ҚР Білім және ғылым министрі Аслан СӘРІНЖІПОВТЫҢ назарына!
Ел тәуелсіздік алғалы бері халқымыздың санасындағы таптық ойлар жойылып, жас ұрпақтарымыз төл оқулықтармен тәрбиеленіп, білім алып келеді. Мұндағы басты мақсат – жас ұрпақтарға заманауи саналы білім берумен қатар, ең бастысы – олардың санасына тәуелсіздік идеясын қалыптастыру, отан сүйгіштікке, ұлтын сүйгіштікке, елін, жерін сүйгіштікке тәрбиелеу екені белгілі.
Еліміз Тәуелсіздігін алғалы 20 жыл өтсе де, біздің азаматтар әсіресе, ұрпақ тәрбиесіне қатысты оқулық жасаушы ғалымдарымыз Тәуелсіздік деп нені айтатынын, тәуелсіз елдің азаматының сана-сезім, көзқарасы қандай болатынын білмейтін де сияқты. Өйткені, қазір біз қолымызға ұстап саралап отырған оқулықтарда баяғы бодандық пен таптық кезеңдегі көзқарастар сол қалпында сақталып, сол көзқараспен түзілген қателіктер жиі кездеседі. Біз ел Тәуелсіздік жариялаған күннен бастап, таптық ұғымнан да бас тарттық, коммунистік идеологияның дегенімен әкені балаға, баланы әкеге қарсы қойып, «ақ», «қызыл» деп бөліп, еркін ойлыларды «халық жауы» санайтын қате пікрелермен ат тізгінін айырыстық. Соның нәтижесінде тәуелсіздікке дейін «банды», «халық жауы», «феодал»… т.т. деп шеттетіліп, халық санасынан күшпен аластатылып келген ағаларымыз бен әкелеріміз, аталарымыз бен бабаларымыз керісінше халықтың шынайы қорғаны болғанына көз жетіп, көнедегі қателіктерімізді түзетудеміз. Тәуелсіздікке дейін Абылай «феодал билеуші», «қанішер», одан кейінгі алашордалықтар «халық жауы», «коммунистік партияға қарсы шығушылар» болатын. Ал, коммунисттік партияның таптық пердесі ашылғаннан кейін ақиқаттың мүлде керісінше екенін түсіндік. Бұның барлығының қателігі отарлаушылар мен одан кейінгі «революцияшылдардың» мойнында екені, олар қазір тарих алдында жауап беріп жатқаны да белгілі. Сөйте тұра, мектеп оқулықтарын жасаушы кейбір ғалым, авторларымыздың санасы осы қарапайым ақиқатты түсінуге жетпей жүр.
Алысқа бармай-ақ, 2007 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған «Әдебиет» оқулығына енген Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» әңгімесін мысал етсек те жетерлік. Оқулықтың авторлары – Р. Құтқожина, Қ. Бітібаева, Қ. Жаманбаева есімді азаматшалар Сәкенді қай қырынан танып, шығармаларын қандай көзқараспен оқиды екен?! Біздіңше, Сәкеннің дәл осы шығармасындағы идеялық көзқарасы бүгінгі тәуелсіз қазақ ұрпақтарының санасына қона бермейді. Себебі, Хамит – төңкерісшіл, коммунистік көзқарастағы адам. Ол өз дегеніне жету үшін атасын да атып тастауға дайын. Егер атасы оған, «Ей, Хамит балам, сен осы төңкеріс-төңкеріс, қызылдар-қызылдар, деп жүріп, халықты әбден үркіттің-ау!» десе болғаны, сол төңкерісті жеңіске жеткізу үшін Хамит атасын да атып өлтіріп кете барады. Қазан төңкерісімен біте қайнасқан ондай «жаңашыл Хамиттар» мыңдап болған. Солардың арқасында, қазақ деген халық байлығынан, билігінен, жері мен малынан, адамынан айрылды. Шын мәнінде, ол кездегі «бандылар» қазір банды емес, ол кездегі «отаншыл батырлар» қазір керісінше, «халық жаулары». Сәкеннің өз сөзімен айтқанда, «Қызыл Қазақстанда» жазылған мақалалары бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның идеологиясына сай келмейді. «Азын-аулақ қазақтан шыққан, ұлы өзгеріске қатысқандардың ұстазы Ресей большевик партиясы болып, революцияның жалпы жауларына қарсы шығысқанда, күрескен дұшпандардың бірі «Алаш» еді. Бұл кітапта («Тар жол, тайғақ кешу» Ж.Х.) «Алаш» туралы әңгімелер айтылғанда, ол әңгімелер тарихи мағлұмат ретінде баспа жүзінде шықсын деген оймен айтылды. «Алаш» деген, «Алашорда» деген болды. Оның Октябрь төңкерісіне қарсылық еткенін жұрт өзі де қазір тегіс көріп отыр. Ұлы өзгеріс, революция уақытында «Алашордада» болған адамдардың талайы күнәләрін мойынына алып, Совет үкіметіне мойын сұнды. Талайы большевик партиясына кіріп те отыр..», — дейді Сәкен. Міне, Сәкеннің айтып отырған «жаулары» большевиктерге қарсы болған жандар. Яғни, қазір біздің ту етіп отырған – «Алашордалықтар», солардың жолын дұрыс көргендер. Дәлірек айтқанда, Хамит «бандыны» емес, «банды» («Алашордалық» Ж.Х.) Хамитты қумақ болған. Санадағы осындай өзгерістерді біз төл оқулықтарымыздан іздейміз. Өкінішке орай, аталмыш оқулықты құрастырушылар большевиктік көзқарастарынан арыла алмаған. Әңгімедегі саяси көзқарастың ара-жігін дұрыс ажыратып бермеген. Және де, әңгімені ықшамдағанда қателіктерге жол берген. Тақырып соңындағы мазмұндама сұрақтары да түсініксіз. «… Бандылар кімдер, олар ел ішінде қандай жауыздық іс-әрекеттер жасайды? (2-сұрақ), Хамит елге қандай тапсырмамен шығады?.. Хамит пен Кудря (банды), олардың іс әрекеттеріндегі, мінез-құлықтарындағы, түр-тұлғаларындағы ерекшеліктерді байқай отырып, салыстырмалы мінездеме беріңдер… деген сияқты. Бұдан қазіргі балалар не ұғады? Авторлардың міндеті — әңгімедегі саяси тартыстың ақ-қарасын оқушыларға түсінікті етіп жазу емес пе? Ал, бұл жерде авторлар өз міндеттерін оқушыларға жүктеген де өздері сол ескі ұғыммен Кудряны «банды» есебінде қалдыра берген. Онымен қоймай, авторлар «Шығарма оқиғасы суреттелетін кезеңге мұғалімнің көмегімен сипаттама беріңдер.», — деп, қосымша тапсырма жүктейді. Бірақ, оқиға болған кезең мен әңгіме авторы туралы, әңгіменің қандай көзқараста жазылғаны туралы, «банды» деп кімдерді атаған? Кудря неліктен «банды» атанды?.. т.т. деген сияқты ең маңызды сұрақтар жауапсыз қалдырылған. Және де, оқулық авторларының не үшін мұғалімге артық жүктеме беріп отырғаны да түсініксіз. Демек, олар өздерін тәуелсіз елдің төл оқулығын (жаңаша көзқарастағы) жазып отырғандарын жете түсінбеген. Сондығынан да, «банды» деген ұғымды сол қалпында қалдырған. Сәкен Сейфуллиннің кім болғанын да толық түсіндірмеген. «Төңкерістен кейінгі (қашан қайда, не үшін болған, нендей төңкеріс? Ж.Х.) қазақ әдебиетінің аса ірі өкілі, «ғажайып тұлғасы» (бұл сөз тіркесін тырнақшада берген! Ж.Х.) С. Сейфуллиннің өмір жолы, шығармашылық мұрасы, халқының сол кездегі басынан өткен тарихи оқиғалармен тікелей байланысты болды.» деп бастайды да, «қу жақ» Голощекин саясатын батыл айыптап, «Қызыл ат» деген поэма жазды» дей келе, «Сәкен тарихта өздерің білетін 1937 жылғы «зұлмат тырнағына» жазықсыз ілігіп (не үшін? Ж.Х.), 1938 жылы ақпанда «халық жауы» ретінде атылды…» деп түйіндейді. Әңгіменің мәтіні де түсініксіз. «… Жан-жағына біраз алақтап тұрып, жүгіріп (!) киімдеріне келіп, аттан түсе қалып, шапшаң шала-пұла киініп, атына мініп те алды». Сөйлем құрлымындағы қайшылықтарды айтпағанның өзінде, жаяу адамның жүгіретіні болмаса, жануардың жүгіргені де сөлекет нәрсе. Бұл жерде Хамиттың жаяу жүргені, немесе, атпен желдіртіп жүргені белгісіз. Мәтіннің көшірмесіндегі қателік сол қалпында ескертпесіз берілген. Мұны оқыған бала «ат жүгіреді» деп қателеспей ме?!.. Сәкенде бұл әңгімеден өзге маңызды шығармалар жоқ па еді?..
Сонымен, мұндай оқулықтарға не айтуға болады?! Көз жеткізгеніміз – Хамиттың әлі күнге дейін бандыны қуып жүргені!
Жүкел ХАМАЙ.