Қасиетті Құранда «Бар ғалам иесi Алла жер бетiндегi тiршiлiкке иелiк етcін деп адамды жаратты. Алдымен Адам атаны, оның қабырғасынан Хауа ананы жаратты» делінеді. Яғни адамзат ұрпағы жалғассын деп, Алла адамның бірін – еркек, бірін әйел жынысты етіп жаратты. Осы кезеңге дейін адам баласы жаратылыстың осы заңымен өмір сүріп келді. Жаратылыс заңы бойынша адам екіге бөлінеді – еркек, әйел. Үшіншісі берілмеген. Алайда соңғы уақытта адамның қай жыныстық тобына да жатқызуға келмейтін үшінші топ пайда болды. Оларды кім деп айтуды да білмейсің. Мұндай топтар ең алдымен «өркениеті дамыған» деген Еуропа елдерінде пайда болып, ақырын-ақырын қанат жайып, бүгінде бізге де жетті. Еуропалықтар оларға «гейлер», «лесбиянкалар» деп ат та беріп қойған.
Еуропаның кейбір елдерінде мұндай біржынысты топтар арасындағы қатынас заңмен реттелген. Олардың отбасын құрып, бала асырап алуларына да рұқсат берілген. Тіпті діни орталықта неке қидыруға да құқықтары бар (Алайда дін қызметкерлері ондай некені рәсімдеуден бас тартуы мүмкін. Өйткені мешіт те, шіркеу де мұндай некеге қарсы). Мұндай топтағылар Англия мен Уэльсте осындай құқыққа қол жеткізген. Ал Францияда келесі жылдан бастап біржыныстылардың отбасы құруына рұқсат беретін заң күшіне енеді.
Американың қазіргі президенті Барак Обама да біржынысты некені құптаушылар қатарында екен. Азаматтар арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы америкалықтардың 50 пайызы бұл мәселеде өз президентін қолдайтындары анықталған.
Өкінішке қарай, «үшінші топтағылар» біздің елде де пайда болып, қатары күн санап көбейіп келеді. Кейбір бейресми мәліметтерге қарағанда, бүгінгі таңда олар еліміздегі жалпы халық санының бес пайызын құрайды екен. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Яғни халқымыздың бес пайызынан ұрпақ тарамайды деген сөз. «Мұндай құбылыс түптің түбінде адамзаттың құрып кетуіне әкеліп соқтырады» дейді мамандар.
Болатхан МАХАТОВ, физиолог ғалым:
– Негізі, біржынысты адамдардың бір-бірімен жыныстық жақындыққа баруы бұл – физиологиялық ауытқудың салдары. Яғни адам бойында гормональдық ауытқу пайда болады. Жаратылыста мұндай құбылыстың 10 мың адамның біреуінде кездесу ықтималдығы бар. Алайда қазір мұндай ықтималдық артып келеді. Бұған әртүрлі әлеуметтік тенденциялар әсер етіп отыр. Мәселен, бұрынғы кезде еркек отбасын асырау үшін аң аулап, жер жыртып, ауыр жұмыстар атқарса, әйел үй шаруасы мен бала тәрбиесін алып жүрді. Ал бүгінгі таңда әйелдер арасында отбасын асыраушы болып, тіпті жүк тасып, ауыр жұмыстарды атқарып жүргендер көбейді. Ал, керісінше, ерлердің қатарында кабинетте отырып, жеңіл жұмыс атқарып жүргендер, тіпті үйде бала бағып отырғандар саны өсіп келеді. Бұл адам организмінің физиологиялық өзгеріске ұшырауына ықпал етеді.
Алғашында олардың атын естігенде құлаққа түрпідей тиіп, үйрене алмай жүргенімізбен, бұл күнде олардың атына елеңдеуді қойып, өздерін көшеде көріп, көзіміз де үйрене бастады.
Олар да өз болмысынан қысылмай, ашықтан-ашық теледидар арқылы өздеріне жұп іздейтіні жайлы, байланыс телефонын ашық жазып, жарнама да беріп жүр. Жастардың жарыса қарайтын «Хит ТВ» телеарнасында мұндай жарнаманы күнде көруге болады. Аталмыш арнада көбінесе бейнебаян беріліп жатқанда, астындағы ұялы телефон арқылы берілетін жүгіртпе жолдағы жарнамадан қасына жұп іздеген «үшінші топ» өкілдерінің хабарламасын жиі кездестіретін болдық. Ғаламторда да олардың арнайы танысу сайттары бар. Ол сайт беттерінде олардың іс-әрекеттерін қолдайтын жылы пікірлермен қатар, неше түрлі суреттер де жетіп-артылады. Мұндай жарнамалар мен сайттардың жастар психологиясына оң әсері бола қоймасы анық.
Ірі қалаларда олардың тек өздері бас қосатын түнгі клубтары бар екені қазір дүйім жұртқа мәлім. Мемлекет біржынысты отбасы құруға заңмен тыйым салғанымен, олардың түнгі клубтарының, сайттарының қызметіне тосқауыл қоймай отырғаны түсініксіз. Өйткені ертең-ақ олардың қатары көбейіп, Еуропа елдеріндегі сияқты отбасын құруға, бала асырап алуға рұқсат беріңдер деп, көшеде шеру ұйымдастырмасына кім кепіл?! Бірақ дәл қазір олардың түнгі клубтары мен сайттарының қызметін тоқтатуға талпынып, тіпті сол жайлы алаңдап жүрген де ешкім жоқ сияқты.
Майра АЙСИНА, Мәжіліс депутаты:
– Біздің елде де мұндай топтағы адамдардың бар екені рас. Бірақ олар да адам ғой. Олардың клубтарын, сайттарын жапқанмен, мәселе шешілмейді. Біз бұл нәрсенің тереңіне үңілуіміз керек. Бәлкім, бұл физиологиялық-психологиялық ауру шығар? Ауру болса емдеу қажет. Бәлкім, экологияның да әсері бар болар? Мұны терең зерттеуді ғалымдар қолға алуы тиіс. Ал, менің ойымша, бұған отбасындағы тәрбиенің әлсіреуі де әсерін тигізіп отырған сияқты. Қазір балалар көп жағдайда әйелдің ғана тәрбиесінде қалып отыр. Жалғызбасты аналар тәрбиелеп жатқан балаларымыз қаншама. Тек қана әйел тәрбиесін көріп өскен бала нәзік болып өсуі ғажап емес. Сондықтан отбасындағы бала тәрбиесіне қатты мән беруіміз керек. Кейде отбасында тек ұлдар ғана өсіріп отырған ата-ана кіші ұлын қызша киіндіріп, қыздай етіп тәрбиелейді, керісінше, ұлы жоқ отбасы бір қызын шолжаңдатып, еркекше киіндіріп, еркекшора қылып өсіреді. «Баланы жастан...» демекші, жастайынан ер баланы ер, қыз баланы қыз етіп тәрбиелеу қажет.
Мамандар арасында мұндай ауытқуды адамдардың психологиялық тұрғыдан әлсіз болып бара жатқанымен түсіндіретіндер де бар. Бұл, шынымен де, психологиялық ауытқу ма?
Анна ҚҰДИЯРОВА, психоаналитик:
– Мұндай құбылысты психологиялық ауру деп айта алмаймын.
Оны адамдардың ерекшеліктеріне жатқызса болатын шығар. Кейде тұқымқуалаушылық себеп болса, кейде өте ерте психологиялық әсердің салдарынан да адамдар осындай күйге түсуі мүмкін. Мысалы, ата-ананың қызын ұл сияқты, ұлын қыз сияқты киіндіріп, олардың анатомиялық ерекшеліктеріне мән бермей тәрбиелеуі жас баланың психологиясына кері әсер етуі мүмкін. Көптен күткен қыздың орнына ұл туса, армандаған ұлдың орнына қыз туса бейсаналы түрде, ал кейбір отбасыларында саналы түрде тәрбиеленген қызмінезді жігітті, еркек мінезді қыздарды кеңінен кездестіруге болады. Менің тәжірибемде мынадай бір жағдай кездескен еді: 13-14 жастағы қызды жақын туысы зорлайды. Содан әлгі қыз қатты күйзеліп, «бұдан былай денеме еркектің қолын тигізбеймін» деп өзіне сөз беріп, бойында ер адамдарға деген ашу, өкпе қалыптасады. Еркектерді жек көріп, қыздарды ұната бастайды. Сөйтіп, қыздың бойында психологиялық өзгеріс пайда болған. Өзім куә болған тағы бір оқиғада, кішкентай төрт-бес жастағы ұлды анасы үнемі көршісінің жасөспірім ұлына қалдырып кетіп жүрген. Өздері жеке қалғанда папа-мама ойнаймыз деп алдап, көршінің баласы үнемі жыныстық қатынас жасаған. Уақыт өте кішкентай баланың еті үйреніп, бұл жағдайды ұната бастаған. Кейін есейе келе де ол баланың жігіттерге көңілі түсіп тұратын болады. Сөйтіп, ер-азаматпен табысады. Сол жігіт бірге тұратын ері тастап кетіп, күйзеліске түскен кезінде келді. Қабылдауыма бірнеше рет келіп, сөйлескен соң, ол жігіт кәдімгі өмірге қайта оралды. Егер адам генетикалық өзгеріс емес, психологиялық әсердің салдарынан осындай күйге түссе, ондай адамға көмектесуге болады.
Елімізде біржынысты адамдардың некесіне заң жүзінде тыйым салынған. Алайда «біздің елімізде де олардың отбасы құруына, бала асырап алуына рұқсат беру керек» дейтіндер де жоқ емес. Тіпті «олар қалай өмір сүрем десе өз еріктері» деп оларды қолдайтындар, оларға түсіністікпен қарайтындар қатары күн санап артып келеді. Ең қорқыныштысы да сол болып отыр. Сондықтан біздің елімізге де алаңдайтын кез жеткен секілді. Мамандардың айтуынша, біржыныстылар қатарының көбеюі ол ұлттың екі ұрпақтан соң жойылуына әкеліп соғады екен. Ендеше, ұрпағымыз азғындамай, ұлт ретінде сақталып қалуымыз үшін аталмыш мәселеге көңіл бөліп, алдын алуға ұмтылуымыз қажет-ақ.
Жаратылысқа жат құбылыс қайдан келді?
Последние статьи автора