Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өңір-өңірде көптеген өндірістік нысандар бой көтергені белгілі. Ал ондай ауқымды жобалар қуатына мінуі үшін біраз электр энергиясы қажет болатыны айдан анық. Сондықтан Қазақстан электрстансыларының қуатын арттыруды қолға алып келеді. Алайда мамандардың өзі қазіргі энергияны үнемдеудің тиімсіздігін, ұқсатар болсақ, ешбір шығынсыз-ақ оларды басқа бастамаларға жұмсай алатынымызды алға тартады. Осыған орай, ел Үкіметі «Энергия үнемдеу – 2020» бағдарламасын әзірлеген еді. Қарапайым тұтынушыдан бастап ірі өндірістік ошақтарға дейін энергия үнемдеуге «үйретуді» көздейтін аталған құжатты кеше Министрлер Кабинеті бірауыздан мақұлдады.
Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаевтың сөз саптасына қарағанда, «Энергия үнемдеу – 2020» мемлекеттік бағдарламасы тиімді жүргізілсе, елімізде қуат көздерін тұтынудың жаңа жүйесін қалыптастыруға әбден болады. Бұл үшін аталған құжаттың негізгі тоғыз бағытын іске асыру қажет етіледі. Айталық, біріншіден, ірі өнеркәсіптердің энергия үнемдеу көлемін 30 пайызға дейін жеткізу керек. Екіншіден, отандық энергетиканы инновациялық жолмен жаңғыртып, бір киловатт энергияға жұмсалатын шығынды 14 пайызға азайту орынды. Осыған орай, қазірдің өзінде өнеркәсіп пен энергетика саласындағы 30 кәсіпорында энергетикалық аудит, яғни энергия үнемдеуді анықтайтын тексерулер өтіп жатқан көрінеді. 2015 жылға дейін 2 мыңнан астам өнеркәсіп ошақтары энергиялық аудиттен өтуі тиіс. Министрліктің өзі дәл осы өнеркәсіп саласын ерекше бақылауда ұстауға мүдделі. Себебі аталған сала еліміздегі барлық энергияның тең жартысын тұтынады. Үшіншіден, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын терможаңарту арқылы бір шаршы метрге кететін жылу 30 пайызға дейін үнемделуі тиіс. Осы салада да тиісті жұмыстар жолға қойылған. Бүгінге дейін 935 нысан терможаңартудан өтіп, жүздеген шақырым жылу құбырлары жөнделіпті. Төртіншіден, құрылыс саласындағы барлық нормалар мен ережелер қайта қаралып, 2015 жылдан бастап оның барлығына энергия тиімділікті күшейткен жөн. Бесіншіден, энергия үнемдейтін көлік қатынасы болуы шарт. Осы мақсатта әуе және теміржол көліктерін жаңартып, халықты үнемшіл автомобильдерді сатып алуға ынталандыру қарастырылмақ. Сөйтсек, жанар-жағармайды тұтыну көлемі де 30 пайызға азаяды деген болжам бар. Дәл осы тұста вице-министр бүгінгі таңда қарапайым халықты үнемшіл машиналарға «отырғызудың» тұтастай кешенді жоспары дайындалып жатқанын да аңғартып өтті. «Әлбетте, қазір көпшілік жұрт шағын, ыңғайлы көліктерді таңдайды ғой. Мәселен, шетелде жанар-жағармайды көп жейтін машиналар өте аз. Әсіресе Еуропада солай. Ондай автокөлік автотұрақ жағынан да ыңғайлы, экология да сақталады. Ал халықты ынталандыру мәселесіне келер болсақ, ол үшін мемлекетте тариф-акциз сияқты қалыпты нормалар бар. Шағын машиналар үшін салықтың мөлшері төмен болса, үлкен көліктерге салықтың «салмағы» жоғарылай түседі. Бұл – халықты ынталандырудың тек бір бағытты шарасы ғана. Бүгінде оның тұтас бір кешені әзірленіп жатыр», – дейді Нұрлан Сауранбаев. Демек, алдағы уақытта бензиннің бағасы төмендемейді, тіпті арта түсуі де ықтимал. Ал, есесіне, тарифтік реттеудің осы саласы үнемшіл көліктерді «қолдауға» соқтырмақшы.
Бұдан басқа, «Энергия үнемдеу – 2020» бағдарламасы аясында бюджеттік ғимараттар мен қала көшелерінің жарығын үнемдеу тәртібіне ауыстырып, халықты қуат көздерін барынша ұқыпты пайдалануға және ол үшін мейлінше аз қаражат төлеуге үйрету көзделген. Бұл шаралар бағдарламаның алтыншы-тоғызыншы бағыттарын қамтиды. Түптеп келгенде, Индустрия министрлігі өз кезегінде өндіріс, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік қатынасы және бюджеттік ғимараттардың энергия үнемдеуін азайту шараларына негізгі басымдық беріп отырғаны аңғарылады. «Расын айтқанда, дәл осы салаларда қуат көздерін тұтынуды барынша төмендетуге болады», – дейді вице-министр.
Әсет ИСЕКЕШЕВ, Премьер-министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі:
– Осы уақытқа дейін біраз жұмыс атқарылды. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасына орай «Энергия үнемдеу - 2020» атты жаңа бағдарлама даярланып отыр. Осылайша біз жаңа белеске шығып отырмыз. Аталған бағдарламаның ерекшелігі сол – ірі өндірістік нысандардан бастап қарапайым халыққа дейін барлығы энергия үнемдеу шараларымен қамтылады. Сондай-ақ алдағы уақытта Дүниежүзі банкімен арнайы гранттық келесімге қол қою жоспарланып отыр. Оның арқасында 2014-2016 жылдары елімізде 20 мектеп пен бес аурухананы жаңартып, көшені жарықпен қамтамасыз ету бойынша бір жобаны іске асыру жоспарланған.
Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ, өңірлік даму вице-министрі:
– 2010-2012 жылдар аралығында бюджеттен 980 млн теңге бөлініп, 690 тұрғын үйге, 145 әлеуметтік нысанға, 1 қазандыққа энергия аудиті жүргізілді. Қала халқының 20 пайызы энергия үнемдеу саясатын насихаттаумен қамтылды. Ағымдағы жылы көрсетілген мақсаттарға 360 млн теңге, оның ішінде 210 млн теңге 270 тұрғын үй бойынша энергия аудитін жүргізуге, сондай-ақ 150 млн теңге энергия үнемдеу саясатын насихаттауға бағытталады.
Ал өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев атап көрсеткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларында энерготиімділік орталықтары салынып жатыр. Олардың құрылысын ағымдағы жылы аяқтау жоспарланған. Мұны естіген Үкімет басшысы Серік Ахметов те дереу вице-министрді тоқтатып алып: «Мұндай орталықтардың құрылысы қашан аяқталады деп отырсыз?» деп төтенше сауал қойған болатын. «Биыл құрылысын аяқтап, келер жылы ішін жабдықтаймыз, Серік Нығметұлы», – деп жауап берді Қайырбек мырза Өскенбаев. «Сіз тым ұзартып жіберген жоқсыз ба?» – деп Үкімет басшысы қайта тәптіштеп сұрау салған еді. Бірақ вице-министр бүлк етпей: «Бәрі кесте бойынша» дегенді алға тартты. «Қайдағы кесте?!» – деді Премьер-министр Серік Ахметов мырс етіп күліп: «Сіздер оны (орталықтарды. – Авт.) ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға берулеріңіз керек еді. Сіз сонда қайдағы кестені айтып тұрсыз!» дей келе, мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Тоқтала кететін жайт – индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаевтың энергия үнемдеу мәселесін үнемі қадағалап, сол бойынша тоқсан сайын Үкіметте есеп беру ұсынысын Премьер толық қолдады. «Бұл – аса маңызды мәселе. Бағдарламаның орындалуына жүйелі түрдегі бақылау қажет. Ол арнайы жол картасы аясында іске асатын болды. Сондықтан мен оны тоқсан сайын қадағалап, барлық деңгейде есеп беру ұсынысын қолдаймын. Осыны ойластырып алған жөн. Тоқсан сайын біз Үкіметте барлық есептерді тыңдайтын боламыз. Ірі өндірістік нысандар да одан тыс қалмайды», – деді Серік Нығметұлы. Сондай-ақ Үкімет басшысы энергия үнемдеу бастамаларын ынталандыру бойынша тиісті ұсыныстарды енгізуді тапсырды. «Барлық орталық, жергілікті атқарушы органдарға энергия үнемдеуді насихаттау бойынша жұмыстарды күшейту, адамдарымызға энергия үнемдеудің пайдасын нақты көрсете отырып, оларды оқыту қажет деп есептеймін», – деді С.Ахметов.
Сөйтіп, аз-кем талқылаудан соң Министрлер Кабинеті кешегі отырыста «Энергия үнемдеу – 2020» бағдарламасын бірауыздан қабылдады. Бағдарлама аясында қарастырылған барлық шараларға бюджеттен 1 трлн 182 млрд теңге жұмсалатыны қаралыпты. Оның ішінде республикалық бюджеттен 145 млрд теңге бөлінсе, жергілікті бюджеттерден 9,8 млрд теңге қаралмақшы. Қалған 1 трлн 177 млрд теңге бюджеттен тыс қаржы көздерінің еншісіне ауатын тәрізді.
Жаңа бағдарлама энергияны үнемдеуге үйретеді
Последние статьи автора