Халық қаһарманы атағына әбден лайық немесе Ұлы Отан соғысының ардагері, панфиловшы Аманша Меңдіғалиевтің кезінде ескерілмей қалған ерліктері туралы

Өзін сыйлайтын әр халық өз ерлігін көрсеткісі келгенде, ең әуелі сол ерлік дәстүрге адалдықты ауызға алатыны белгілі. Кезінде Қаз дауысты Қазыбек би: «Біз, қазақ – мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай  жатқан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз, – Достықты сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз» деп айтқандай, қазақ – сондай текті дәстүрді ұстанған ел. Ана сүтімен дарыған, әке тәрбиесімен қонған, қанға сіңген қасиетімен көзсіз ерлік жасауға әрқашан даяр тұратын ұлт.

 

 

 

Ұлы Отан соғысы бітіп жер бетіне бейбіт заман орнағалы аттай алпыс бес жыл болғалы отыр. 1945 жылы 9 мамыр күні кеңес солдаты соңғы оғын атқанда шыр етіп жарық дүниеге келген шарана қазір алпыс беске келіп қалды, ал алпыс бес жылда денеге түскен талай жара жазылды. Күл-талқаны шыққан қалалардың орнына сәулетті әсем үйлер салынды, үңірейген окоптарға топырақ толды. Төрт жылғы сұрапыл соғыста оқ тесіп, қоңы ойылып жатқан жерге әлдеқашан көк шығып, жарасын жазып алды. Халық соғыс зардабын ұмытты.

Жә, шырақ, бәрі бірдей ұмытылды ма? Осы халықтың соғыс зардабын ұмытқан-ұмытпағанын, сен, асылы, баласынан айырылған анадан, жарынан айырылған әйелден сұрашы.

Кешегі соғыстан кейін басы бүтін адам қалды ма? Басқаны қойғанда, соғыстан аман қайтқан солдаттың өзі Мәскеу түбіндегі қарлы окопта жамбасынан өткен сыз ызғарын ұмыта қойды ма екен?! Жо-жоқ, біздің халық соғыс зардабын еш уақытта ұмытқан емес! Ұмытпақ та емес.

Әрине, қанды шайқас қазақ жерінде болған жоқ. Бірақ қазақ оның бел ортасында жүрді және ылғи алғы шептен көрінді. 1941 жылы қазақстандықтар да Мәскеуді қорғады. Әрі қарай да намысын биік ұстады. Қан майданда 600 мыңнан астам қазақстандық шейіт болды. 600 мың! Есептесең, төбе құйқаң шымырлайды. 600 мың отбасы «қара қағаз» алып, қайғының уын жұтты. Әке – баласынан, бала – әкесінен, ана – ұлы мен қызынан, әйел ерінен айырылды. Мыңдаған отаулардың шаңырағы қирап, ортасына түсті. Махаббаттың қанаты қайырылды. Дүниеге келер талай ұрпақ сол боздақтардың бойында бірге кетті. Бұл – қазақ халқы үшін орны толмас апат!

От пен оқтың ортасында Отан үшін от кешкен, елімізді басқыншылардан қорғап қалу жолында қыршынан қиылған боздақтардың ендігі сұрауы кімнен? Олардың тарихқа қанмен жазып қалдырған іздері еш ұмытылмақ емес. Әрине, соғыстан аман-есен оралғандары да болды, бірақ олар кейін оқып-жетілді, елге абыройлы азамат болып бақытты ғұмыр кешті десек те, жүрекке салған сыздаған жара жазылған жоқ. Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, бірақ сол атақты ала алмай өмірден өткен панфиловшы-артиллерист, гвардия майор Аманша Меңдіғалиев, міне, жастық шағын соғыс «ұрлаған», қан майдандағы бораған оқтың ортасында тым ерте есейген осындай ұрпақтың өкілінен болатын.

Аманша Жұматұлы Меңдіғалиев 1918 жылы 15 тамызда Батыс Қазақстан облысы Орда ауылы «Сайхын» стансасында дүниеге келген. Аманша 1936 жылы Шымкент ауыл шаруашылығы техникумын үздік аяқтап, Арыс ауданындағы «Ұялыжар» колхозында бөлімше агрономы болып, еңбекке араласады. 1940 жылдың күз айында әскер қатарына шақырылып, Ташкенттегі кіші командирлер дайындайтын әскери училищеге жіберіледі. Әскери оқуды старшина атағымен тамамдаған кезінде, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, 23 жасар жас командир Алматыда жасақталып жатқан 316-шы атқыштар дивизиясына жіберіледі.

...1941 жылдың қаһарлы күзі. Гитлершілердің Мәскеуге бірінші шабуылы өрт тіле бастады. Брянск мен Вязьма ауданында біздің майдан шебімізді бұзған жау бұл бағытта 80-ге жуық дивизиясын, оның ішінде 14 танк дивизиясын шайқасқа қосты. Оның басымдығы адамдар құрамы жағынан – бір жарым есе, танкілер жөнінде – 2,2 есе, артиллерия жөнінде – екі еседей, самолеттер жағынан 2,6 есе артық болған-ды. Мәскеуге төнген қатер күрт күшейді. Панфиловшылар шеп құрған қорғаныс майданы 50 шақырымға созылып жатты. Оң жағы – Мәскеу теңізі де, сол жағы Булычево совхозы еді. Жауға қарсыласатын басты шеп Лама өзенінің шығыс жағалауы бойымен өтетін. Дивизия өзінің сол жақ қанаттағы бөлімдері арқылы Истра – Мәскеу жолын қалқалап, Волоколамск тас жолын қорғады. Қазан айындағы шайқастардың бәрінде де панфиловшылар табандылықтың ғажап үлгісін көрсетті. Олар ерлікпен қорғанды, дұшпанның соққысын күтпестен өздері де қарсы шабуылға шығып отырды. Ал одан кейін командованиенің бұйрығы бойынша алдын ала әзірленген шептерге шегінді, сөйтіп, гитлершілердің әскерлерін әбден қалжыратты, техникасын талқандады, фашистердің Мәскеуге шабуыл жасауын тежеді. Тек Волоколамск үшін болған шайқастардың өзінде ғана немістің қырық танкісі, бес самолеті және бір полктан астам жаяу әскері құртып жіберілді.

Аманша Меңдіғалиевтің естелігінен: «Мәскеу... Соғыс күндері. Бүкіл әлем халқының назары Мәскеуге аударылған. Өйткені біздің астанамыз адам баласы тарихында болып көрмеген алапат соғыстың нүктесіне айналды. Отанымыздың жүрегі – Мәскеу, төнген соғыс қатерінің негізгі тағдырын шешетін де осы – Мәскеу қаласы!

Бұл қанқұйлы жаудың Мәскеу маңына таяу келген 1941 жылдың күзі болатын. Сол күндері гитлершілдер «Мәскеуде алып, парад жасаймыз, соған келіңдер» деген шақыру билетін дайындап, есірді. Осы кезде біздің 237-ші артиллериялық полк Волоколамск, Дубосеково, Кузьминское шебінде қорғаныста тұрды.

... Жау артиллериясы бірнеше күн қатарынан жер-көктен қаһарын төкті. Бұл шабуылға біздің тарапымыздан да кезінде мықты тойтарыс берілді. Фашистер көп шығынға ұшырап, қайта қашты. Осы шайқаста зеңбірекшілер Алшан Егеубаев, Никита Савельев жау әскерлерінің сазайын берді. Сол жолы жаудың 26 солдаты мен 7 офицері жойылып, біздің взвод бойынша 19 фашист тұтқынға алынды.

...18 қазан күні таңсәріде немістер танк, жаяу әскерлерін шабуылға қайта көтерді. Бұл қантөгіс ұрыста 1075-ші атқыштар полкі байсалды түрде бетпе-бет ата жаумен айқасқа шықты. Мәскеу түбінде: «Жан бермей, жер бермейміз, шегінуге ешбір мүмкіндік жоқ!» – деп ұран салды біздің ержүрек зеңбірек командирі Иван Анисимов. Сөйтіп, бұл ұрыста фашистердің 21 солдаты мен офицері жер жастанып, 5 танкісі қиратылып, 17 солдат-офицерлері тұтқынға алынды. Мен Мәскеу түбіндегі шайқаста «Ерлігі үшін» медалімен наградталдым».

Аманша Меңдіғалиев 1942 жылдың басында Старая Русса түбінде ауыр жараланып, госпитальде екі ай емделгеннен кейін Чкалов танк училищесін бітіріп шығады. Кіші лейтенант Аманша Меңдіғалиев генерал Катуков басқаратын 1-гвардиялық танк армиясының 362-ші гвардиялық полкінің взвод командирі болып тағайындалады. Осы құраманың сапында Аманша Калинин, Бірінші Украина, Бірінші Беларусь және Балтық жағалауындағы майдандарында соғысады.

Аманша Меңдіғалиевтің естелігінен: «... Енді Курск иінінде жау оғының алдында тұрмын... Соғыс жоқ кездегі ойын-сауық, күлкіге толы жастық шағым сағымдай бұлдырап көз алдымнан өтіп жатыр... Фашистер басып алған Ресей жеріндегі әсем қалаларымыз бен селоларымыз қирады, бүлінді. Қыртысы айырылған қара жердің қанға бөккенін көзім көріп, қатты қиналдым.

... Гитлершілдердің Мәскеу түбіндегі және Сталинград үшін шайқастарда Совет әскерлерінен күйретіле жеңіліп, көп шығынға душар болып, берекесі кеткен кезі – 1943 жылдың жаз айы. Гитлер бас резервтерін жинап, енді Курск жағынан шабуылға шығуға жоспар жасады. Бұл жос-парды вермахтың қолбасшылары толық мақұлдады. Сөйтіп, Гитлер өзі қол қойған №6 бұйрығын берді. Ол бұйрықта: «Курск жағынан Совет Армиясы талқандалсын, сөйтіп, Мәскеуге осы жақтан жол ашылсын» делінді. Алайда гитлершілдер Совет Одағының Курск жанында күшті армиялары көп екенін жақсы түсінді.

1943 жылдың 5 шілдесінде таңғы сағат төрт жарымда біздің бекіністерге қарсы фашистер шабуылға көтерілді. Біздің жауынгерлер бекіністе тапжылмай отырды. Бұйрық – жауды осы бекіністе қарсы алу! Біздің бекініске қарай жаудың үш танкісі бар бір взвод автоматчиктері келе жатқанын дүрбімен көрдім де, пулеметчик Карауловқа: «Танктен автоматчиктерді бөлу керек!» – деген команда бердім. Караулов пулеметтен боратып оқ атты, жау автоматчиктерден бөлінді. Караулов пулеметтен оқты суша себелеп, автоматчиктерді жер жастандырды.

Алғашқы шайқастың өзінде-ақ жаудың 17 солдаты мен екі офицері өліп, жеті солдаты, екі офицері жараланып, үш танкісі ойран болды. Осы сияқты шайқасты шілде айында Курскіде бірнеше дүркін бастан кешірдік. Фашистер күн сайын бірнеше реттен шабуылға көтеріледі. Сөйтсе де бір қадам алға баса алмады.

Ақыры 5 шілде мен 23 тамыз аралығында Курск иінінде болған тарихи шайқас біздің жауынгерлердің жеңісімен аяқталды».

Соғыстың ең ауыр кезеңдерінде қан майданда шынығып, даңқ шыңының шырқауына көтерілген Панфилов атындағы дивизия Курляндияда қоршауға алынған фашистердің ең таңдаулы топтарын талқандауға қатысты.

Кенигсберг үшін болған қиян-кескі ұрыстарға қатысқандардың ішінде 362-ші гвардиялық өздігінен жүретін артиллериялық полкінің батарея командирі кіші лейтенант Аманша Меңдіғалиев те бар еді. Шабуыл алдында командирлер мен саяси қызметкерлерге Кенигсбергтің картасы берілді. Онда қала горнизонын жою үшін жүргізілетін ұрыс операциялары, жаудың оқ ататын бекіністері түгел көрсетілді.

... Шабуыл қарсаңы. Бірінші Беларусь майданы Әскери Советінің листовкалары окоптан-окопқа, қолдан-қолға таралуда. Онда: Жаудың ешқандай тосқауылы бізге бөгет бола алмайды!», «Кенигсбергке батыл шабуыл жасаңдар, алға басыңдар!» – деген жалынды ұрандар жазылып, алға қойған міндеттер түсіндірілген. Әскер бөлімдерінде жауынгерлер өз беттерімен митингілер өткізіп жатты. Солардың бірінде батарея командирі Аманша Меңдіғалиев сөз сөйледі.

– Мен фашистермен  төртінші жыл соғысудамын, – деді ол. – Міне, енді неміс басқыншылары үңгірінің дәл аузына келіп тұрмыз. Жау қамалын алу үшін бар күшімді жұмсаймын, мүмкін, осы жолда өмірімді де сарп етермін. Бірақ қамалды аламыз!

1945 жылғы 2 сәуір. Таң сәріде алуан калибрлі бес мыңнан астам зеңбірек жау бекінісіне оқ жаудырды. Дұшпан қамалын қап-қара түтін басты.

Артиллериялық әзірлік төрт сағатқа созылды. Сым кедергілері бар миналы алаңдар, танкке қарсы бөгеттер талқандалды. 362-артиллерия полкінің Аманша басқарған төртінші батареясы қалаға шабуыл жасаушылардың алдыңғы сапында болды. Гитлершілдер жанталаса қарсыласты. Жайғасып алған бекіністердегі зеңбіректері мен пулеметтерінен оқ төкті. Көп жерлерде қолма-қол ұрыстар да болды. Біздің шабуылшы топтарымыз қалаға баса-көктеп кірді. Үш күн ішінде (сәуірдің бесінен жетісіне дейін) қасарысқан гитлершілдердің ондаған атакалары тойтарылды. Сәуірдің жетісінде қаланың үлкен бір бөлегі алынды. Келесі күні майдан армияларының құрамалары гитлершілдердің теңіз бен құрлық арасындағы барлық жолын кесіп тастады. Маңызды әскери-теңіз порты Пиллау алынды. Жан-жағынан қыспақта қалған «берік қамал» Кенигсберг 9 сәуір күні амалсыздан тізе бүкті.

Кенигсберг шабуылына қатысқандар ішінде гвардия кіші лейтенанты Аманша Меңдіғалиев асқан ерлік көрсетті. Оның басқаруындағы артиллерияшылар төтелеп атып, дұшпанның оқ сеуіп тұрған бірнеше бекінісін жойды. Фашистер бір биік үйдің терезесінен минометтен оқ жаудырып, біздің жаяу әскерлерімізге бас көтертпеді. Осы сәтте Меңдіғалиев зеңбіректен екі рет оқ атып, гитлершілердің үнін өшірді. Шабуыл өрістей берді.

Қала ішінде болған ұрыстарда Аманша Меңдіғалиев бастаған шабуылшылар тобы ерекше көзге түсті. Олар зеңбіректерін қолмен жылжытып, биік үйлердің төбесіне орнатып, сол арадан жаудың пулеметтері мен зеңбіректерін атқылап, әскерлерге жол ашып отырды. Кенигсберг алынғаннан кейін офицерлердің жиналысында полк командирі майор Курлыков кіші лейтенант Аманша Меңдіғалиевтің қолданған әдісін ерекше атап көрсетіп, командование осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі Отан соғысы орденімен наградтауға ұсынды.

«Өз жерлестеріммен қоян-қолтық жүріп, жауыздықтың ордасы болған Кенигсбергті алғанымды, басқа да майдандас достарым сияқты «Кенигсбергті алғаны үшін» медальмен наградталғанымды мақтан етемін», – деп жазды өзінің естелігінде Аманша Меңдіғалиев.

Соғыстың төртінші қысы. Жеңіс күні жақындап келе жатты. Алғы шептегі солдат та, аумақты операциялардың басшысы генерал да сол жеңіс үшін жан аямай жүрген кез.

Аманша Меңдіғалиевтің естелігінен:  «... Алдымызда фашизмнің ұясы Берлин тұр еді. Дивизиямыз Виела өзенінің жағасында Магнуш плацдармында, Варшаваның түстігінде тұрған болатын. Енді осы арадан басқа бөлімшелермен тізе қоса отырып, қарқынды шабуылды бәсеңдетпей, Польша астанасының қираған үйлеріне бекініп алған фашистерді жайпап өтіп, одан әрі Померания, Кюстринге шығу керек-ті. Дивизия жолы мұқият барланды. Сөйтіп, әрбір бөлімше шабуылға сақадай-сай әзір, тек бұйрықты күтіп қалды.

1945 жылдың 14 қаңтары. Таңсәрі. Бір шаршы шақырымға 300 зеңбіректен келетіндей етіп орналастырылған Соғыс құдайлары түгел «бастарын» көтеріп, дұшпанға өлім төгуге әзір тұр. Жауынгерлер шабуыл ракетасын күтіп, окоптарда тынып қалған.

Кенет жауынгерлердің қолында типографиядан жаңа ғана шыққан қағаздар пайда бола қалды.

Бұл майдан Әскери кеңесінің үндеуі еді.

Үндеудің астына маршал Жуковтан бастап, майдан штабының бастығы, бүкіл Әскери кеңес мүшелері түгел қол қойыпты.

«Қандыкөйлек достар, – деп жазылыпты Үндеуде, – сын сағаты соқты! Қанқұйлы жауға қаусата соққы беріп, фашист жыртқыштарын өз інінде жоқ қылуды алдымызға қойып отырған Отанымыздың тарихи міндетін абыроймен орындап шығатын шақ туды!..»

Шын жүректен шыққан жалынды сөздер жауынгерлерге қатты әсер етті».

Берлин операциясының алғашқы күні біздің армия жаудың негізгі бекінісін бұзып өтіп, 12-20 шақырым алға жылжыды.

Немістердің, әсіресе, жан аямай қарсылық көрсеткен жері Пилица өзенінен өтерде болды. Арғы бетке, жар басына терең траншеялар қазып, «бронды қалпақ» аталатын оқ ұяларын орнатып тастаған екен. Шамаға келген жерде оқ боранын аяған жоқ. Алайда кідірудің өліммен тең екенін жақсы білетін біздің жауынгерлер ерліктің асқан үлгісін көрсетті.

1945 жылғы сәуір айының 4-інде Ясфельд деревнясы үшін болған кескілескен ұрыста кіші лейтенант Аманша Меңдіғалиев өзінің танкісімен жаудың тылына бірінші болып бұзып-жарып кіреді. Ерлікпен шайқаса жүріп, деревня көшелерінің бірінде жаудың бронетранспортерімен бірге фашистердің автоматпен қаруланған бір взводын кездестірген ол бронетранспортерді атып түсіріп, қалған сегіз фашисті тұтқынға алады. Сөйтіп, олардан алған құнды мәліметін командованиеге тапсырады.

Сол күні Мюнхенберг қаласын алудағы қанды шайқаста батарея командирі кенеттен ауыр жарақаттанды. Кіші лейтенант Меңдіғалиев осынау қиын-қыстау сәтте өз еркімен батарея жетекшілігін міндетіне алып, қайсарлық танытты. Оның командирлік шеберлігі сонша, батареясына жау танкішілерінің оңтайлы биіктіктен жасаған ауыр соққысына қарамастан, ерлікпен шайқаса жүріп, күші басым жаудың бірде-бір танкісін ішке енгізбеді. Кіші лейтенант Меңдіғалиев ба-тареясының күші жау күшінен әлдеқайда төмен болса да, олар тактикалық әдістерді ұтымды пайдалана отырып, жаудың екі танкісін, төрт танк ататын зеңбірегін, бір бронетранспортерін, бір взводтан астам жау әскерлерінің көзін жойып жіберді. Сөйтіп, бақайшағына дейін қаруланған зұлым жауға ойсырата соққы берілді.

Дегенмен Берлиннің шығыс жағына мықтап бекініп алған жау әскерлерінің біздің солдаттарды бет қаратпастан үздіксіз атқылауы жауынгерлеріміздің алға жылжуына ешқандай мүмкіндік бермеді. Бірақ қарсы соғысу әдісін әбден жетік меңгеріп алған тәжірибелі танк командирі кіші лейтенант Меңдіғалиев мұнда да асқан ерлігімен көзге түсті. Ол өзінің танкісіне отырып алып, жаудың әлсіз қапталынан бірнеше рет соққы берді. Мұндай тұтқиылдан жасалған ауыр соққыны күтпеген жау әскерлері 6 танкісін тастап қаша бергенде, Меңдіғалиев мергендікпен олардың екеуін атып түсірді. Өзі де ауыр жарақат алды. Сонда да ол ұрыс даласынан кеткен жоқ. Артынан қосымша күш келіп жеткенше батарея жауынгерлеріне жетекшілік ете берді. Осы ұрыстарда кіші лейтенант Меңдіғалиевтің батареясы жаудың жалпы саны – төрт танкісін, бес бронетранспортерін, 18 оқ ататын нүктелерін жойды, 200 солдат пен офицерін оққа ұшырды.

362-ші гвардиялық танкішілер полкінің командирі майор Курлыков Аманша Меңдіғалиевті Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы құжат толтырып, онда жоғарыда баяндалған соғыс сәттерін келтірген. Бұл құжаттың соңына майор Курлыков: «Кіші лейтенант Аманша Меңдіғалиевқа осынау қиян-кескі ұрыстарда көрсеткен асқан ерлігі мен қаһармандығы үшін Кеңес Одағының Батыры деген атақты беру әбден лайықты» – деп жазыпты. Бұл құжат 1945 жылдың 30 сәуірінде толтырылыпты.

Әбден сарғайып, қыртыстанып кеткен бұл құжаттың жазылғанына да алпыс бес жылдай уақыт өткен екен. Иә, әртүрлі жағдайлармен соғыс жылдары да, соғыстан соңғы кезеңдерде де көптеген ерлеріміз әскери наградаларын ала алмады. Кейбірі ауыр жараланып, ұрыс майданынан госпитальге жөнелтілді. Одан өзге бөлімдерге ауыстырылып жатты.
Бейбіт уақыттағы жарты ғасыр өмірі Оңтүстік Қазақстан облысында – мұғалім, мектеп директоры, аутком хатшылығымен жалғасты. Жауынгерлік наградалар қатары «Құрмет белгісі», «Отан» және басқадай орден-медальдармен толықты.

1997 жылы 28 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Зауытбек Тұрысбеков Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атына: «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілігі Аманша Жұмашұлы Меңдіғалиевті Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерлігі үшін және жас жеткіншектерді патриотизм мен интернационалдық рухта тәрбиелеудегі ерекше жұмыстары үшін  Халық Қаһарманы атағына ұсынуды Сізден сұранады...» деп хат жазған еді.

1994 жылдың 7 қаңтарында «Қазақстан сарбазы» газетінде «Әділдік қашан үстемдік құрады?» деген мақалада да осы мәселе көтерілген болатын.

Отставкадағы майор Аманша Меңдіғалиев 2008 жылғы 27 наурызда тоқсанға шыққан шағында дүниеден озды. Майдангердің баласы Асылбек әке жолын қуып, әскери маман болды. Қазір полковник А.А.Меңдіғалиев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Америка Құрама Штаттарындағы әскери атташе қызметін атқарады.
Бұрын бәрін де Мәскеудегілер шешіп келді. Қазір, құдайға шүкір, егемен елміз. Өзіміздің Ата заңымыз бар. Өз тәртібіміз бар. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің асыға күтіп отырған Ұлы Жеңістің 65 жылдығы да жақындап келеді. Осынау ұлы тойдың құрметіне панфиловшы-ардагер Аманша Меңдіғалиевке Халық Қаһарманы атағы берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені біз осынау соғыс ардагерінің алдында өзімізді қарыздар сезінеміз. Бұл болашақ ұрпаққа да өнеге болары сөзсіз.

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста