«Бояушы бояушы дегенге сақалын бояйдының» керін келтіріп, соңғы кездері қоғамымызда халал азық-түліктен бөлек, «халал монша», «халал бильярд», «халал стоматология», «халал такси», «халал сауна», тіпті «халал білім» тіркестерінің тұрмысымызға дендеп енуі «халал» ұғымына қатысты түсінбеушілікті одан бетер күрделендіре түскендей. Қоғамда дінге бет бұрушылар мен адал өнім тұтынғысы келетін тұтынушылардың арта түсуін өнім өндірушілер мен халыққа қазмет көрсетуші орындар өз мүддесіне тиімді пайдаланып, коммерциялық мүдделерін тықпалауға тырысуда.
Тіпті өнімдерін жасырын цехтарда дайындаған заңсыз кәсіпорындар да өнімнің сыртына халал белгісін соғып, «аңқау елге – арамза молданың» керін келтірді. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік тұрғыда реттеу қажеттігі сезілуде. Бұл – тұтас бір индустрия. Ендеше халал индустриясының дүниежүзілік желісінен қалыспай, жолға қойып, бізге де халал стандартын дамытатын кез келгендей.
Бүгінде әлемдегі 148 елде халал бағыты жақсы дамыған. Халал брендін кім көрінген пайдаланып, көпшіліктің түсінбестігін тудырмау үшін халал өндірісі мемлекеттік тұрғыда бақылауға алынған. Осы орайда 10 миллионнан астам мұсылман өмір сүретін біздің мемлекетімізде де халал индустриясын зерттеп, сараптап отыратын арнайы дамыту орталықтарын ашатын кез келген секілді.
Халал стандарты бүгінде көптеген елдің табыс көзіне де айналған. Бір қызығы, олардың жартысынан көбі – мұсылман емес елдер. Мәселен, халал индустриясының үштік шыңында Малайзия, Біріккен Араб Әмірлігі мен Франция орналасқан. Сондай-ақ Австралия, Бразилия, Жаңа Зеландия, Үндістан, Таиланд елдері де халал стандартын қолданып қана қоймай, экспортқа шығарып, елінің экономикасына қомақты қаржы құйып отыр. Бұл «халал» сөзінің діни мазмұнынан алыстап, адам тұтынатын кез келген заттың сапа кепіліне айналып отырғанының белгісі болса керек. Бүгінде әлем бойынша халал өндірістің жылдық табысы 1 трлн 300 млн долларға жеткен. Халал өнімдері 150-ге тарта елдегі 1,6 млрд мұсылманның тұтыну салтына айналған. Және халал өнімінің жақсы жарнамасының арқасында оларға тағы 6,6 млрд мұсылман емес тұтынушы қосылған. Әлем бойынша тұтынушы көлемі күн өткен сайын артып бара жатқанын байқаған өндірісшілер олардың сұранысын қанағаттандыру үшін әрі қалтаға да қомақты қаражат түсіру үшін «халал» кәсіпорындарды жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптатқан. Бір ғана Қазақстанның өзінде ондай кәсіпорындардың саны 500-ден асып жығылады екен. Бір өкініштісі, аталған өндірушілер арасында халалсымақ тағам өндіріп, халықты алдап жүргендер де жетіп-артылады. Халал атын жамылған халыққа қызмет көрсету орындарының әрекеті тіпті адам күлерлік. Мәселен, Павлодар қаласында ашылған халал тіс емханасы науқастарды жынысына қарай бөліп қарайтынына бола өздерін халал атандырған. Яғни ер адамды ер, ал әйел адамды әйел дәрігер емдейді. Бірақ ем-домның барлығы әдеттегі стандарт бойынша жүргізіледі. Осы секілді еліміздегі халал индустриясы дұрыс жолға қойылмаса, халал қызмет көрсету саласы әлі де тосын жаңалықтарымен таңдандыра беретін секілді. Мәселен, Астанада халал такси қызметі пайда болып, неге екені белгісіз, адал қызметтің аяқ алысы ұзаққа бармай-ақ, әдеттегі таксиге айналып кетіпті. Сондай-ақ тойда әзіл-қалжың орнына уағыз айтып, шариғаттан сыр шертетін халал асабалар да пайда болған. Соңғы бір жылда Алматыдай алып шаһарда 15-ке жуық сауна, 70-ке жуық халал дәмхана ашылған. Моншаның адалы бола ма деп қайран қалып жүргенде «жыртыл қазақтың» кері келіп, көлік жөндеу орталығына да халал деп жазып қойғандар бар. Соның дәлелі Тастақ маңында алып «халал» орталық іске қосылыпты. Қазір халал сабын, далап, сабынсу сататын дүкендер де қаптап кетті. Барлығы өнімдерді Малайзия, Мысырдан алып келеді. Бірақ бұл тауарлардың сапасына жауап берер ешкім жоқ. Сыртындағы араб жазуларына қарап, «халал» деп мәз болып, дүкенді халал атандырып жүрміз.
Айта кетер жайт, шындығында, Құрандағы харам аталған тағамдардың адам баласы үшін зияны ұшан-теңіз екендігі дәлелденген. Сондықтан түрлі аты жаман аурулардың алдын алу үшін халал ас жеудің пайдасы орасан. Адам денсаулығына әсер ететін әлеуметтік факторлардың 50 пайызы –тамақтанудан, 20 пайызы – қоршаған ортаның әсері мен 20 пайызы – тұқым қуалайтын қасиеттерден, тек 10 пайызы ғана денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына байланысты екен. Яғни «ауру – астан», екенін ескерсек, адал тағам тұтынудың маңызы зор. Адамның биологиялық өмір сүру ұзақтығы шамамен 150 жылды құрайды. Доңыз етін тағамға пайдаланбайтын Кавказ, Түркия, кейбір ислам мемлекеттері осы көрсеткішке жақындайды. Сондықтан еліміздегі халал өндірісін дұрыс жолға қоюдан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Айтпақшы, Өзбекстан үкіметі биыл «халал» мөрін кез келген тауарға жабыстыруға заңды тұрғыда тыйым салыпты. «Құжаттық дәлелі болмағаннан кейін, «халал» мөрі бар тауарлардың сапалылығына көз жеткізу мүмкін емес. Сондықтан халал өнімнің артықшылығын сезіне отырып, елімізде халал индустриясын дамытудың маңызы зор екенін түсініп, халал индустриясын реттеп отыратын арнайы мекеме ашудың маңызы зор секілді. Осы орайда қоғамымызда соңғы кездері халал агенттігін құру туралы мәселенің қозғалуы тегіннен-тегін болмаса керек.
Марат СӘРСЕНБАЕВ, Қазақстан халал индустриясы қауымдастығының төрағасы:
– Елімізде тез арада халал агенттігін құру қажет. Өйткені соңғы кездері халал өнімдермен қоса, халал атын жамылған қызмет көрсету орындарының саны да күрт көбейіп кетті. Кез келген өнімге «халал» деген жазу жазып, кәсібін алаяқтықпен дөңгелетіп отырғандар жетерлік. Ал мұндай сапасыз өнімдер халықтың халалға деген ықыласын төмендетуге себеп болуда. Сондықтан халықтың халалға деген ықыласын төмендетпеудің амалдарын жасау керек. Мәселен, тек Астана қаласының өзінде халал стандартына сай келмесе де, халал атын жамылған бес-алты мейрамхана мен дәмхана бар. Ал Қазақстан бойынша олардың саны әлдеқайда көп. Тіпті олардың нақты санының қанша екенін өзіміз де есептей алмаймыз. Егер агенттік жұмысы іске қосылса, халал индустриясы реттелер еді.
«Халалдың» қадірін қашырып алған жоқпыз ба?
Последние статьи автора