Жаяу жүргіншілер неге жол ережесін сақтамайды?
Алматы қаласында соңғы үш айда 600-ге жуық жол-көлік апаты тіркелген. Жол полицейлерінің айтуынша, көлік апатының шамамен үштен бірі жаяу жүргіншілердің кінәсінен болыпты.
Нұрмұхаммед Мамырбеков
Алматы қалалық Жол полициясы басқармасы мамандарының айтуынша, бүгінде жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауы күрделі мәселенің бірі болып табылады. Мәселен, қарапайым азамат жаяу жүргіншілер жолына «бұл – менің жолым» деп түсіп алады да, жоғары жылдамдықпен келе жатқан көліктің астына түсіп кетеді. Кейіннен апатқа көлік иесі себепші ме, жоқ жаяу жүргінші кінәлі ме деген сұрақтар үлкен дауларға ұласып жатады. Әрине, жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауы көлік иелеріне де үлкен зардабын тигізеді. Статистикалық деректер көрсетіп отырғандай, бүгінде Алматы қаласында болатын жол апатының шамамен үштен бірі жаяу жүргіншілердің кесірінен орын алады екен. Биылғы жылдың тек үш айында қалада жүргіншілердің жол ережесін сақтамауынан екі жүзден астам көлік апатқа ұшыраған.
Жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік кейде жаяу жүргіншілер жолындағы азаматты көрмей қалуы мүмкін. Жол полицейлерінің айтуынша, сол себептен азамат та өзіне белгіленген жолдан өтер кезде өте мұқият болып, алдымен жан-жағына қарап алуы керек. Өзіне қауіп жоқ екенін білгенде ғана жолдан өтуі тиіс. Осы жайлы республикалық жол ережесінің арнайы бабында көрсетілген. Әрине, бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Себебі жаяу жүргіншілер жолы, жол белгілерінде де көптеген кемшіліктер бар.
Мәселен, Алматыда бүгінде жол белгілерінің көбі ескірген. Түнгі уақытта зулап келе жатқан көлік иесі, белгілердің сыры кетіп, жылтырамай тұрғандықтан, оны көрмей қалуы ғажап емес. Ал кей жерлерде мұндай белгілер қисайып, құлауға жақын тұр. Біздегі жол белгілері мен жаяу жүргіншілер жолы кеңес үкіметі кезіндегі әдіспен салынған. Ал көлік нөпірі қалың жолдарда жерасты, жерүсті жаяу жүргіншілер жолы өте аз. Мысалы, Райымбек, әл-Фараби сынды ірі даңғылдардың бойында бірден ғана осындай жол өткелдері бар. Жоғарыда жаяу жүргіншілер жолында жиі апаттың болатынын айттық. Біз айтып кеткен мәселелерді шешпей, олардың саны әлі де өсе түсуі мүмкін. Сондықтан қала басшылығы, тиісті органдар проблемаға жіті назар аударып, тұрғындардың қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз етуі қажет.
Жуырда Алматыда қалалық Жол полициясы басқармасы дәстүрлі «Жолда қабылдау» шарасын өткізді. Оның негізгі мақсаты – халықпен етене жұмыс істеу. Шара барысында жол полицейлері халықпен ашық пікірлесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Біздің бір байқағанымыз, мұнда келген азаматтарды да жаяу жүргіншілер жолына қатысты сұрақтар көп мазалайды екен. Бұған қарап, біз азаматтарға түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстары әлі де толық жүргізіліп жатқан жоқ деген ойға келдік. Әрине, бұған тек полиция қызметкерлері кінәлі емес. Оған әрбір азаматтың жауапкершілігі керек. Тұрғындарды мазалаған тағы бір сұрақ – қаланың кейбір жерлерінде жол белгілерінің болмауы немесе қиратылып жатуы. Ал полицейлер бұған да азаматтардың қала тәртібіне немқұрайды қарауы себеп дегенді айтты. Себебі жол белгілері орнатылған жерлерді тұрғындардың өздері қиратып кететін көрінеді.
Еркін ӨТЕГЕНОВ,
Алматы қалалық ІІД Жол полициясы басқармасының насихат және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеу бөлімінің бастығы:
– Алматы мегаполисінде кейбір жолдар бір бағытқа қарай үш-төрт жолақтардан тұрады. Жүргінші өте сақ болмаса, қайғылы жағдайларға тап болуы мүмкін. Ал кейде бізде жол апаты көбіне жаяу жүргіншілердің кесірінен де болып жатады. Себебі жаяулар өздеріне берілген құқықты білмейді. Қай жерде, қандай жағдайда болса да, баса-көктеп өте береді. Мәселен, жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік аяқастынан жолдан шығып келе жатқан адамды көргенде не оны қағады, не өзі бір жерге соғылады. Техника болғандықтан, көліктің тежегіші істен шығып қалуы мүмкін ғой. Сондықтан менің айтарым, азаматтар жаяу жүргіншілер жолына шықпас бұрын алдымен өз қауіпсіздігін ойлауы шарт.
Дерек
Алматы көшелерінде бір күнде 80-ге жуық жол-көлік оқиғасы болады. Ал бір жылда қалада 25 мыңнан астам көлік апатқа ұшырайды. Осы жылдың үш айының өзінде Алматыда 600-ге жуық жол апаты болған. Оның салдарынан 43 адам қаза тауып, 700-ге жуығы жарақаттанған. Бүгінде Алматыда тек қала нөмірімен 522 мың көлік тіркелген. Ал сырттан күнделікті келетіндерді қосып есептегенде, бір миллионнан асып жығылады.