Елімізде Әлеуметтік кодекс енгізілгелі мемлекеттік инспекторлар пайда болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде олардың олардың негізгі ережелері, құқықтары мен міндеттері қандай екені айтылды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кaz.nur.kz-ке сілтеме жасап.
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде Әлеуметтік кодекс қабылданды. Кодексте халықты әлеуметтік қорғау саласындағы көптеген өзгеріс қарастырылған.
Мәселен, Қазақстанның зейнетақы жүйесіне елеулі өзгерістер енгізілген болатын. Кейбір өзгерістер қоғамның әлеуметтік осал топтарындағы жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді алушылар сияқты азаматтарға да әсер етті.
Бұған дейін біз Әлеуметтік кодекстің қолданысқа енгізілуіне байланысты кейбір төлемдердің, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға төленетін төлемдердің көлемі 14,5 пайызға ұлғайғаны туралы жазған едік.
Алайда 1 шілдеден бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес, жәрдемақының мөлшері артып қана қоймай, Қазақстанда Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары институты енгізілді.
Әлеуметтік қамсыздандыру инспекторлары жәрдемақылардың, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақылардың уақытылы тағайындалуы мен төленуін қадағалайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік инспекторлары мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға тиіс.
Сондай-ақ олар міндетті әлеуметтік сақтандыру мен зейнетақыны қоса алғанда, арнаулы әлеуметтік қызметтер мен әлеуметтік қамсыздандырудың уақтылы көрсетілуін қадағалауы керек.
Мемлекеттік бақылау мына субъектілерге қатысты жүзеге асырылатын болады:
арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді жүзеге асыратындар (қарттарға, мүгедектерге арналған үйлер, оңалту орталықтары, күндізгі болу орталықтары және т. б.);
мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету бөлігінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары мен бөлімдері;
мүгедектігі бар адамдар үшін толық қолжетімділікті қамтамасыз ету бөлігінде мемлекеттік және жеке әлеуметтік инфрақұрылым объектілері;
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, әлеуметтік инспекторлар халықты әлеуметтік қорғау саласына оң әсерін тигізіп, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасының жақсаруына әкеледі.
Айта кетейік, инспекторлар әлеуметтік қызметкердің қажетті талаптарға сай емес екендігін анықтаса, оның жұмысын уақытша тоқтатуға құқылы.
Еске сала кетейік, Әлеуметтік кодексте мүгедектігі бар адамдарға ғана емес, асыраушысынан айырылған отбасыларға да жәрдемақылар мен әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін 14,5 пайызға арттыру көзделген.