Ақтөбеде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін жедел-кепілдемелер беру бойынша алғашқы кепілдік шартына қол қойылды.
Осы жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына бірқатар оңтайлы өзгерістер енгізілген болатын. Оның ішінде ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін мемлекет тарапынан жедел кепілдемелер беру мүмкіндігі де қарастырылған. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер үшін «Бизнестің жол картасы» бойынша мемлекеттік кепілдеме несие сомасының 50 пайызына дейін берілетін болса, ал бастауыш кәсіпкерлерге арналған жедел-кепілдемелер несиенің 70 пайызына дейін ұсынылады. Бірақ несиенің ең жоғарғы сомасы 20 млн теңгеден аспауы қажет.
Банктің несиесі бойынша «Даму» қорының 70 пайыз кепілдемесін алу мүмкіндігіне негізгі қызметі ыстау әдісімен еттен ұлттық тағам өнімдерін өндіру болып табылатын жеке кәсіпкер Данат Шураханов ие болды. Алғашқы уақытта кәсіпкер өнімнің тек бір түрі – жылқы етінен ысталып жасалатын қазы өндіруді жоспарлап отыр. Өндіріске шикізат Ақтөбе облысының мал сою цехтары мен шаруа қожалықтарынан сатып алынбақшы. Сондай-ақ Қазақстанның өзге аймақтарынан және жақын шетелдерден жеткізілген еттер де пайдаланылатын болады. Өнімді тұтынушылардың мақсатты топтары ретінде облыс тұрғындары, қоғамдық тамақтандыру нысандары, еліміздің жақын аймақтары мен Кедендік одаққа мүше елдер қарастырылған. Өндірісте Ресей мемлекетінде шығарылған жоғары технологиялық құрал-жабдықтар пайдаланылатын болады. Шағын цехтың жалпы құны 40,3 млн теңгені құрайды, оның ішінде 19,6 млн теңгесі несиеге алынған.
Банктен алынған несие бойынша мемлекеттік кепілдеменің құны 13,7 млн тенге, яғни несие сомасының 70 пайызы. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Данат Шурахановқа сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау да көрсетілмек.
Ысталған қазыны өндіру қолға алынды
Последние статьи автора