Бүгін Әнуар Шотбай есімді азамат facebook парақшасына Дінмұхамед Қонаев пен қазіргі президент кеңесшісі Ерлан Қариннің арасында көптеген ұқсастық барын жазды.Оның алдында да желі белсенділері бұл қос саяси қайраткердің сырт келбеті мен тұлғалық қасиеттерін шамаластырып баққан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сонымен, Әнуар Шотбай былай дейді: «Сыртқы келбеті де, ішкі мазмұны да ұқсас екенін мен де байқадым. Димаш Ахметұлының өмір жолын өзімше зерттеп жүріп, біраз материалдарды оқып, мұрағатқа да бас сұғып, ең жақын серіктерімен де жеке сұхбаттастым.
Ерлан Тынымбайұлын біраздан бері жеке танып, жастайынан немен және қалай айналысып келе жатқанын айтарлықтай білемін деп санаймын.
Сонда байқағаным, сыртқы келбеті де ұқсайды әрине, бірақ, зиялыға тән тұлғалық қасиеттері, адамгершілігі, интеллектуалдық қабілеттері, саяси стиль мен шешім қабылдау тұстары өте ұқсас екенін салыстырмасам да ұқсастық еріксіз көзге түседі екен».
Бұл сөзінің тұшындырар «тұздығы» ретінде ол қоғамдық белсенді Бауыржан Серікбаевтың және Асқар Ағатаев атты азаматтың өзінен бұрынырақ жазған жазбалары мен суреттерін көшіріп салған.
«Көптен бері байқап жүрмін. Өзім Ерлан Қаринді теледидардан көрген сайын бойының ұзындығы, дене бітімі, түр-әлпеті мен кескінін Д.А. Қонаевтың жас кезіне ұқсатамын. Сіздерге қалай?..
Кездескен сайын Қарин мырза Елбасына да өзін тәрбиелеп өсірген Қонаев атамызды есіне түсіре ме екен?..» депті онда Бауыржан Серікбаев.
Ал Асқар Ағатаев бүгін: «Дінмұхамед Қонаев атамыз бен Ерлан Қарин аға ұқсай ма?» – деп, салыстырмалы түрде екеуінің көрнекі суреттерін қоя салған.
Әрине, бұл ретте осы үш азаматтың жазбасына пікір білдірушілердің де басым көпшілігі қазақ билігінің өткенінен өнеге қалдырған Дінмұхамед Қонаев пен бүгінінде белсенділік танытып жүрген Ерлан Қаринді «қатты ұқсайды» десті.
Ал, сіз не дейсіз?