Заңдарға енгізілген өзгерістерге елдің пікірі, өнер өкілдерінің өмірі, ауырған баласының еміне қаржылай көмек сұрау, тұтқындалған лауазымды тұлғалар және тағысын тағы – осының бәрі қазір жұртқа әлеуметтік желіде желдей есіп демде тарап жатады. Оған көз үйренгелі қашан. Бүгінгі күнге тән қалыпты құбылысқа айналғандай.
Қанша дегенмен, әлеуметтік желі жылдамдыққа ие. Күндіз болған қандай да бір оқиға немесе жаңалықты телеарналардан көру үшін оның кешкі жаңалықтар шығарылымын күтуге тура келеді. Ал, газеттер үшін ол ертеңге қалмай тұрмайды. Өйткені, жазып, беттеп, қаттап баспаханадан басып шығару бірер күндік жұмыс. Әлеуметтік желіде сол күні-ақ көрген, білген һәм естігенің туралы пост жариялау салу әп-сәттік қана жұмыс. Демек, сөз бостандығы мен пікір алуандығы деген секілді демократияның қағидаттарын жүзеге асыруға таптырмас алаң.
Алайда, судың ғана емес, сөздің де сұрауы болады екен. Рас, «айтылған сөз – атылған оқ». Қайтарып ала алмайсың. Бірақ, сөздің иесін бір қайырып алуға әбден болады. Егер сөзі жүйесіз келсе. Олай дейтініміз, тағы бір шындық, кейде әлеуметтік желілерде пікір бостандығы осы екен деп артық-ауыс кететін, жеке басқа тиісетін, ой білдіру мәдениетіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дүниелер жазылып жатады. Бәлкім, ол да заңдылық шығар. Соған қарамастан, бірді-екілі «бүйректен сирақ шығарғандар үшін» әлгінде айтып өткен демократия құндылықтарына бұғау салуға тағы болмас.
Олай дейтініміз, әлеуметтік желілердегі жазбалары үшін жауапкершілікке тартқан жекелеген жағдайлар елімізде кездесуде. Жалпы, жеке бастарының араздығын ғаламтор мүмкіндіктерін пайдалана отырып көптің алдына ақтарып, қарсыласын түрлі сөздермен «тоқпақтайтындар» жоқ емес. Былайша айтқанда, қазақтың «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп келетін мәтелін ұмыт қылады. Оны һәм сөз мәдениетін естен шығарған жерде әңгіменің соңы адамның намысын қорлауға, жеке басына тиісумен аяқталып жатады. Ұлтқа тән сөз мәдениеті өз алдына, қазіргідей құқықтық мемлекет құруға талпынған уақытта әр нәрсенің соңында құқықтық жауапкершілік жатады. Ғаламтор беттерінде, әлеуметтік желілердегі жазбаға, пікірге белгілі бір деңгейде бақылау орнатуды осы тұрғыдан қарағанда ақтауға, түсінуге болатындай көрінеді. Желіде жел сөз қуғандарды сөйлеу, жазу, көзқарасын білдіру мәдениетіне тәрбиелеу теріс қарайтындай соншалықты оғаш дүние емес.
Ескере кететін бір жайт, әзірге нақты әлеуметтік желідегі қандай да бір жазбаға көзқарас білдіріп, пікір, яғни, коммент қалдырғаны үшін жазаға тарту қандай да бір заңдарда қарастырылмаған. Әйтсе де сол әлемжелі арқылы жүзеге асырылатын басқа әрекеттер үшін жауапкершілік бар. Мәселен, жала жабу, жалған ақпарат тарату немесе алауыздық тудыратын, не болмаса терроризмді насихаттайтын жазбалар. Бұған мысал ретінде Ақтөбеде бірі жиһадқа шақыратын, екіншісі терроризмді насихаттайтын жазбаларды таратқаны үшін жаза арқалады. Әрине, олар сотта мұны әдейі жасамағандарын, ондай әрекеттері үшін заңда жаза барын білмегендерін айтып ақталған. Алайда, ақиқаты сол, ақтала сөйлегендерді заң ақтай бермейтіні немесе қазақы түсінікке салып «білместікті құдай да кешіреді» дегенімізбен, заң кешіре бермейтіні бар. Әсіресе, біздің қазіргі жағдайда. Сондықтан, желідегі жазбаңызға абай болмасаңыз, соңы жауапкершілікке, тіпті, жазаға алып келуі ғажап емес.
Екінші бір мәселе, белгілі бір деңгейде әлеуметтік желі ақпарат көзіне айналып үлгерді. Қазір көп ретте мәлімет іздеп есік қағып, табалдырық тоздырып, табаннан таусыла бермейтін халге жеттік. Бұл, әсіресе, сайттарға қатысты. Әуелгісі, әншілердің өмірі туралы. Көптеген сайттар ән өкілдерінің өзіне қатысты «инстаграм» желісіндегі жылт еткен жаңалығын тақырыбын айқайлатып өзгертіп, сайтына сала салады. Оп-оңай. Өз аяғымен келіп жатқан ақпарат. Осы тұста таяқтың бір ұшы журналистерге де тимей тұрмайды. Ол жайлы басқа-басқа, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың өзі Esquire Қазақстан журналына берген сұхбатында сөз еткенін есте тұтсақ. «Шындығында, журналистердің тексерместен, нақтыланбаған ақпаратты алатыны туралы фактілер бар. Әсіресе, әлеуметтік желінің қатардағы қарапайым пайдаланушыларынан тексерілмеген ақпарат алып, оны өздерінің ресурстарында жариялайды. Кейде кейбір БАҚ журналистері ақпараттың нақтылығын тексеруге еш мән бермейтін болғандай көрінеді. Бұл, әсіресе, аудитория тарту, берілетін ақпаратты коммерцияландыру үшін жасалатын секілді. Әрине, жалпылама алғанда, мұндай қадамға қарсы емеспін, бүкіл әлемдегі бизнестің сипаты осы, алайда, әр нәрсенің өз шегі бар. Біз ақпарат тұтынушылардың – қарапайым азаматтардың мүддесіне жұмыс істеуге тиіспіз», – дейді министр. Бұған қоса, тұтастай ғаламторды реттеу мүмкін еместігін мойындаған һәм сонда да қандай да бір ойын ережелері болуы керектігін айтқан.
Министр қандай ережелерді меңзегені бізге белгісіз. Белгілісі, жақсылы-жаманды әлеуметтік желінің белсенділігі артты. Мұны бір сөзінде
«…бүгінде адамдар ақпарат құралдарына қарағанда, фейсбукке көбірек сенеді», – деп «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының басшысы Тамара Калеева да қаперге салады. Оның алдында Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Бекболат Тілеухан жаңа ведомствоның алдында фейсбукті ауыздықтау мәселесі тұрғанын жеткізген-ді. Өйткені, мәжілісменнің сөзінше, ол (фейсбук – С.Қ.) Қазақстанда саяси аренаға айналып кеткен-мыс. Әлеуметтік желілердің белсенділігі неліктен ұнамай қалғанының себебін осы тұстан іздеген жөн секілді.