Жуырда Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деңгейінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң «ІІ Халықаралық Фараби оқулары» аясында халықаралық студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми конференциясы ұйымдастырылды. Конференция «Ғылымдағы студент – болашақтың зияткерлік әлеуеті» атты тақырыпта өтті. Бұл шара шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының 30 жылдық мерейтойына арналып отыр.
Осы уақытқа дейін кафедраның ғылыми базасы дамып, қасиетті қарашаңырақ аясында көптеген жас мамандарының топшысын қатайтып, қияға самғатты. Бұл Халықаралық студенттер конференциясы 30 жылдағы кафедра жұмысының нәтижесін көпшілікке кеңінен таныстыруға зор мүмкіндік берді.
Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов: «Адам мен адамды, ел мен елді теңестіретін нәрсе – білім» деген екен. Әлемнің әр түкпірінен келген жүздері басқа болғанмен жүректері білім мен өнерге құштар, тілдері басқа болғанмен тілектері тоғысқан жастар осы халықаралық студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми конференциясына белсене қатысып, өз білімдерін көрсетті.
Конференция жұмысы жаратылыстану-математика, гуманитарлық, медицина-биологиялық және техникалық ғылым салаларының түрлі бағыттары бойынша өткізілді. Әртүрлі кең көлемдегі мәселелерді қамтитын және ғылыми өзекті болып табылатын ауқымды тақырыптардағы мақалалар тыңдалып, қызу талқыланды.
Конференцияға 17 елдің (Қазақстан, Ауғанстан, Испания, Жапония, Украина, Монғолия, Қытай, Ливан, Оңтүстік Корея, Азербайжан, Марокко, Швейцария, Өзбекстан, Вьетнам, Туркия, Германия, Иран) 21 Жоғары оқу орындарынан 332 студент пен жас ғалымдар, оның ішінде 245 шетелдік студент қатысты.
Конференцияға барлық қатысушы, әлемнің әр елінен келген ұлт өкілдері рет-ретімен өз баяндамаларын оқыды, әртүрлі тың тақырыптар тыңдалды, баяндамашылар баяндама барысында туындаған сұрақтарға жауап берді. Конференция барысында студенттер тарапынан бірқатар құнды пікірлер, ұсыныстар айтылды.
Баяндамаларымен қатысушы студенттер мен магистранттардың дайындықтарының жоғары деңгейде болғанын атап өтуге болады. Ғылыми жоғары деңгейдегі баяндамалар І,2,3 орындарға ие болды.
«Ғылымдағы студент – болашақтың зияткерлік әлеуеті» атты халықаралық студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми конференциясы ғылыми-мәдени диалог түрінде шетелдік студенттердің өздерінің белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті.
Саденова А.Е.
Курманова Т.В.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Шетелдіктердің тілдік және
жалпы білім беру дайындығы
кафедрасының оқытушылары.