана тіліңде сөйлесең, қасыңда тұрған кез-келген жирен шаштыдан ескерту аласың. Зауыт, фабрика дегендерге мүлде бас сұға алмайсың. Босағадағы күзетшісінен бастап, қожайынына дейін өзге ұлттың өкілдері. Оны былай қойғанда, миллионнан аса халқы бар үлкен қалада екі интернатты қоспағанда, қазақша оқытатын бір-ақ орта мектеп бар екен. Сұмдық қой! Осылайша біздің ұрпақтың пешенесіне жазған рухани кемсітушілік пен ауыртпашылықтардың барлығын көрдік. Бір құладық, бір тұрдық. Мүмкін, бұл біздің рухани шыңдалуымызға себеп те болған шығар. Менің замандастарымның бәрінің де бастан кешіргені осы тірлік еді. Іштей қиналсақ та, шыдадық.

Бірақ  көнбістіктің де шегі болады ғой. Жан-дүниемізді сыздатқан осынау бітеу жара Желтоқсанның ызғарлы күндерiнде бірден жарылды. Алаңға қан болып төгілді...

1989 жылғы 14 қарашада «Қазақ әдебиеті» газетінде «Желтоқсан жаңғырығы» атты ең алғашқы үлкен зерттеу  мақалам жарық көрді. Жарық көргенде, Бас редактордан бастап, бүкіл редакция алқасы қол қойып, әрең шығардық қой. Кейінірек бұл мақала орыс, әзірбайжан, латыш сияқты 12 тілге аударылып басылды. Дәл осы күндері Жоғарғы Кеңес депутаттары Шахановтың Желтоқсан туралы баяндамасын жабық жағдайда тыңдап, жұртқа жеткізбей басып тастаған еді. Менің мақалам осы баяндамамен үндес болғандықтан, мәңгілік  мызғымастай көрінген коммунистік жүйе үшін бомба жарылған секілді әсер етті.

Бүгінгі ұрпақ мұны түсінбеуі мүмкін, ол дәуір Коммунистік партияның күшті кезі. Қылышынан қан тамып, дүрілдеп тұрған кезі. Орталық Комитет, Алматы қалалық, Совет аудандық партия ұйымдары, Прокуратура түгел шулап қоя берді. «Бұл кім?», «Қайдан шыққан бәле?», «Тез анықтаңдар, аузын жабыңдар!» деген тапсырма болған болуы керек. Орталық партия Комитетіне шақыртты. Бармадым. «Мен коммунист емеспін, неменеге барамын?» – дедім Бас редакторға. «Өзің біл, әйтеуір сақ болшы», – деді газеттегілер. Ақыры жоғарғы жақ КГБ-ны іске қосты. Бардым. Қалалық Прокуратура шақырды. Бардым. Тергеуден тергеу. Бір жылдай сенделтті ғой. Осының барлығы психологиялық жағынан өзіме де, отбасыма да ауыр тигенін жасырмаймын.

 Иә, бастан бәрі де өтті. Ұйқысыз түндер, мазасыз күндер... Қазір мұның бәрі айтуға оңай көрінгенімен, ол кездегі уақыт, саяси жүйе мүлде басқа еді. Қалам ұстаған жандарда ой еркіндігі дейтін ұғым мүлде болған емес. Бар өмірің шектеу мен шеңбердің ішінде өтетін. Тоталитарлық жүйені көрген әрбір қазақтың жүрегінде ұлттық кемсітушіліктің ізі мәңгілік қалды деп ойлаймын. Ащы да болса, бұл – шындық. Тәуелсіздік алдық деп, бөркіміз қазандай болғанымен, біз мұны ешқашан ұмыта алмайтын шығармыз. Және ұмытуға болмайды. Өйткені біздің тауқыметті тағдырымыз кейінгі жас ұрпаққа тағылым болуға тиіс. Олардың Тәуелсіздіктің қандай тәтті сөз екенін ұғынуы үшін де осыны айта беруіміз керек.

Шын мәнісінде сол кездегі қазақ жастарының, менің замандастарымның өз ар-намысын таптатпау үшін Мәскеудің темір құрсанған қалың әскеріне жалаңаш қолмен қарсы шығуын теңдессіз ерлікке балар едім. Иә, мен бар болғаны осы замандастарымның көзсіз ерлігін боямасыз хатқа түсірдім. Намысы қайралған сәтте ақ найзадай тесіп сөйлейтін, ақ қылыштай кесіп сөйлейтін кешегі көк түріктің бүгінгі ұрпағының сөзін сөйледім.

«Қаймана қазақ қамы үшін,
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.
Сөйлесем даусым жетпейтін,
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой,
Басты себеп жанжалға...
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты – құрбандық,
Атам десең, атыңдар!»
– деп, сот алдында тайсалмаған Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің азаматтық үні – сол кездегі барлық жастардың жанайқайы еді.

Ал енді, ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілісінің батыры Махамбетті тыңдап көрейікші:
«Тебінгіні терге шірітіп,
Терлігін майдай ерітіп,
Ат үстінде күн көріп,
Ашаршылық шөл көріп,
Найзасынан қан тамып,
Қанды көбік түкіріп,
Жолбарысша жорытып,
Бөрідейін жол тартып,
Жауырынына мұз қатып...
Еңку-еңку жер шалмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Ерлердің ісі бітер ме?..»

Арада бір жарым ғасыр салып, бірін-бірі қайталаған, бірін-бірі толықтырған екі ұрпақтың өр дауыстарында ұқсастық бар ма? Бар. Тіпті, «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың патшалық және кеңестік жүйе тұсындағы тағдырлары да ұқсас.

Оқиға басталған күні-ақ Мәскеуден шұғыл ұшып келген КСРО iшкi iстер министрінiң бiрiншi орынбасары, генерал-полковник Б.Елисв, КСРО Бас прокурорының орынбасары О.Сорока, КСРО КГБ төрағасының орынбасары Ф.Бобков бастаған штабтың іс-әрекеті жазалау шараларының қатаң жүргізілуіне ұласты. Республика басшылығынан бұл штабқа Г.Колбин, ОК-тің екiншi хатшысы О.Мирошхин, ішкі істер министрі Г.Князев, КГБ төрағасы В.Мирошник қана енгiзiлді. “…Оқиғаның басынан аяғына дейiн республиканың жергiлiктi басшылық өкiлдерi жағдайдың даму барысына ықпал ету мүмкiндiктерiнен айырылды,” – деп жазған қазақ басшыларының шарасыз халін түсінгендей боласың.

Күштiң теңсiздiгi, милицияның дойыры мен солдаттардың сапер күрегi, бронемашиналар мен өрт сөндiргiштер, тамыры тереңге кеткен партократия өмiрiмiзге ендi ене бастаған балаң демократия мен жауқазын жариялылықтың үнiн осылай тұншықтырды. Кешегі арғымақ мінген, ақсауыт киген, ен далада жүрген қайран қазақтың жастары емендей опырылды, қоғадай жапырылды. Үш күннiң оқиғасы – осының айғағы. Көтерілісшілердің іс-қимылын басып-жаншу үшін 7618 әскер, 15 БТР, 20 өртсөндіргіш машина қолданылды. Алматы қаласының 70-разъезінде арнайы танк полкі №1 әскери әзірілікте тұрды.

Көшеге қалың әскермен бірге, 10 мыңнан астам жұмысшы жасақшысы шықты. Оларды арнайы бөлінген автобустармен алып жүрді. Жұмысшы жасақшыларын ұйымдастыруға Алматы обкомының 1-хатшысы М.Меңдiбаев пен қалалық комитеттің 1-хатшысы Г.Шулико тікелей жауапты болды. Қалалық партия комитетінің бөлім бастығы А.Хмызов, Москва және Октябрь аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшылары Ю.Ежков, Ю.Мещеряков дегендердің шолақ белсенділігі, тіпті шектен асып кетті. Оған Алматы электр техникасы зауытының бұрынғы директоры Еркiн Қадыржановтың мына бір сөзі куә: “17 желтоқсанда мен зауыттан жасақшылар жинап, оларды алаңға апару туралы Октябрь аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Мещеряковтан шұғыл бұйрық алдым. Алаңдағы қарсылықты басу үшiн оларға арматурадан арнайы темір кесіндісін қиып беру ескертiлдi”.

Осы деректердің өзі-ақ партия көсемдерінің асыра сілтеушіліктен туған қателіктерін бүркемелеуге, болған жағдайды тек «ұлтаралық жанжал» ретінде көрсетуге ұмтылғанын дәлелдейді.

Қалаға кiреберіс тоғыз жолдың торабы толық бекiтiлдi. Кірген-шыққан көлiктер жаппай тексеруге ұшырады. Бұл бір сөзбен айтқанда, әскери-коменданттық тәртіп еді.

Ол күндері Алматыда ғана емес, еліміздің барлық облыс орталықтарында жаппай толқулар өткенін бүгінгі көпшілік білмейді. Мәселен, Қарағанды университетi мен Дәрiгерлер институты, Шығыс Қазақстан Көлік жолдары институты, педагогикалық техникумы, Алматы облысы Шамалған су шаруашылығы техникумы, Жезқазған педагогика институты мен Қарағанды политехникалық институтының филиалы, Талдықорған педагогика институты, Көкшетау ауыл шаруашылығы институты, Есеп-бухгалтерлiк техникумы, №1-кәсiптiк-техникалық училищесі, Павлодардағы бухгалтерлік-экономикалық техникумы, Целиноград инженерлiк-құрылыс институты т.б. жерлердегі оқу орындарының студенттері алматылық жастарды қолдап көшеге шықты. Қарап отырсаң, қашанда қатыгездіктің қолтаңбасы бірдей. Мұнда да желтоқсандағы сүргін қайталанды. Халықты қанға бөктірген қалың әскер, БТР, танкілер. Таяққа жығылған өрімдей ұл-қыздар. Алды абақтыға қамалды, соңы оқудан, жұмыстан шығарылды. Ендеше, осындай кең көлемдегі маңызға ие болған Желтоқсанды көтеріліс демегенде, не дейміз? Әрине, көтеріліс!

Ұлы Желтоқсанды қаны қазақ, жаны қазақ, жүректі де  білекті мыңдаған жандар қолдады. «Қазақ ССР Ішкi iстер министрлiгiнiң анықтамасы бойынша, 18-25 желтоқсан аралығында iшкi iстер бөлiмдерiне 8 мыңдай адам әкелінді» деген мәліметтерге сүйенсек, елімізді жайпап өткен репрессияның жойқын күшінің қаншалықты болғанын шамалаймыз. Бұл ресми тіркелгені ғана. Ал комиссия жинақтаған деректерге жүгінсек, сол үш күнде 60 мыңдай адам алаңға шығыпты. Оның 8000 уақытша мерзімге қамауға алынды, 99 адам ауыр қылмыскер ретінде сотталды, 200-дей адам (15 күннен 1 айға дейін) абақтыға жабылды, 1500 адам әкімшілік-тәртіптік жазаға тартылды.

Мысалы, ҚазПИ-дің студенттері Бекентаева Жұмагүл, Мырзағазина Бақытгүл, Сүлекеева Айгүл, Ордаева Гүлжаһан, Елғожина Шаттыгүл еш жазықсыз 15 күндік қамауда жатып шықты. Қайрат Рысқұлбеков пен Мырзағұл Әбдіқұлов бірден ату жазасына кесілді. Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сынды жас өркендер шейіт кетті. Дерек-дәйегі осы күнге дейін белгісіз, хабарсыз кеткендер де бар. Соның бірі жоғарыда аты аталған Бақытгүл Мырзағазина. Ол екі бүйрегінен алған соққыдан айыға алмастан, Торғайдағы еліне келген соң қайтыс болды. Алаңда таяқ жеген Алматы дәрiгерлер институтының студентi Кенжегүл Молданазарова да Ташкенттегі ауруханада миына қан құйылып, көз жұмды... Олар жайында бүгінде ешкімнің ешнәрсе айтпайтыны өкінішті-ақ.

Ел басына күн туып, ер намысы сынға түскен желтоқсан сүргiнінде олар алаңға коммунистік партия үшін шыққан жоқ. Қонаев үшін де шыққан жоқ. Оларды алаңға алып шыққан ұлттық намыс! Қайрат айтқандай: «Алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтіріп жатыр деген соң, өз басым қолымды жайып: «Күл болмасаң, тұл бол» деп, қарап отыруға еркектік ар-намысым жетпеді» дейтін өр сезім алып шықты. Ұсталған желтоқсандықтардың әрқайсысына «9 автомашинаны өртеп, 152 машинаны істен шығарып, 326 милиционерді, 196 әскери жауынгерді жаралады» деген айып тағылды. Бұл – қағаздан қағазға көшіп жүрген соттың үкімінен алынған үзінді. Кезінде репрессияға ұшыраған желтоқсаншылардың құрамында әлі күнге дейін толық ақталмағандары да бар... Мысалы, Мырзағұл Әбдіқұлов, Жамбыл Тайжұмаев т.б. Ал Желтоқсан құрбандарының нақты санын ешкім де дөп басып айта алмайды.

 Мыңдаған қазақ студенттері жазықсыз оқудан шығарылды, жұмысшы жастар қызметтен қуылды. Көптеген отбасына қасірет бұлты үйірілді. Баласы үшін әкесі, қызы үшін анасы күйді. Мысалы, Алматы Зоовет институтының студентi, бес жылға сотталған Жәлел Әуезовтің әкесi – Исабеков Әуез “баласына антикоммунистiк терiс тәрбие бергенi үшiн” Жезқазған облысындағы “Абай” кеңшарының директорлығы міндетiнен босатылды. Приозерный аудандық комсомол комитетiнде хатшы болып iстейтiн ағасы Даниял Әуезов “ұлтшыл бұзақының туысы” ретiнде қызметінен қуылды. Мұндай деректер өте көп.

1987 жылдың қаңтарында, яғни бiр айда 2300 адам “ішкiлiкке салынды” деген сылтаумен ақшалай айып төледі, оның ішінде 150 адам күшпен емдеу орнына жiберiлді. Горбачев пен Колбиннiң алдында ақталу үшін партия жендеттері “маскүнемдер” мен «нашақорларды» осылайша қолдан жасады. Бiр ғана Алматының өзiнде маскүнемдермен күрес жөніндегі 128 жедел топ айналысты!

1987-1989 жылдар аралығында облыстық комитеттердiң 64 хатшысы, қалалық және аудандық партия комитеттерiнiң 630 хатшысы, бастауыш партия ұйымдарының 1836 мүшесi алмастырылды, кеңес-шаруашылық органдарындағы кадрлар құрамы түгелдей жаңартылды. Республика жоғарғы оқу орындарының 12 ректоры ОК қысымымен қызметiнен алынды. Iшкi iстер министрлiгi жүйесiнен бiр жылда 1200 қызметкер қуылды. Екi облыс мүлде жабылып, 14 министрлiк пен комитет қысқартылды, 33 мың маман жұмыссыз қалды. Осы жазалау науқанын Мәскеудің нұсқауымен Республика прокурорының орынбасары А.Мызников, Тергеу бөлімінің бастығы В.Волтунов, КГБ төрағасы В.Мирошник тікелей қадағалап отырды. Ал жинақталған мәліметтерді Г.Колбинге, одан әрі М.Горбачевке жеткізу міндеті ОК әкімшілік бөлімінің меңгерушісі В.Ефимовке жүктелді.

Жастардың отаршылдық жүйеге қарсылығын аяусыз басып-жаншуда ерекше белсенділік танытқан Қазақ КСР – ішкi iстер министрi Г.Князев, оның бiрiншi орынбасары Э.Басаров “Қызыл Жұлдыз” орденiмен, басқа да Ішкi iстер министрлігінің 1586 қызметкерi “Милиция үздiгi” және “Үздiк қызметi үшiн” белгiлерімен марапатталды, ақшалай сыйлыққа ие болды. 250 солдат кеудесіне медаль тақты, 250 солдат Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi Президиумының Құрмет грамотасын иелендi (толық тізім қолымызда – авт.).

Ең өкініштісі, осы   награда алғандардың ішінде ұлт зиялысы деген ағаларымыздың балалары да жүрді. Тізімнен Сұлтанбек Шаһмарданұлы Есенов, Ахат Сағиұлы Жиенбаев сияқты есімдерді кездестіргенде, көңілің тіксінеді. Генерал-майор Э.Басаров, В.Сиськов, Б.Шкуратов, В.Капустин сияқты 20-ға жуық «қызыл жағалылар» биліктен алған марапаттарынан кейінірек бас тартыпты. Мейлі ғой. Келмеске кеткен Кеңес империясының сылдырлаған сөлкебайын не істеймін десе де, әркім өзі біледі. Бірақ та тарихта қара әріппен таңбаланып қалған өшпес масқараны қалай жуып кетірерсің?

Ұлы Желтоқсан Кеңес Одағы құрамындағы басқа да бодан халықтардың оянуына бірден-бір себепкер болды дедік. Ол рас. Ғасырлар бойы “бұратана” атанған бодан халықтарға қарсы бүркеме жүргiзiлiп келген жымысқы саясаттың iрiп-шiрiген жамылғысын сыпырып алған Желтоқсан бұл! 1987 жылы Саха Республикасында, 1989 жылы Балтық елдерінде, Грузия, Әзірбайжанда болған сілкіністер мен қозғалыстардың басында осы киелі Желтоқсан тұрды.

Чехословакиядағы “Адам правосын қорғау жөнiндегi Хартер-77” тобы, Нью-Йорк қаласындағы “Фридом хаус” ұйымы, Батыс Германияның Христиан-демократиялық партиясы, Варшавадағы “Бостандық және бейбiтшiлiк одағы” да Желтоқсан көтерілісін Еуразиядағы демократиялық қозғалыстардың көшбасшысы деп атап өтті. Шетелдiк басылымдар – “Гардиан” газетi (Лондон), “Ди Вельт” газетi (ФРГ), “Исни форум” журналы (Түркия), “Нью-Иорк таймс” газетi (АҚШ), Франц-пресс, Рейтер агенттiктерi т.б. аса ықпалды ақпарат құралдары бұл көтерілісті ХХ ғасырдағы ірі толқу деп бағалады.

Тұтас бір тарихи кезеңді құрайтын бұл әлеуметтік-саяси көтерілістерді бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Бұлардың бәрі – тоталитарлық жүйеге қарсы күресте тың серпін әкелген жаңаша лептің бірыңғай тізбегі.

Ал «осы ұлттық көтеріліске Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері қатысты ма?» деген сауалды да жиі естимін. Бұл туралы мәліметтерді тергеу органдары жасырып қалғандықтан, жастардың бас көтеруі әуелден-ақ ұлтшылдық бағытқа ауып кетті. Оны мына мысалдан-ақ байқаймыз. Ішкі істер министрлігінің анықтамасында алаңда ұсталғандардың арасында 26 орыс, 18 ұйғыр, 10 татар, 7 қырғыз, 4 өзбек, 4 кәріс және бірнеше (қарақалпақ, грузин, шешен, грек, украин, башқұрт) ұлтының өкілдері болғаны көрсетілген. Алайда Орталық Комитеттің қатаң нұсқауымен олардың басым көпшілігі сол күні-ақ қамаудан шұғыл босатылып жіберілді. Осыдан кейін-ақ көтерілісшілер кілең қазақтар болып шыға келді.

Міне, құйындай ұйытқып өте шыққан қанды оқиғаның қысқаша салдары осындай! Мұны бүгінгі Желтоқсан тағлымынан хабары аз ұрпақ зердесіне тоқып алсын, ойлансын деп, таратып айтып отырмын.

Жалпы, Желтоқсан тақырыбы – аса ауқымды, тамыры терең, күрделі тақырып. Ол ең алдымен – еліміздің тарихы. Сан мыңдаған адамның тағдыры. Оның маңыздылығын бүкіл әлем әлдеқашан мойындағанда, біздің ақиқатты толық айта алмай, әлі күнге тартыншақтап отырғанымыз ақылға қонбайтын іс. Сол себепті, Желтоқсан көтерілісін, ең алдымен, өзіміз тарихи тұрғыдан таразылап, ғылыми тұрғыдан сараптап, саяси тұрғыдан бағалауымыз қажет деп білемін. Елбасымыз айтқандай, марғау тіршілікпен жүріп, онсыз да жиырма үш жылды  өткізіп алдық. Ал ол  турасындағы ресми деректердің дені Мәскеудің мемлекеттік архивінде шаң басып жатыр...

Желтоқсанның жүрек сыздататын сол бір ызғарлы күндері қаншама ауыр болса да, азаттық аңсаған халқымыздың күш-жігерін мұқалта алған жоқ. Қайта, ауыр күресте шыңдалған елдің ынтымақ-бірлігі бұрынғыдан да нығая түсті, тоталитарлық жүйенің шынжырын үзді, еркіндікке жол ашты.

Қазір мектептерде Желтоқсан сабақтары жүргізіліп, Қазақстанның болашақ азаматтарына бүлдіршін күнінен тарихты зерделеу мен Тәуелсіздіктің тұғырын түсіндіріп, санасына сіңірер шаралар жүйесі ұйымдастырыла бастады. Бүгінгі Сіздермен кездесу – соның бір көрінісі.

Тәуелсіздігіміздің тұнық бастауында тұрған Ұлы Желтоқсан тақырыбын әлі де тиянақтап, жүйелі оқытатын мемлекеттік оқу бағдарламасы жасалуы тиіс деп санаймын. Қазіргі оқушылардың компьютерге бейім екенін ескере отырып, осы тақырып жайында заман талабына сай электронды энциклопедия шығарған жөн. Иә, шын ниет болса, бұл салада атқарылар қыруар шаруа тұр.
«Еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға шалқайып», кімге де болса асқақ мінез көрсете алған алаштың бүгінгі ұрпағын патриоттық тұрғыдан тәрбиелеуге желтоқсандықтар күресі мәңгілік эталон болуға әбден лайықты!

Елтеріс қаған,
Қатулана атқа қонбаса,
Мен де атқа қонбасам,
Түрік елі құм астында қалар еді.
Күл астында қалар еді.
Шүкір!
Елім – ел болды,
Жерім – жер боды.
Ерлерімді былай қойғанда,
Құлыма дейін өр болды!
– деп Тоныкөк бабамыз дүбірлетіп өткендей, шүкір, өз елімізде, өз жерімізде еңсемізді тік ұстайтын заман туды.

Ендеше, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен, ұзақ арпалыспен келген қастерлі де қасиетті Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін әрқашан бірлікте жүрейік, ағайын!

Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ, журналист-жазушы, Қазақстан Журналистер және  Жазушылар одақтарының мүшесі.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста