Жалаңаш қыз көрсем, қаным көтеріледі. Себебі бүгінде тәнін көрсетіп мақтанатын түрлі сұлулар әлеуметтік желіні қаптап кетті. Ашып қалсаң болды, «купальник» киген біреуді көресің.
Күні кеше ғана сондай біреу аулада суды шылпылдатып, мәз боп отыр. Кисе кисін-ау, бірақ оны желіге салып жария етудің қажеті қанша деймін. Төсін жартылай ғана жапқан кеудеше не көйлегімен селфилетіп жүргендер де жетерлік. Бұрынғыдай бірлі-жарым емес, мұндайлар қазір күн санап көбейіп бара жатқандай.
Әу баста жалаңаштануды жарнамаға айналдырған Айжан Байзақова есімді біреу еді. Соңыра бұл дарақылық қаншама бойжеткеннің ойын бұзды. Тіпті әнеугүні «Еуразия» телеарнасынан берілетін «Пендеміз ғой» бағдарламасында да тілі орысша, кеудесі жартылай ашық, саны жылтыраған бір қыз көрермендердің алдында «артымен» билеп берді. Сөйте тұра ол бұл қылығын ерсі санамайтынын, өзіндегі барды көрсеткенде тұрған ештеңе жоқ деп ойлайтынын да ашық айтты.
«Ұнамаса қарама» деп өзіңді кінәлі ететін мұндай қыздардың мақсаты не? Көп жағдайда олардың көксегені бергі жағы жігіттердің өздеріне назарын аудару болса, арғы жағы әлеуметтік желіден лайк жинау, өзіндегі жазылушылар санын көбейту, сол арқылы танымалдылыққа қол жеткізу секілді. Бұл заманда әлеуметтік желіде жазылушылары көп адам парақшасын пайдаланып, оп-оңай ақша жасай алады. Демек, хайп жасау арқылы тез әрі оңай табысқа қол жеткізуге, желіде жұлдыз атануға мүмкіндік бар.
Жалпы, қанша жерден керемет болса да жұрт алдында жалаңаштануды доғару керек қой. Оларды жарнамалауды да тоқтату керек. Көп адам: «Ойбай, мынау сұмдық қой!» – деп атойлағансиды да, тәнін көрсеткендерді парақшасына салып қояды. Осылайша біріне бірі таралып кете береді. Жарнама емей немене?! Мұны білетін әлгілер жүрегі жарыла қуанады да, тура сондай тағы бір суретін салып қояды. Сөйтіп-ақ ол қыз шала танымал болып, бір қарасаң телеарналардағы бір бағдарламада сықиып әңгіме айтып отырады. Біреу бірдеңе айтса, «хайп қой» дейді. Әйтеуір аты шыққанына мәз.
Мұндайларға заң тарапынан да шектеу жоқ. Ең болмаса миллиондап айыппұл салса ғой. Сол кезде қадамдарын аңдып басар еді, баспағаны айыппұл төлеп, тым болмаса мемлекетке аз да болса пайда әкелер еді. Ана да әй демейді, әке де қой демейді. Әрине, шектеу болмаған соң тоқтау да болмайды.
Өз басым ашық-шашық әлемге заңмен ғана тыйым салуға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Бірақ сен айттың екен деп заңға өзгеріс енгізгелі жатқан ешкімді көрген жоқпын. Жақын арада көрер ме екенбіз?..
М. БИБОЛ.