Жастар ұйымына жағдай туғыза аламыз ба?
Кейінгі буынның құлағына «октябрят», «комсомол» сөздері түрпідей жат естілсе, аға буынға – керісінше. Мойындарына қызыл галстук тағып, адал болуға ант беріп, тазалық пен тәртіп үшін күресу бір кезде олардың басты міндеттері еді...
Тәуелсіздік алғалы биыл бірінші рет оқу жылы мектеп оқушылары үшін ерекше болды. Мектеп қабырғасында білім алушылар «пионер», «октябрят» секілді «Жас қыран» және «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымдарының алғашқы мүшелігіне қабылданды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Нұр Отан» ХДП-ның ХІІІ съезінде еліміздегі балалар мен жасөспірімдерге арнап жаңа жүйе құру керектігін айтқан болатын. Осыдан кейін «Жас Отан» жастар қанаты және Білім министрлігінің бастамасымен еліміздегі барлық мектеп оқушыларының басын біріктіретін ұйым дүниеге келді. Бұл жаңа тұрпатты жас қазақстандықты, ұлттың болашақ элитасын қалыптастыруға бағытталған жұмыстың бірі болып саналады. Ұйымның қатарына тек нағыз оқу озаттары, спорттық сайыстар мен мәдени шараларда тек жоғары жетістіктерге жеткендер ғана мүшелікке алынады. «Жас ұлан» қатарына – 10-16, ал «Жас қыранға» 6-9 жас аралығындағы өрендер қабылданады. Алғашқы Білім күні Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев астаналық оқушылардың бірсыпырасына өз қолымен көк галстук тағып, ту ұстатқан болатын. Сонымен мүшелікке өткен азат елдің ұландарына қандай тәрбие беріп, кімді үлгі тұта аламыз? Мәселен, Кеңес оқушыларына Павлик Морозов пен батыр бала Болатбек үлгі болды. Ол уақытта идеологиялық құрал ретінде балаларға жасанды кейіпкердің ерлігін көрсетті. Осы жерде «тәуелсіз еліміздің ұландарына өнеге болуға кімдер лайықты» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Қазіргі ұландарымызға үлгі боларлық ұл-қыздарымыз жетерлік. Тек солардың жеткен жетістігі мен бағындырған белесті көпшілікке жеткізетін форманы ойластыру қажет.
Жақсыгүл ҚАЛЖАНОВА, «Этнопедагогика» журналының редакторы, «ҚР білім беру ісінің үздігі»:
– Өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында мұндай ұйымдардың құрылуы қуантарлық жағдай. Себебі өткен мен осы шақты салыстыруға келмес. Мектептің оқушылары сабақтан соң қазір интернет клубтарына барып ойнағанды жөн көреді. Ал ата-анасы осы кезде жұмыста болып, қолы босамайды. Бала күнбағыс секілді. Күн қай жағынан нұрын шашып жарқыраса, соған қарай басын иеді. «Пионер», «октябрят» қатарында болғанымызда Ленинді пір тұттық. Соған сеніп, еліктеп өстік. Соның бейнесі бар жұлдызшаны кеудемізге мақтанышпен тақтық. Пионер қатарына өткенде алау жағып, ерекше атап өтетінбіз. Үлгерімі төмен оқушылар осыны көріп, алға қарай талпынатын. Ал қазіргі оқушыларға мұндай нәрсе қызық емес. Олар өз араларында сәнді киініп немесе қымбат ұялы телефон ұстаған қатарласын артық санайды. Енді бізге Кеңес кезіндегі қағиданы қайталаудың керегі жоқ. Қазір біздің жастарымызды еркін, азат ойлы етіп тәрбиелеу тұсы кемшін. Өзіміздің өшпейтін ата-дәстүрлік тәрбие жолымыз бар. Соны тиімді пайдалануымыз қажет. Ұлттық ойындарымыз бар, соны сабақ барысында ұтымды ойната білсек... Халқымызда пір тұтып, өнеге болатын адам көп. Біреу жақсы болса, оны жақсы деп айта алмаймыз. Өйткені өзіміз одан төмендеп қалатын секілдіміз. Өткенде Парламентте тұңғыш ұшқан ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің ғарыш көгіне көтерілген күнін ұлттық мейрам ретінде атау ұсынылды. Бірақ әрі қарай қолдау болмады. Тек дабыра қылып, қоя салдық. Неге осы күнді мереке ретінде белгілеп, Тоқтар Әубәкіровтің елі үшін еңбек еткенін оқушыларға кеңірек насихаттамасқа? Кезінде 12 сәуірде Ю.Гагарин ғарышқа ұшқанда Кеңес тұрғындары шаттанып, қуаныштан жылаған ғой. Гагаринді «батыр» деп білдік... Әр дәуірдің өз үні бар, сондықтан жастарымызға үлгі тұтар тұлғаны айқындап, бағыт беру – біздің міндетіміз. Әсіресе, ұлттық бірлікке бағыттау керек. Бала көңілмен өзі өнегелі адамды іздесін.
Кеңес кезінде пионерлердің белсенділігі мықты болды. Бәрі белсенді болып, жаппай жұмыла жұмыс істей білді. Елiмiздің егемендiк алғанына биыл 20 жыл толмақ. Ал қазір ондай бірігу жоқ. Бүгінде бір іске барлығы жаппай жұмылатын жастар ұйымдары да аз. Патриоттық рухқа, отансүйгiштiкке тәрбиелейтiн пионер, комсомол ұйымдарының орнын небiр жастар ұйымдары басты. Дегенмен олар сол баяғы ұйымдардың көтерген жүгiн, қызметiн толық атқара алмай жүргені – шындық. Оның өзінде де науқандық жұмыстарда көрініп жатады. Қазіргі азаматтық қоғамда бәрін бір идеологияның маңайына топтастыру – қиын нәрсе. Кезінде қарапайым халықты қоғамның аурасы басқара білді. Бізде жастармен жұмыс істеу жағы ақсап келеді. Өскелең ұрпақ өнеге тұтар қаһармандарды қалыптастыру жағы дұрыс жолға қойылмаған. Жастарға үлгі етер азаматтардың тұлғасын іздегенде ХХI ғасырдың адамына қояр біліктілік пен адами талап ескерілуі – шарт. Яғни имандылықтың, білімділіктің, отансүйгіштіктің үлгісін көрсетіп жүргендерді кеңінен насихаттау керек. «Мектеп қабырғасында оқушыларды патриоттық сезiмге тәрбиелеу тек тәрбие сағатымен шектелiп қалмауы тиіс» дейді мамандар.
Рыскүл КӘКІМОВА, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің мұғалімі:
– Мектепте тәрбие сағатының аясында Отан, бірлік, достық жайында аз айтылмайды. Дегенмен әрі қарай балалармен етене жұмыс істеп, оларға мейілінше көп уақыт бөлу үшін мұндай ұымдар өте керек. Көбiнесе, мемлекеттiк мерекелер кезінде патриоттық тақырыпқа көңiл бөлiп, оқушылардың Отанға, туған жерге, елге деген махаббатын арттыруға тырысамыз. Ал күнделiктi сабағымызды мiндеттi түрде Әнұранымызды шарқап бастаймыз. Сондай-ақ сыныпта мемлекеттiк рәмiздеріміз бар. Бiрақ мұның өзi жеткiлiксiз. Кезiнде әр пионер ұйымы ардагерлер мен балалар үйiне көмек берді. Қазiр Ұлы Отан соғысы ардагерлерiн тек 9 мамыр күні ғана есiмiзге алып, кiрiп-шығамыз. Ал қарттарымыз жыл өткен сайын азайып бара жатыр. Сондықтан «Жас ұлан», «Жас қыран» секілді ұйымның құрылғаны өте дұрыс. Осы ұйымдар барлық мектепте жасақталса, құп болар еді. Алдағы уақытта ұйымдар бекіткен жоспар бойынша оқушылармен етене жұмыс жасамақ.
Азат елдің ұландары көк галстукті мойындарына абыроймен тағып, оқуда – озат, спортта – алғыр, досқа – қамқор, үлкенге демеу болуға ант берді. Не десек те, әрбiр жас ұрпақ өз Отанының, туып-өскен жерiнiң патриоты болса, қанеки! Ол үшін жастар ұйымының жүйелі жұмыс жасауына жағдай туғыза алсақ...