Еліміздің нарығына «Халал» белгісінің араласқанына көп бола қойған жоқ. Шамасы 10-12 жыл. Әйтсе де сауда саясатынан өзіндік орын алып үлгерді. Осы уақыт аралығында 600 кәсіпорын «Халал» сертификатын алған. Алайда, «солардың бәрі бірдей сапа стандартына сай өнім шығарады» деп ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені халқының басым бөлігін мұсылман қауымы құрайтын біздің елде «Халал» деген атқа ие болған өнімдердің саудасы қызғанын сезгендер «Халал» сертификатын алуға асықты. Әрине «Халал» өнімнің көп болғаны жақсы-ақ, бірақ расымен де «Халал» стандартына сай адал болса.
Десе де, «заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегенді ұстанатындар қай кезде де болған, қазір де бар. «Халал» деген бір ауыз сөздің тұтынушыны шақырып, сауданың көркін қыздыратынын білген соң, қызмет көрсету саласындағы базбір пысыққайлар монша, мейрамхана, қонақүй, техникалық жөндеу орталықтарына, такси қызметіне т.б. қызмет көрсету орындарына «халал» деген тіркес қоса бастады. Сөйтіп «Халал» белгісінің беделін түсірді. Халал атауының құтын қашырып, құнын төмендетті. Пысыққайлардың мұндай әрекетіне шамданған Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы қызмет көрсету мекемелеріне «Халал» сөзін қосуына тыйым салмақ та болған. Алайда ол үрдіс әлі де жалғасып келеді.
Расымен де халал азық-түлік өнімдерінің көп болғаны жақсы-ақ, бірақ атына заты сай болса. Өкінішке қарай, сапасын ескермей, «халал» деген тіркесті тек толағай табыс табу үшін ғана пайдаланып жүргендер де жоқ емес. Өнімдердің халал стандартына сай болмауы, тіпті кей өнімдердің құрамынан шошқа етінің шығып жатуы көңілге қаяу, халықтың халал өнімдерге деген сеніміне селкеу түсірері анық. Ең өкініштісі, ондай теріс әрекетке барғандарға әкімшілік жаза да қолданылмайды екен. Өйткені, Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі мамандарының пайымдауынша, өндіруші халал стандартын сақтамай, тұтынушыны алдады демесеңіз шошқа етінің адам денсаулығына зияны жоқ екен.
Атына заты сай болмаған өнімдер туралы нақты мысал келтірер болсақ, өткен жылы Алматы қаласындағы сауда орындарының бірінде «Халал» белгісімен шығарылған шұжық құрамында шошқа еті бар екені анықталып, ол хабар көптеген БАҚ бетінде жария болған еді. Ең қызығы сол шұжықты өндірген компаниялардың бірінің өкілі «бізде ет тартатын машина біреу ғана, шошқа етінен кейін сиыр еті тартылып, байқаусызда азын-аулақ шошқа еті араласып кетіпті» деп ақталған. Ал, қызық керек болса! Сонда, ең құрығанда, шошқа етін тартып болған соң, қондырғыны жуып тазаламай, халал өнімге арналған етті тартқан ба? Шошқа еті мен сиыр еті бірге араласып жүрген жерде халал туралы қалай сөз қозғауға болады? Соған қарағанда, компания өкілінің халал туралы түсінігі де шамалы болғаны ғой. Базбір компаниялар кемшілікті жою орнына «зертхана қортындысы дұрыс емес» деп ақталып бағады. Ал «Халал» индустриясы қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаев оларды қорғаштап әлек.
Таяуда ғана «Жетінші арна» телеарнасы Астана қаласының сауда орындарында «Халал» белгісімен сатылып жатқан шұжықтан шошқа ДНК-сы табылғаны туралы хабар таратты. Яғни, арнайы зертханада тексеруден өткен шұжыққа шошқа еті қосылғаны анықталған. Бұл ақпаратты «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ зертхана меңгерушісі Майра Садықова мен ҚМДБ Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелидов та растап отыр. Алайда, ҚР «Халал» индустриясы қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаевтың неліктен, өз ісіне жауапсыздықпен қарап, тұтынушының құқығын бұзып, халықты алдап отырған кәсіпкерлерді қызғыштай қорғағаны түсініксіз.
Естеріңізде болса, осыдан біршама бұрын халалға қатысты тағы бір мәселе қозғалған болатын. ҚМДБ «Халал» деген атауды «Адал» деп өзгертуді ұсынды. Әрине «адал» деп қазақ тілінде жазған дұрыс-ақ. Алайда, өндірушінің жүрегінде иман болмаса, өнімнің сапасы стандартқа сай болмаса, онда «халал» немес «адал» деп жазғаннан ештеңе өзгермесі анық.
Халал атын жамылған өнім қайдан шығып жатыр?
Последние статьи автора