Біз қоршаған ортаның жасанып тұрғанын жақсы көреміз. Мейлінше сол үндестіктің жоғалмағанын жанымыз қалайды. Табиғат байлығын қалай сақтап жүрміз? Осы сауалға келгенде жарытымды жауап таба алмай қиналатынымыз хақ. Безбенге салып тартсақ, барымыздан жоғалған дүние көп екен. Көз жүгіртелікші, жүгірген аң, ұшқан құс, тіпті туған топырақтан тамыр алған өсімдіктер әлемі де жұтаң тартып барады емес пе?! Тіпті олардың кейбірі көз алдымызда кеми түсті. Барлығы да біздің қолымызда тұр. Оларды қорғай алсақ, мұндай күйге душар болмас еді ғой. Әлемде «Қызыл кітап» деген дүние бар. Оған көзден жоғалған, тұқымы тұздай құруға жақын және таяу жылдарда саны азайып кететін табиғи байлықтар енеді. Ондай кітап бізде де бар. Бүгінге дейін бірнеше мәрте баспа жүзін көріп үлгерді. Алайда жан-жануар мен өсімдіктер әлемін соған енгізіп қойып, басқасына бас ауыртпай, бейқам отырудың реті қалай? Екі адамның бірі әңгіме қозғай қалғанда үнемі тілге тиек ететін «табиғат аялауды сүйеді» дегенді қашан қаперге ілеміз осы?
Аталмыш тақырыпқа байланысты төрелік айтып жүрген ғалымдар жарғақ құлағы жастыққа тиместе, «аң мен құстың, өсімдіктер әлемінің құрып кету жағдайы бұрынғыдан жиілеп барады» деген уәж айтып жүр. Десе дегендей, табиғат байлығы саналатын жан-жануар мен өсімдіктің түрлері бұрынғы кезеңде 2000 жылда жойылып келгенге ұқсайды. Енді ше? Соңғы үш ғасырда сол «үрдіс» өзгеше сипатқа ие болған. Әрбір он жыл сайын табиғат байлығының бір түрі мәңгілікке құрып жатыр. Бұған дәлел: кейінгі мыңжылдықта омыртқалы жануарлардың 173 түрі өмір сүруін тоқтатқан. Он жылда осындай жағдай қайталана берсе, көп уақыт өтпей-ақ қоршаған ортамыз қаңырап бос қалады. Оларды тек кітаптағы суреттен көретін шығармыз.
Сыр жерінде өткен ғасырдың 30-жылдарына дейін жолбарыс болғаны бүгінгі ұрпаққа құр әшейін айтылған әңгіме сияқты естіледі. Бұл – ешқандай аңыз емес, күні кеше аға буын көзімен көрген жағдайлар. Бәлкім, сол жыртқыш аңға адамдар тарапынан мейірім болғанда, мұндай келеңсіз жағдай орын алмаған болар еді. Жолбарыстар неге жоғалып кетті? Оның сырына үңілген ешкім жоқ. Солай болуы тиісті сияқты. Ләм-мим деген адам кездесе қоймады.
Қазір облыста еліктер де азайып кеткен. Оның санына қолдың саусағы толықтай жетеді. Еліктер осылайша қамқорлық күтіп жүр. Ел де елеңдейді. Кезінде боз далада көзге көбірек ілігетін аталмыш жануар осы күні өте аз күйге түскен.
Бұл мақсатта қандай шара атқарылуда? Оны білетін адам жоқ тағы да... Осылайша, бір күні олардан да айырылып қалмасақ болар еді... Сондай-ақ таудың сәніне айналған ай мүйізді арқарлар мүлдем кеміп барады. Ғалымдар аталмыш жануардың түпкі шыққан жері Қаратау дегенді көлденең тартады. Қаншама ғасырдың куәсіне айналған таудан қазір арқарды кездестіре қою екіталай. Бұл біздегі табиғи байлыққа деген немқұрайды көзқарастың бір көрінісі секілді.
Дала сәніне айналған жан-жануар мен өсімдіктің азаюына немесе жоғалуына түрлі себептер әсер етеді. Тіпті табиғаттың өзі де кейбір қоршаған орта құндылығының кемуіне алып келеді. Адамзат тарихындағы үлкен апаттардың бірі болып табылатын Арал теңізінің тартылуы да осындай жағдайды туғызды. Теңіздің тұздануы салдарынан бірқатар балық түрлері мүлде жоғалып кетті. Кешегі күндері Аралдың ажарын кіргізген қаяз, тұқы секілді балықтар теңіз жағасындағы жұрттың көзінен таса бола жаздады. Осы салаға жанашыр кейбір азаматтардың қамқорлығы арқасында қаяз тұқымын қайта көбейтуге көңіл бөлініп отыр. Алайда балықтың бұл түрі бұрынғыдай теңізде молынан жүзіп жүре ме екен? Аталмыш сауалдың түйіні тарқатылмай тұр. Ешкім олай-бұлай деп нақты жауап бере алмайды. Бір жылдары оның орнына камбала балығы өсірілген. Түпкі отаны Скандинавия маңындағы су айдындары саналатын ол Аралды да жатсына қойған жоқ. Дегенмен жергілікті жұрттың бүйрегі бұрыннан өздері жақсы білетін балық түрлеріне бұрады. Қазір Кіші Арал теңізі суға тола бастады. Әйтсе де онда уақытында балықшы қауымның күнделікті тіршілігіне өзек боларлық су маржандары әлі де өз деңгейіне жетер емес. Оның қашан толығары да белгісіз. Әзірге арман күйінде қалып тұр. Олардың барлығы дерлік «Қызыл кітапқа» енгізілген.
Оразхан АЙДАРОВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы:
– Кезінде Сыр өңірінде аң мен құстың саны қазіргіден әлдеқайда көп болғаны белгілі. Дегенмен кезінде кеткен олқылық салдарынан олардың көпшілігі құрып кетті, болмаса саны өте азайды. Соның дәлелі ретінде жолбарыс пен елікті айтуға болады. Алғашқысы бүгінде мүлдем кездеспейді. Ал еліктердің саны онға да жетпейді. Сондай-ақ бүркіт, ителгі, тұйғын сияқты жыртқыш құстар да азайып барады. Менің ойымша, Қазақстандағы аң мен құстар, өсімдіктер әлемін қорғау бағытында арнайы бағдарлама жасалуы тиіс. Болмаса, қазір саны азайып бара жатқан, қоршаған ортаның сәніне айналған кейбір табиғат байлықтарынан да айырылып қалу қаупі туып тұр.
Адам мен табиғат етене дейміз. Дегенмен екі ортадағы байланыста көптеген олқы соғарлық жағдай баршылық. Күндердің күнінде базары тарқаған боз далаға көз тастап, терең күрсініп қалып жүрмейік дейміз де...
Жабайы аңдар жыл өткен сайын сиреп барады
Последние статьи автора