Алматы қалалық ішкі істер департаменті қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде қалада 525 311 автокөлік тіркелген. Оның үстіне, күн сайын қала арқылы шамамен 100 мыңдай автокөлік транзитпен өтеді екен. Оған Алматыға әртүрлі шаруалармен келетін Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келетін көліктерді қосыңыз. Сонда бүгінгі таңда Алматы қаласы көшелерінен 700 мыңдай автокөлік жүріп жатыр. Автокөлік иелері жұмыспен барған жердегі автотұрақтарды машиналарымен толтырады. «Көк базардың» маңына шамамен мың көлік келсе, ондағы көше бойын жекешелендіріп алған бақылаушылар 200-300 теңгеден алғанның өзінде, онда олардың күнделікті табысы 200 мыңнан асып түседі екен. Ал мұндай ірі сауда орталықтары қалада аз емес. Оның 50 пайызын «парковщиктердің» өзі, қалған 50 пайызын олардың «крышалары» алады. Демек, қыруар ақша заңсыз айналымда жүр.
«Алматы паркинг» кәсіпорнының қарауында 112 автотұрақ бар. Олардың 30-ы күндізгі болса, 78-і түнгі автотұрақтар. Мәселен, Әуезов ауданында – 17, Алмалы ауданында – 54, Бостандық ауданында – 8, Жетісу ауданында – 7, Медеу ауданында 20 және Түріксіб ауданында 6 автотұрақ жұмыс жасайды. Одан бөлек, көше бойындағы заңсыз автотұрақтардың нақты санын ешкім дөп басып айта алмайды. Олар осы арқылы заңсыз ақша жинағанымен қоймай, көліктердің кептеліп қалуына себепші болады. Тіпті олар жол жиегіне дейін көліктерді қойғызып, екі жолақты жолдың бірін жаптыруда. Онымен қоса, Әлішер Науаи мен Әл-Фараби көшелерінің қиылысында жол жиегінде автобус тұрақтарына дейін тұр. Ал «Автомобиль жолдары туралы» Заңымызда: «Автомобильдік жол — кешенді инженерлік құрылыс. Ол – автомобильдердiң жүруiне арналған» делінген. Демек, заң бойынша жол ешқандай машинаның тұруына емес, жүруіне арналған. Олай болса, заң неге орындалмайды? Оны кім қадағалауы керек?
Ерболат, жүргізуші:
— Онсыз да көлігі көп Алматы көшелерінің бойында автотұрақтар қаптап кетті. Қайсысының заңды, қайсысының заңсыз екенін де білмейсің. Көше бойына тоқтай қалсаң, ақша сұрайды. Көше бәрімізге ортақ емес пе? Тұрақ деп бағдаршамның дәл астына апарып көлік қояды да, қозғалысқа кедергі жасайды. Кептеліп тұрған көшені одан әрі кептелтеді. Осының бәрін көре-біле тұра, жергілікті органдар неге шара қолданбайтыны түсініксіз.
Көшені тұраққа айналдыруға кім рұқсат берген? Бұған қалай тосқауыл қоюға болады?
Кәрібай ТАСШАБАЕВ, заңгер:
– Автокөлік тұрақтарындағы заңсыз ақша жинайтындарға тосқауыл қоюға болады. Бірақ қазір мұны бақылап отырған ешкім жоқ. Тұрақтарда тұратын қызметкерлердің арнайы киімі болуы керек, екіншіден, олар тұраққа қойған көлікке ақшасын алады да, не талон, не чек бермейді. Үшіншіден, ең қиыны, егер көлікке қандай да бір зақым келсе, олар ешқашан жауап бермейді. Сондықтан тұрақ бойынша жұмыс істейтін мекемелердің азаматтық жауапкершілігін арттыру қажет. Қала басшылығынан бастап, прокуратура органдары оларға талон бергізу туралы талап қойып, автотұрақ иелерінің алдына егер көлік тұрақта тұрған кезде оған зақым келсе, оның ақысын да төлететіндей жауапкершілік арттыруымыз қажет. Сонда ғана олардың жұмысы заңды болады.
Ақан ЖИЕНБАЕВ, «Алматы паркинг» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының заңгері:
– Қазіргі таңда «Алматы паркинг» мекемесінде 246 қызметкер бар. Олардың айлық жалақысы дер кезінде еңбек шарты бойынша төленіп тұр. Бұл жағынан бізді прокуратура қызметкерлері тексерген. Ол жағынан бізде мәселе болған жоқ. Үкіметке де, жинақтау қорларына да арнайы заң бойынша салық төлеп тұрамыз. Бірақ кейде біздің мекеменің атын жамылып, арнайы киімдерімізді киіп, заңсыз ақша жинайтындарды прокуратура органдары анықтады. Айта кетейін, біз енді «Барахолка» жақта тұрмаймыз. Ол жерден кімнің қандай ақша жинап жүргендерін біз білмейміз. Оны тексеру біздің құзырымыздағы мәселе емес, оны арнайы құқық қорғау органдары бақылауға алуы керек.
Сонымен, тұрақ мәселесі әлеуметтік және экономикалық проблемаға айналып отыр. Олар заңды-заңсыз халықтың қалтасына түсіп, одан көлік кептелісі орын алып, қаншама адам жетер жеріне дер кезінде жете алмай, жұмысынан қалып жатыр. Сондықтан тұрақ мәселесіне тәртіп орнатып, оны бір жүйеге келтіру қажет. Бұл ретте экономика ғылымының докторы Атамұрат Шәменов: «Ол үшін ірі сауда орталықтары болсын, жалпы халық көп жиналатын мекемелер өздерінің жанынан арнайы тұрақтар жасауы қажет. Сонымен қатар ол жерге көлік қойылғаны үшін ақша талап етілмеуі керек. Себебі сауда жасайтын үлкен мекемелер келген клиенттерді өздеріне тарту үшін оларға жағдай жасауы тиіс», – дейді. Ал қазірше «Барахолка» мен «Көк базардың» маңындағы сауда жасайтын орындар жолдардың үстіне дейін шығып кеткен. Енді оларды кеңітіп, арнайы тұрақтар жасау қажет. Егер оған құлықты қожа табылса?!
Заңсыз автотұраққа тосқауыл жоқ
Последние статьи автора