Алматы облысына қарасты Панфилов ауданы – шаруашылығымен де, өңірдегі халықаралық маңызға ие экономикалық нысандарымен де дамудың даңғыл жолына түскен өңірдің бірі. Кеңестік кезеңде «дала аруы» – жүгерісімен аты шыққан өңір Тәуелсіздік тұсында қазақ-қытай қатынасының қақпасы аталған «Қорғас» кеденімен танылды. Жаркент өңірі – қазіргі таңда ауыз толтырып айтарлықтай іргелі істерді батыл қолға алған аудан. Ғасыр жобасы аталған «Жетіген–Қорғас» теміржолының жұмысы, аудан халқының әл-ауқаты, өңір экономикасы жайлы Панфилов ауданының әкімі Бөлтірік Аусадықұлы Жақыпов мырзамен әңгімелескен едік.
– Бөлтірік Аусадықұлы, сіз басқарып отырған өңір – бір кездері бүкіл Кеңес Одағына жүгерісімен аты шыққан өлке. Қазіргі кезде аудан халқы бұл шаруашылықпен айналыса ма?
– 1980-1985 жылдары жүгері егісі – 34-35 мың гектарға, әр гектардан алынған өніміміз – 62-65 центнерге, жалпы өнім 230-250 мың тоннаға жеткен. Содан кейінгі жылдары себілетін жүгерінің егіс көлемі, өнімі азайды. Қазіргі кезде, әсіресе соңғы жылдары жүгерінің егіс көлемі 2007 жылы 20015 гектардан 24998 гектарға дейін, әр гектардан алынған өнім 48 центнерден 56,5-ке дейін, жалпы өніміміз 96,6 мың тоннадан 141 мың тоннаға дейін өсті немесе 46 пайызға көбейді. Келесі жылдары себілген жүгері егіс көлемін 30-35 мың гектарға дейін, әр гектардан алынатын өнімді 60-65 центнерге дейін, жалпы алынатын өнімді 200-250 мың тоннаға дейін жеткіземіз деп жоспарлаудамыз. Осы мәселелерді орындау үшін біз жүгері өсірудің 2014-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасын жасадық. Оның ішінде суармалы су жүйелерін, қырмандарды жөндеу, жүгері қабылдайтын орындарды жасау, минералдық, органикалық тыңайтқышты, гербицидтерді қажетті мөлшерде пайдалану мәселелері қамтылған.
Ауданда суармалы жерді дұрыс пайдалану үшін 20 су пайдаланушы ауылдық тұтыну кооперативі және ауданда «Орбұлақ» қауымдастығы құрылды. Жылдан-жылға су жүйелерін жөндеуге субсидияларды көбейтіп жатырмыз. Егер 2011 жылы 4300 мың теңге субсидия алынса, биыл 9 млн теңгеден астам субсидия алынды. Алынған техника өткен жылы 56 дана болса, биыл 100-ге дейін жеткіземіз. Ауданда 5 мыңға жуық тауар өндірушілер жұмыс істейді. Олар алған субсидия 3 миллионнан 1 млрд теңгеге дейін жетті.
– Жаркент десе, «Қорғас» кедені бірден еске түседі. «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы тек тауар тасымалының ғана емес, сондай-ақ туристік орталыққа да айналады деген жоспар бар. Қытай тарапы өз кезегінде біраз жұмысты еңсеріп қалған тәрізді, біздің аумақтағы жұмыстардың барысы қандай?
– Панфилов ауданы бойынша шағын және орта бизнестің өсу динамикасы жылдан-жылға сақталып келеді. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2013 жылдың қыркүйек айына 7652 болып, өндірілген өнім, көрсетілген қызмет көлемі 12 217,9 млн теңгені құрады. Шағын және орта бизнестен бюджетке 320,5 млн теңге салықтар мен басқа төлемдер түсіп, оның мөлшері 2012 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 7,5%-ға артты. Оларда жұмыс істейтіндер саны 21175 адамға жетті.
2013 жылдың соңына дейінгі болжам бойынша шағын бизнес саласының өндірген өнімі мен көрсетілген қызмет көлемі 27634,9 млн теңгені, бюджет төлемдері 392,1 млн теңгені, ал белсенді кәсіпорындар саны 7704 бірлікті құрайды.
2014 жылдың болжамына сүйенсек, өндірілген өнім 29 983,7 млн теңге немесе 108,5 пайызға, бюджет төлемдері 415,6 млн теңге немесе 106 пайызға орындалады деп жоспарлануда. Болжам бойынша осы салада 139 жаңа жұмыс орны ашылады.
2013 жылдың 25 қыркүйегінде ауданда аймақтық «ҚР индустрияландыру картасына енгізілген «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС-нің бірінші кезеңі пайдалануға берілді. Аталған жоба бойынша аудан экономикасына 1738,8 млн теңге инвестиция тартылып, 60 жаңа жұмыс орны ашылды. Зауыттың екінші кезеңі – крахмал өнімдерін терең өңдеу жүйесі келесі 2014 жылдың басында іске қосылады деп жоспарлануда.
Жобаның құны 1020,0 млн теңгені құрайды және пайдалануға берілген уақытта қосымша 60 жұмыс орны ашылады.
– Құны 153 млрд теңгені, ұзындығы 293 шақырымды құраған маңызды магистраль – «Жетіген-Қорғас» теміржолының іске қосылуы аудан экономикасына үлкен серпін бергендігі анық. Құм үстіне көз тоярлықтай «Нұркент» қалашығын салдыңыздар. Бүгінгі таңда бұл теміржолмен нақты режимде пойыздар қатынап тұра ма? Пайдасын қашан көресіздер?
– 2012 жылдың желтоқсан айында «Алтынкөл» халықаралық теміржол өткелі құрылысының бірінші іске қосу кезеңінің құрылысы салынып бітті. «Алтынкөл» теміржол торабының Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен әлеуметтік және теміржол саласының нысандарын салудың бас жобасына сәйкес 2017 жылға дейін бұл көлік дәлізінің Қазақстан арқылы Еуропа және Орталық Азия республикаларына төртінші іске қосу кезеңінен өту жоспарланған. Бүгінгі кезде «Алтынкөл» теміржол торабында 1500 адам жұмыс істеуде. Оның шамамен 30%-ы – Панфилов ауданының тұрғындары. Жоспар бойынша құрылыстың іске қосылатын екінші кезеңі – 2014 жылдың наурыз айында, үшінші кезеңі – 2015 жылы, ал төртінші кезеңі 2017 жылы теміржол саласы инфрақұрылымдары, сондай-ақ ілеспелі басымдылықтары, оның ішінде жаңа жұмыс орындарындары ашылады деп күтілуде. «Алтынкөл» теміржол өткелінің транзитті және жергілікті жүк айналымының толық жұмыс қуатына шығуы 2018 жылға жоспарланып отыр. «Алтынкөл» теміржол торабындағы жұмыс істейтін адамдардың саны 2500 адамға ұлғаяды деп күтілуде.
Қазіргі кезде Нұркент қалашығында 600 пәтер, мектеп, монша, балабақша, өрт сөндіру депосы, асхананың құрылысы салынып бітіп, пайдалануға берілді. Ауданымыздың көптеген тұрғындары теміржол саласында жұмысқа орналасуда.
Жалпы, «Жетіген-Қорғас» теміржолының ауданымыздың экономикасына тигізген оң әсері өте зор. Алдағы уақытта «Алтынкөл» теміржол торабының дамуымен ауданымыздың экономикасы бұдан да үлкен нәтижелерге жететіні анық. Қазірдің өзінде бұл теміржол өткелінен тәулігіне – 220-230 вагон, 4-4,5 пойыз құрамдары өтуде. 2013 жылдың қаңтар айынан осы уақытқа дейін 1 млн 700 мың тонна жүк тасымалданды. Бұл жүк көлемі жылдан-жылға артпақ.
– Бөлтірік Аусадықұлы, ауданда халықты жұмыспен қамту жағдайы қалай? Жұмыссыздық деңгейі қанша?
– Аудан бойынша 2013 жылдың 10 айында нақты 1452 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, қоғамдық жұмысқа 726 адам жіберілді, кәсіби оқуға – 60 адам, жастар тәжірибесіне – 22 адам, әлеуметтік жұмыстарға 10 адам жіберілді. Жұмыссыз ретінде 1843 адам тіркелді.
2013 жылдың 1 қарашасына дейін 818 жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында – 164, қызмет көрсету саласында – 91, сауда саласында – 77, көлік саласында – 316, денсаулық сақтау саласында – 20, ауыл шаруашылығы саласында – 101, құрылыс саласында – 40, мәдениет саласында тоғыз жаңа жұмыс орны іске қосылды.
Аудандық мекемелердің мәліметтер базасы жасалынып, ұдайы толықтырылып тұрады. Апта сайын мамандар мекемелерді аралап, анықталған бос жұмыс орындарын тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтарға ұсынады, бірінші кезекте аз қамтамасыз етілген отбасыларын орналастыру қарастырылады.
Жұмыссыздар арасында үнемі кәсіптік бағдарламалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыссыздардың жұмысқа орналасуына көмектесу, аудандағы жұмыс берушілердің бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді толығымен ұсынып тұрулары бойынша жұмысты күшейту, жұмыс берушілерді жұмыс күші нарығындағы жағдай жөнінде, жұмыс іздеуші азаматтардың кәсіптілігі және білімділік деңгейлері туралы хабардар ету, еңбек нарығын зерттеу, бос жұмыс орындары туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарды хабардар ету, жұмыс іздеушілерге кеңестер беру мәселелері оңды шешілуде.
Бүгінгі күнге жұмыспен қамту секторына бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 19 адам шақырылып, олардың бәріне бос жұмыс орындары ұсынылды. Жұмыссыздар ретінде тіркелуге 19 адам тілек білдірді. Олардың ішінен тоғыз адам жұмысқа орналастырылды, екі адам қоғамдық жұмысқа, үш адам кәсіби оқуға жіберілді. Жастар арасындағы заң бұзуларды сақтандыру мақсатында «Ауғанстан соғысы ардагерлерінің одағы «Жәрдем А» ұйымдарымен бірігіп, «Тұрмысы нашар отбасыларынан шыққан жасөспірімдермен жұмыс істеу» («Қоғамдық тәрбиешілер») әлеуметтік жобасы дайындалды.
Осы жоба жыл сайын ауылдық округтер бойынша жүргізіледі. Бұл жұмыс 2003 жылдан бері жүргізіліп келеді, жіберілген тәрбиешілер мектептерге барып, жасөспірімдермен, ата-аналарымен әңгімелер өткізеді, волейбол және басқа да секциялар ұйымдастырады. Сабақ үлгеруіне бақылау жасайды, қосымша оқулар жүргізеді, жасөспірімдердің бос уақыттарында жоғарыдағыдай секциялар өткізеді.
Бүгінгі күнге жұмыссыздар ретінде тіркелуге 63 мүгедек тілек білдірді. Олардың ішінен 10 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 20 адам – қоғамдық жұмысқа, алты адам кәсіби оқуға жіберілді.
– Қытайдан тауар тасыған жақсы-ақ, алайда аудан экономикасының темірқазығы болар, өзегі саналар өндіріс ошақтарын ашу жоспарда бар ма? Аудан аумағында туризм саласын дамытуға көңіл бөліп отырсыздар ма?
– 2012 жылы пайдалануға берілген «Универсал» ЖШС-нің «Жаркент полипропилен зауыты» кәсіпорнына «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының бірінші бағыты, несиенің үстемесін азайту бойынша несиеге субсидия алып, кәсіпорынды модернизациялау жұмыстарын жүргізді. 2013 жылы Көктал ауылдық округінде «Кәрім» шаруа қожалығы үйрек етін өңдеу цехын іске қосты, нәтижесінде 40 жаңа жұмыс орны ашылды. Қорғас шекара маңы ынтымақтастығы орталығында Еркін экономикалық аймақ құрылатын болады. Осы аймақта алдағы уақытта жобаға сәйкес өндіріс орындары бой көтереді деп күтілуде.
Ауданда туризм саласының даму динамикасы орнықты. Жыл сайын көрсетілген қызмет көлемі мен аудандағы келіп кететін адамдар саны тұрақты өсуде. Бұл салада үш емдеу-сауықтыру шипажайы, 20 қонақүй кешені, 22 туристік фирма қызмет көрсетеді.
Туризм саласында 2013 жылы көрсетілген қызмет көлемі 225,3 млн теңгені құрайды немесе 2012 жылмен салыстырғанда, көрсеткіш 108,1 пайызға артады деп болжануда. Ауданға келіп демалып қайтқан адамдар саны 28 290 болады деп жоспарлануда.
2014 жылы көрсеткіштер – 226,0 млн теңге, туристер саны 30100 адам болады деп болжануда. Аталған салада 2014 жылы Жаркент қаласында «Қабылдау үйі» және 16 нөмірлік қонақүй кешені пайдалануға беріледі.
– Түрікменстаннан Қытайға тартылған газ құбыры да осы аумақтан өтеді. Көгілдір отынның қызығын жұртшылық көруге тиіс қой. Ауданды газдандыру ісі қаншалықты игерілуде?
– Қазіргі уақытта Түрікменстан – Қытай газ құбырының III линиясы тартылуда. 2014 жылы осы линиялар тартылып болғаннан кейін Панфилов ауданы Шолақай ауылының төменгі жағынан «ГРЭС» стансысы салынады. Осы стансыдан Панфилов ауданына 4600 метр газ құбыры тартылады.
– Жаркент өңірі мәдени құндылықтардан кенде емес. Жұрт «әулие» атаған жеті ғасырлық Әулиеағаш, 130 жылдық тарихы бар шегесіз салынған мешіт, тастарында тарихтың ізі қалған Найзатапқан, Салқам Жәңгірдің 600 әскермен 50 мың қолға қарсы шыққан Орбұлақ сынды тарихи орындар, мәдени құндылықтар қаншалықты қорғалған? Көздің қарашығындай сақталуы тиіс мұраларымыз ғой, қанша дегенмен...
– «Әулиеағаш» – жеті ғасырлық алып ағаш. Бүгінгі күні тәу етушілер мен туристер үшін қолдаушылардың қаржысына үй салынып, демалуға жағдай жасалған. Жергілікті қорғауға алынған. Мемлекеттік қорғауға алу туралы жұмыстар жүргізілуде. Кезінде Әулиеағаш ауылының шаруашылығын басқарған Ермек Келемсейіттің өзі ұйытқы болып, Әулиеағаштың айналасына тас төсеп, аумағын темір шарбақтармен қоршап, кіреберіс қақпасына «Әулиеағаш» деп жазып, келушілер мен туристерге демалып отыратын орындар жасаған. Әулиеағаш орналасқан аумаққа үй салынып, бақты қарауға күзетші қойылған. Келушілер мен туристерге Әулиеағаштың қасиеті, тарихы туралы түсінік беру үшін бір шырақшы жұмыс істейді.
Қоңырөлең ауылдық окугіне қарасты Ынталы ауылының солтүстік-батысында орналасқан Найзатапқан шатқалы Панфилов ауданының жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерінің тізіміне енгізілген. Жергілікті қорғауға алынған. Мемлекеттік қорғауға алу туралы жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер мұражайы – бұл республикалық маңызы зор, сәулет өнерінің ғажайып бір үлгісі – «Жаркент мешіті» қазіргі кезде республикамызға, облысымызға және ауданымызға келген қонақтарға, туристерге көрсететін бірден-бір тарихи құны жетпес әсем ғимарат. 1977 жылы сәулет өнерінің осы бір баға жетпес көне ескерткіші мемлекет қарамағына алынды. 1975-78 жылдары толық реставрациялық жұмыстар жүргізілгеннен кейін ҚазССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Б.Әшімовтің Жарлығымен «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер мұражайы болып құрылды. Бүгінгі күні мемлекеттік қорғауда. 1999 жылы мұражайдың шатырына 26 млн теңгеге күрделі жөндеулер жүргізілді, 2001-2004 жылдары күрделі жөндеу жұмысына мемлекеттен 39 млн теңге бөлініп, көптеген жұмыстар жасалды. 2012 жылы реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Жөндеу кездерінде мұражайдың алғашқы бояу түрлері сақталып, өзгертілмеген.
Және де 1993 жылы Белжайлау тау бөктерінде Орбұлақ шайқасының 350 жылдығына арнап қойылған белгі тасы – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде жеткізу үшін салынған тәрбиелік мәні бар ескерткіштердің бірі. Панфилов ауданы жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің тізіміне енгізілген. Жергілікті қорғауға алынған. Алматы қаласындағы «Тарихи мәдени мұраның ғылыми орталығының» тарихи-мәдени сараптама қорытындысы алынып, мемлекеттік қорғауға ұсынылу жұмыстары жүргізілуде.
– Ел игілігіне айналар іргелі істеріңіз көбейе берсін!