Жас маман жайын кім ойлар?
Осыдан бірнеше жыл бұрын Екібастұздың медициналық мекемелеріне 100-ден астам дәрігер жетіспейтін. Жас мамандарға көлемді көтермеақы беру, баспана ұсыну сияқты шаралардың арқасында ақ халатты мамандарға тапшылық едәуір азайды. Әйтсе де бүгінгі таңда Екібастұз қаласының денсаулық сақтау мекемелері әлі де 30-ға тарта дәрігерге зәру болып отыр.
Адам баласы болған соң, дәрігерлердің де арасында басқа жаққа қоныс аударатындар болмай тұрмайды. Енді біреулер зейнет жасына жетіп, құрметті демалысқа кетеді. Демек, мамандар қажеттілігі күн тәртібінен түспек емес. Ал бұл тапшылықтың орнын толтыру, әрине, қаламызға медициналық оқу орындарын тамамдаған түлектерді шақыру арқылы жүзеге асады.
Бүгінгі күнге дейін медицина мекемелерінің басшыларына Семейдегі немесе Қарағандыдағы медициналық академия студенттерімен кездесіп, оларды Екібастұзға жұмысқа шақыру жеңілге тиетін. Өйткені бұрнағы жылдары қала бюджетінен жас дәрігерлерге бөлініп келген 500 мың теңге, қанша айтқанмен, аз ақша емес еді. «Бір жылдың ішінде пәтермен қамтамасыз етеміз» деген уәде де жас маманды қызықтырмай қоймайтын.
Осылайша, былтыр 50-ге тарта түлек көмірлі қаладағы емдеу мекемелерінің табалдырығын аттаса, соның 12-сі №3 емханаға жұмысқа орналасқан. Дәрігерлерге зәруліктің жойылуы қала жұртшылығы үшін жағымды жайт болғанымен, жас мамандардың өздері баспанаға зәрулік зардабын тартуда. №3 емханаға былтыр келген 12 дәрігердің 9-ы 500 мың теңге көтермеақыға қол жеткізсе, үшеуі екі курс бойы қала әкімінің грантымен білім алғандықтан, көтермеақы алмаған. Осы мамандардың төрт-бесеуінің отбасы бар көрінеді. Рас, дәрігерлердің бәрі бірдей пәтер ала алмай отыр десек, әбестік болар еді. Осы емханаға келген жас маманның үшеуінің қызметтік баспанаға қол жеткізген жайы бар. Мәселен, екі баласы бар Моисеенко атты дәрігерге Пішенбаев көшесінен пәтер берілсе, Сәбит Кәрімов Горняктар көшесінен үй алған. Емхананың кадрлер бөлімінің бастығы Зәмзәгүл Асқарқызының айтуынша, былтырғыны былай қойып, бұрынғы дәрігерлердің ішінде де үйсіз-күйсіз жүргендері қаншама!
Ақмарал Байырбекова, №3 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері:
– Мұнда жұмысқа 2009 жылы келген едім. Қазір ата-анаммен тұрып жатырмын. Алайда басшылардың «бір жылдың ішінде пәтер аласың» деген сөзі орындалмағандықтан, бұл қалада қалудың қисынын көрмей отырмын. Емхана басшылығымен жасалған келісімшартта аталған үш жыл мерзімімді өтедім, енді Қарағандыға кетпек ойым бар.
Айта кетерлігі, осыдан бірнеше жыл бұрын қала басшылары Привокзальный, 10 мекенжайындағы түрлі мекемелер орналасқан бес қабатты ғимараттың 5-қабатын жөндеп, дәрігерлер баспанасына айналдырған болатын. Жөндеу жұмысы ойдағыдай жүргізіліп, басшылар бар жағдайды жасауға тырысқанымен, асүйі, демалыс бөлмесі, басқа да пайдаланатын нысандары ортақ баспананы пәтер деуге келмес. Онсыз да 7-9 жыл жатақхана өмірінен қажыған дәрігер мұндай баспананы қайдан місе тұтсын?! Осында тұрып жатқан ревматолог Лаура Дәулетиярова:
– Бізге бұл жатақханада тұрғанымыз үшін төленетін ақы 3 мың теңге көлемінде болады деп айтылған еді. Алайда қазір ай сайын 10 мың теңгеге жуық коммуналдық төлем төлеп жүрміз. Мұнда 16 отбасы тұрады, басым бөлігі – №3 емхана мамандары.
Сая Силыбаева, рентгенолог:
– Күні бойы жұмыста боламыз, су мен жарықты көп пайдаланбаймыз да. Кейде дәліздегі жарық түнімен жанып тұрады. Ортақ дүниеге кімнің жаны ашысын? Осындай немқұрайдылықтың кесірінен коммуналдық ақыны артығымен төлеуге мәжбүрміз. Себебі коммуналдық ақы жатақхана тұрғындарының бәріне бірдей бөлініп есептелінеді. Қашан үйге қолымыз жететінін білгіміз келіп пәтер бюросының табалдырығын тоздырып болдық. Бірақ көңілге жұбаныш боларлықтай мардымды жауап та ести алмай келеміз.
Екібастұз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Татьяна Тарасованың айтуынша, биылдан бастап Екібастұзға келетін жас мамандарға көтермеақы мүлдем берілмейтін болыпты. Көтермеақы тек «Дипломмен – ауылға!» жобасына ғана бөлінетін көрінеді. Осылайша, Екібастұз қаласында дәрігерлерді баспанамен қамту мәселесі жайына қалған түрі бар. Адам жанының арашашысы – ақ халатты жандар жалдамалы пәтерлер мен жатақханаларды жағалап жүргенде, өзіміз ауыз толтырып айтатын «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қанат жаяды деу қиындау.
Марат Біләлов, №3 емхананың бас дәрігері:
– Бұрын жас мамандарға «500 мың теңге мен пәтер береміз» деп ұялмай айтатын едік. Енді академия түлектеріне айтар сөзіміз де жоқ. Биыл ешкім де келмейтін шығар.