Қазіргі таңда біздің қоғамда «жасыл» экономика деген ұғымды әркім әртүрлі түсінеді. Біреулер мұны еліміздің табиғатын жақсартуға бағытталған экономиканың жаңа саласы деп санайды. Басқалар «жасыл» экономиканы табиғатқа пайдасын тигізетін экожүйе, жаңа технология деп түсінеді. Енді біреулер мұны экологиялық таза өнімдер өндіруді көздейтін экономикалық дамудың жаңа белесі деп есептейді. Аталған ұғымға берілген анықтамалар бір-біріне мағыналас. Сонымен «жасыл» экономика &ndash табиғи қорды тиімді пайдалану, сонымен қатар пайдаланылған өнімдерді өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ету арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту, қоғамның тұрақтылығын сақтау.
Ең алдымен «жасыл» экономика қазіргі кезде таусылуға шақ қалған мұнай, газ секілді пайдалы қазбаларды үнемдеуге және сарқылмайтын ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған.
«Жасыл» экономиканың негізі &ndash таза немесе «жасыл» технологиялар. Мамандардың айтуынша, «жасыл» экономиканың дамуы көптеген постиндустриалды елдерді жайлаған экологиялық дағдарыстан елімізді сақтайды.
«Жасыл» экономиканың Қазақстандағы даму тұжырымдамасы
«Жасыл» экономиканы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдыру мақсатында Елбасының бастамасымен 2013 жылы 30 мамырда арнайы тұжырымдама бекітілген еді. ҚР Президенті Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» атты жолдауында бұл мәселеге егжей-тегжейлі тоқталып, экономиканың бұл түрі елімізге тиімді, әрі еліміздің экологиялық ахуалының жақсаруы үшін маңызы зор екенін айтқан болатын. Қоршаған ортаның тазалығы &ndash дені сау ұрпақтың өмірге келуінің кепілі.
«Жасыл» экономикаға негізделген бағдарлама халықтың әлеуметтік тұрмысының, әл-ахуалының жақсаруына себепкер болмақ. Егер табиғи ресурстар да ысырап болмай, тиісті деңгейде пайдаланылуын қаласақ, «жасыл» экономикаға бет бұрғанымыз жөн. Өйткені бүгінде қуат көзінің шамадан тыс қолданылуы үнемшілдікті ұмыттырып барады. Жаңа технологияның арқасында бірқатар балама қуат көзі пайда болды. Мәселен, кейбір елдерде жел, күн энергиясының өзінен қуат көзі алынады. Балама қуат көзі &mdash дербес экономиканы қалыптастырады. «Жасыл» экономиканың тиімділігін арттырып, энергия көзін үнемдеуді қамтамасыз етеді. Бұл түйткілдің бәрі 2014 жылы күшіне енген «Жасыл экономика туралы» заңда жан-жақты айтылған.
«Жасыл» экономика дамуының негізгі жеті бағыты
Бірінші бағыт &ndash жаңартылған энергия көздерін енгізу
Бүгінде қазба байлықтарды сақталуы маңызды мәселелердің біріне айналған. Біздің еліміз табиғи ресурстарға өте бай ел ретінде танылған. Мұнай мен газ әлем бойынша ірі энергетикалық ресурс деп саналады, дегенмен бұл байлық та күндердің күнінде сарқылады, демек тіршілік үшін басқа да жаңа ресурсты табуымыз керек. Осы орайда Қазақстанда жақсы экожүйе, топырақ, су, орман бар екенін ескерсек, өзге елдермен салыстырғанда болашағымыздың жарқын екеніне көзіміз жете түседі.
Екінші бағыт &ndash тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы энергия тиімділігі
Еліміздегі қалалардың басым бөлігі кеңес заманында салынғандықтан көптеген тұрғын үй кешендері тиімсіз жылу оқшаулағыш құрылымдармен, жылумен жабдықтау жүйелерімен жабдықталған. Бұл айтарлықтай жылу шығындарына әкеледі. Қазіргі таңда Қазақстанда жылумен жабдықтау құралдарының ақауларын жою саласында іс-шараларды жүзеге асыруға арналған энергосервистік компаниялар жұмыс істейді.
Үшінші бағыт &ndash ауыл шаруашылығындағы органикалық егіншілік
Ең алдымен бұл бағыт синтетикалық тыңайтқыш өнімдерінен (пестицидтер), түрлі азық қоспаларынан бас тартуды қарастырады. Бұл жерде өсімдіктердің өнімділігін, өсуін қамтамасыз ету үшін органикалық тыңайтқыштарды пайдалану сөз болып отыр. Ауыл шаруашылығын "көгалдандыру" табиғи ресурстарға зиян келтірмей, халықтың азық-түлігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстан келесі бағыттар бойынша әрекет етуді жоспарлап отыр:
топырақ құнарлылығын басқару;
суды тиімді пайдалану;
өсімдіктер мен жануарлардың денсаулығын басқару;
фермаларды механикаландыру.
Төртінші бағыт &ndash қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру
Қазіргі таңда қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі жиі көтеріліп жүр. Өйткені лас көшелер, қоқыс үйінділеріне аса қатты бақылау болмай тұр. Осыған орай қоқыс пен қалдықтарды қайта өңдеу ұсынылып отыр. Мысалы, қатты тұрмыстық қалдықтарды кешенді қайта өңдеу және балама отын алу технологиясы Алматыда іске асырылуда.
Бесінші бағыт &ndash су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру
Су адамзаттың өмір сүруін және экожүйенің тұтастығын қамтамасыз етудің негізгі табиғи компоненті болып қала береді. Осы орайда су ресурстарын ұтымды пайдалану ауқымға проблема болып отыр.
Алтыншы бағыт &ndash «таза» көліктерді қолданысқа енгізу
Қазақсандағы көліңтердің көпшілігі бензин және дизельмен жүреді. Бұл дегеніміз ауаға парниктік газдардың көп мөлшерде шығарылуына ықпал етеді.
Жетінші бағыт &ndash экожүйелерді сақтау және тиімді басқару
Бұл бағыттағы әрекеттерді бәрі ең алдымен біздің еліміздің бірегей табиғи байлығын сақтауға бағытталған.
«Жасыл» экономиканы дамытуға бағытталған бағдарлама аясында Қазақстан экономиканың 10 негізгі секторына қаржы салуды жоспарлап отыр:
ауыл шаруашылығы;
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық;
энергетика;
балық аулау және балық шаруашылығы;
орман шаруашылығы;
өнеркәсіп;
туризм;
көлік;
қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу;
су ресурстарын басқару.
Бүгінде әлемдік инновациялардың 40% - ы "жасыл" экономикаға, ал 50% - ы "жасыл" экономиканың негізгі факторы болып табылатын энергия үнемдеу мен энергия тиімділігіне тиесілі. Энергетика экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен қауіпсіздігі, біздің үйлеріміздің жылуы мен жарығы үшін ғана емес, сонымен қатар ластаушы заттардың 50% шығарындылары және парниктік газдар (ПГ) эмиссиясының 70% - ы үшін жауапты. Яғни энергия сыйымдылығы деңгейімен ұлттық экономикалардың экологиялық және климаттық құрамдастары анықталады. Осы көрсеткіш бойынша энергия сыйымдылығының әлемдік рейтингінде Қазақстан сегізінші орынға, ал Ресей он бесінші орынға ие. Яғни, энерготиімділік-біздің экономикамыздың осал тұсы.
Айнұр Нұрсабет