Жасанды сұлулық сорға айналып жүрмесін

«Бетіме әжім түсе бастапты, көзімнің айналасына ұсақ әжімдер қаптап
барады, күлгенде ернімнің айналасындағы сызықтардың тереңдей түскені қатты байқалады екен» деп айнаға қарап тұрып, бетімнің мінін тере бастағаны сол еді, күйеуі: «Жаным, қойшы, әдемі қартайып келесің» депті. Шынымен қартайып барамыз ба? – деді құрбым мұңайып.
Сонда екінші құрбым: «Енді 40-тан астық қой, жаным-ау. Қартаймайтын
сайтан емеспіз ғой» деп бір рахаттанып күліп алды.


«Қыздар, сұлулық демекші, білесіңдер ме, жақында ғана жақсы
танитын бір тәтем көзінің үстін сыздырамын деп қайтыс болып кетіпті. Ең
өкініштісі, ол кісі өзінің жеке меншік сұлулық салонында жан тапсырыпты. Күйеуі қалталы кісі еді, өзінің бірнеше сұлулық салоны бар болатын. Көзінің үстін сыздыру үшін алдын ала ауруды сездірмейтін дәрі салған екен, сол дәріге аллергиясы бар екенін білмей қалса керек. Осыны естігенде екінші сұлулық салонына бармастай болдым» деді әңгімеге енді кіріскен үшінші келіншек.


Құрбылардың қарапайым басталған әңгімесі қорқынышты фильмге
ұласқандай. Тақырыпқа ары қарай өрбіп, еліміздегі және әлемдегі пластикалық клиникалардан зардап шеккен біраз әйелдің тағдыры әңгіме болды. Липоксация жасатып, іштегі майынан арылам деп о дүниелік болған жас келіншектің, омырауын үлкейтем деп денсаулығынан айырылған әйелдің оқиғасы сөз болды.
Жасанды сұлулықты заманның талабы санайтын арамыздағы
құрбыларымыздың бірі мұндай жағдайдың ілеуде біреуде болатынын, одан трагедия жасаудың қажеті жоғын да айтып жатты. Оның ойынша, қандай жағдайда да әйелдер сұлулық үшін жандарын аямайды. Келіспейін десең де, бұл рас. Өйткені қазіргі таңда біздің көзіміз әлеуметтік желідегі«жұлдыздардың» теп-тегіс беттерін, дүрдиген  еріндерін, қыр мұрындарын, қайқайған кірпіктерін көруге үйреніп қалған. Сондықтан көбіміз соларға еліктейміз, лажы болса, бетіміздің теп-тегіс, фигурамыздың мінсіз болғанын қалаймыз. Сондықтан да екінің бірі артық салмақпен алысып жүрген жоқ па?


Егер қазір инстаграмда уақытының көбін әнші, актриса, блогерлердің
парақшасын ақтарумен өткізетін қыз-келіншектердің қолына ақша берсеңіз, 80-90 пайызы косметологқа немесе пластикалық ота жасатуға жүгірер еді. Оларды пластикалық отаның немесе ботекс секілді екпелердің қауіптілігі де шошыта алмайды.
Екі әйелдің басы қосылса, әңгіме қылатыны бет күтімі, қандай крем
жағатыны, қай косметологқа баратыны, беттегі әжімді тарту үшін не істеу
керектігін талқылау емес пе? Әдетте әйелдер құрбысының жасарып,
құлпырып кеткенін көргенде өзіне көңіл бөлгісі келіп, күтім жасауға
талпынады немесе бірден пластикалық ота жасатуға шешім қабылдайды.
Қазіргі кезде түр-келбетті өзгерту үшін ота жасайтын клиникалар өте көп.
Өйткені сұраныс жоғары. Бірақ өкінішке қарай, өздерін эстетикалық
медицинаның бір саласы санайтын мұндай клиникалардың басым көпшілігі әйелдердің сұлулығы үшін емес, ақша үшін жұмыс істейді.
Пластикалық хирургияның сәтті бола бермейтінін, шын мәнінде бұл өз
еркіңмен пышақтың астына түсу екенін дәрігерлер де жасырмайды. Бірақ
жасанды сұлулықтың жарқ-жұрқ еткен жарнамалары бұл саланың базарын жүргізіп тұр.
Дәл қазіргі уақытта біздің елімізде ең жиі жасалатын пластикалық ота
түрі – блефаропластика екенғ, яғни қабақтың қатпарын өгерту, еуропалық қабақ жасау. Екінші орында – омырау үлкейту, одан кейін липоксация (артық майды алғызу) және смас-лифтинг (бетті тарту). Ары қарай бөксені үлкейту немесе кішірейту, аяқты түзету, мұрынды, құлақты түзеу, ерінді үлкейту болып кете береді.
Бір рет пластикалық ота жасатқа адамның дәндеп алатыны рас-ау.
Өйткені дәрігерлер бір адамның кемінде 2-3 рет ота жасататынын
жасырмайды. Ресми емес деректерге сүйенсек, әлемде жылына шамамен 20 миллиондай пластикалық ота жасалады екен. Алланың жаратқан мүсінін, түр келбетін өзгерту, табиғатқа қарсы шығудың дұрыс еместігін кез келген адам ішкі түйсігімен сезеді. Бірақ бәрібір қазіргі кезде жасанды сұлулықтың дәурені жүріп-ақ тұр. Қаншама әйелдер пластикалық отаның кесірінен өзінің табиғи сұлулығынан ғана емес денсаулығынан айырылып қалды. Бірақ сонда да бұл бизнеске тоқтау жоқ. Екінің бірі косметолог, пластикалық хирург.

Ләйлә Бәшімбаева:
Ақымақтық емей немене?
Бұрын әжелеріміз егделеу әйелдердің шашын сарымен бояғанын
жақтырмай отыратын. Ал қазір үп-үлкен әжелердің өзі ерніне гель
құйдырып дүрдитіп, қастарына татуаж жасатып, беттерін тарттырып
алады. Кейбіреулері артық қылам деп тыртық қылып, ұсқындарын
кетіріп алатынын да көріп жүрміз. Меніңше, мұның бәрі шамадан тыс
еліктеуден туған ақымақтық. Жапсырылған жасанды кірпіктің,
дорбадай еріннің несі әдемәі екенін түсіне алмадым. Кірпік желіммен
жапсырылады. Ал желім – химикат. Оның пайдасынан зияны көп екені
белгілі ғой. Меніңше, сұлулықтың төресі – денсаулықтың мықты
болуы. Өз қолыңмен денсаулығыңа зиян келтіру ақымақтық емей
немене?

Маман кеңесі
Анар Мұратбекқызы, косметолог:
Табиғи сұлулық сәнге айналады
Әйел адам біреу үшін емес, ең алдымен өзі үшін сұлу болуы керек.
Таңертең тұрғанда айнаға қараған әйел өзінің келбетінен ләззат алса,
өзін бақытты сезінеді, өзін өзі жақсы бағалайды, өзін жақсы көреді. Ал
әйелдің бақытты болуы үшін өзін өзі жақсы көруі аса маңызды.
Сондықтан ең алдымен әйелдерге, қыз-келіншектерге айтарым, өзіне
күтім жасауды ерте жастан қолға алу керек. «Ауырып ем іздегенше,
ауырмаудың жолын ізде» демекші, ерте бастан күтінген әйелдің жүзі
жарқырап, ерте қартаймайды. Қыз бала 16-17 жасынан бет терісін
күтіп, арнайы кремдер жағып, массаж жасап, тазалап, емдік
косметиканы қолдануды әдетке айналдырса, кейін жасы 30-дан асқанда
оның терісі балғындығын сақтайды. Әдетте әйел адам балалы
болғаннан кейін, жасы 30-дан асқаннан бастап терісінде өзгерістер
пайда болады, алғашқы әжімдер көрінеді. Солл кезде бірден укол
салдыруа, ота жасатуға жүгірмей, емдік косметологияға жүгінгені жөн.
Қазір жаймен шынайы, табиғи сұлулық сәнге айналып келеді. Жасанды
сұлулықтың да дәурені өтеді. Табиғи сұлулық – денсаулықтың
көрсеткіші. Осыны түсінуіміз керек. Пластикалық отаға әуестену опа
бермейді.


P.S Белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов «Әйел қырыққа келгенше өңін бермесе – қасиет» дейді. Рас, өзін өзі күте білетін, шынайы сұлулығын сақтай алған әйел құрметке лайық. Ал қазақтың сұлулық туралы түсінігіндегі «құралай көз, қолаң шаш, алма мойын, қиғаш қас» арулары қашанда әсемдіктің символы болып қала бермек.

Айнұр Сенбаева 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста