«Үзеңгі» киген баланың үмітін қалай жалғаймыз?
Кейінгі уақытта шыр етіп дүние есігін ашқан сәбилерде ұры сырқат пайда болды. Ол – ортан жіліктің ұршық басы дисплазиясы. Аңдамаса, ананың құрсағында жатқанда-ақ жабысатын бұл кеселдің ақыры сәбиді кемтар етуі әбден кәдік. Бір аяқтың екінші аяқтан кемдігіне әкеліп соғады дейді мамандар. Бұл тақырыпқа арнайы тоқталуымыздың себебі де – осында.
Жасыратыны жоқ, көзінің қарасы, бауыр еті баласына ортан жіліктің ұршық басы дисплазиясы деп ортопед анықтама бергенде, бұрын мұны естіп-білмеген ата-ананың төбесінен жай түскендей, есінен танып қалатыны сөзсіз. Сенер-сенбесін білмей сенделіп, сары уайымға салынады (өзіміз де сондай күйді басымыздан өткергенбіз). Сондықтан да бұл мәселені зерттеп, зерделеп көрсетуге ұмтылдық. Бұл не? Алдымен соған тоқталайық.
Ортан жіліктің ұршық басы дисплазиясы сәби анасының жатырында жатқан кезінде сүйектері мен жіліктерінің дұрыс дамымауынан пайда болады екен. Мұның себептерін мамандар түрлі етіп таратады. Тұқымқуалаушылық, анасының жүкті кезінде түрлі сырқаттармен ауруы, бала маңындағы судың аздығы, сәбидің ірі болуы, көпшілігінде сәбидің құйрығымен отыруы, жағымсыз экологиялық жағдай, анасының айналысқан кәсібінің зияндығы, болашақ ананың дұрыс тамақтанбауы және т.б. Соның салдарынан сәби дүние есігін ашар-ашпастан осы диагнозбен тізімге ілігеді. Мамандар мұны дер кезінде, яғни нәрестенің үш-төрт айлығынан бастап емдемесе, жетілмей, жамбас сүйек ойығына кірікпей тұрған ұршық басы кірігуінің алдын алмаса, сәби қара жерді қаз басып жүрген кезінде орнынан тайып кетуі мүмкін дейді. Оның ақыры бала аяғының кемістігіне, бір аяғының екіншісінен қысқа болуына әкеліп соқтырады.
Жоғарыда айтқанымыздай, осындай жағдайға тап болған сәбилер біздің Қарағандыда да аз емес. Бұл атың өшкір сырқаттың үш түрі бар: таю алды (предвывих), буынның таюы (подвывих), буынның шығуы (вывих). Бұл ауытқулар көбінесе қыз балаларда жиі кездессе керек. Мұны рентгенге түсіру арқылы анықтайды және сауықтыру үшін бірнеше кезең арқылы емдеу жүзеге асырылады. Бұлшық еттерді қатайту үшін сылап-сипау әдісі, физиоемдер, арнайы кигізілетін құралдар (стеремена Павлика, шины Велинского) қолданылады.
Мәліметтер не дейді?
Мамандар бұл проблема Еуропада әлдеқашан жойылған дейді. Еуропалық одақ елдері өздерінде өмірге келген мың баланың әрбір бесіншісі дисплазияның ауыр түрімен ауыратынын анықтап, жаңа туған сәбиде дисплазия бар-жоғын оның өмірінің алғашқы аптасында зерттеуді ұсынған мемлекеттік скринингтік бағдарлама қабылдаған. Мұндай бағдарламаны алғашқылардың бірі болып енгізген Австрия екен. Осы бағдарламадан соң, Австрияда дисплазияның асқынған түрі ізім-қайым жоғалған. Скрининг – жаңа туған сәбиді үйіне шығарар алдында ультрадыбысты зерттеу (УЗИ) жүргізу. Скрининг жүргізудің бүге-шігесі зерттеліп, әдістеме, амалдар, стандарттар, заңдылықтар құрастырылған. Егер дисплазияны алғашқы аптада анықтаса, бала онда төрт-алты айлығына қарай толық сауығып кетеді екен. Оның үстіне емдеу де қиын болмайды. Сол себепті де УЗИ қолданылса керек. Ал Еуропада бір жасқа дейінгі баланың ортан жілігінің ұршық басына рентген зерттеуін жүргізу заңда көрсетілген ерекше жағдайларда ғана іске асырылады екен.
Сонымен бірге ортан жілік ұршық басы дисплазиясының алдын алу үшін баланы кең түрде (ұршықтың басы жамбас ойығына дұрыс түсуін қамтамасыз ететін) құндақтау немесе мүлде құндақтамаған жөн дейді дәрігерлер. Туа болатын буынның таюы балаларды тас қылып құндақтауды білмейтін Африка, Корея, Вьетнам секілді елдерде сирек кездесетін көрінеді. Мұндайда баланың екі аяғын бақа тәрізді керіп көтеру тиімді екенін де баса айтады.
Ата-аналар айтады...
Айгүл, ата-ана:
– Ортопед үш айлық қызымның аяғы дисплазия деп, оны емдетпесе не боларын айтқанда, үйге ағыл-тегіл жылап келдім. Миымда – жалғыз-ақ сауал. Енді қайттім? Үй-ішімен ақылдасып, не де болса, ортопедтің айтқанын істеуді ұйғардық. Емдік массаж, физиотерапия алып, содан кейін емдік үзеңгі кигіздік. Алғашқыда көндіге алмай бақырып жылаған қызым келе-келе үйренді. Күндіз-түні «үзеңгіні» шешкен жоқпыз. Сөйтіп жүріп, осы дисплазияны емдеткен елдермен де әңгімелесіп, қалай емдеткенін сұрастыруды бастадым. Әркім әртүрлі айтып, көңіліме тағы алаң кірді. Біреулер жақсы дейді, екіншілері олай етуге әсте болмайды, аяғын керіп жібереді деді. Миым ашып кетті. Сөйтіп жүргенде, «ел құлағы – елу», бір сынықшының барын естідім. Дисплазияны соған емдеттік дегенді естісімен, сол сынықшыға бардым. «Үзеңгіні» шешіп тастадым. Ол сынықшы 100 пайыз емдеймін деп уәде етті. Тек мен емдер болсам, кәсіби ортопедтен бас тартуыңыз қажет деген соң, ортопедке басқа қалаға баратынымды, қайтып келген соң қаралатынымызды айттым. Ол рұқсат берді. Сонымен, біржола сынықшыға ұзын-ырғасы бір ай емделдік. Сылап-сипап, таңып қойып, ем жүргізді. Бір айдан соң ортопедке қайтып келіп, рентгенге түссек, қызым құлантаза айығып кетіпті. Ортопедтің өзі қайран, таң-тамаша қалды.
Гүлнәр, ата-ана:
– Қызымның төрт айлығында дисплазия деп диагноз қойды. Үш ай «үзеңгі» кигізу керек деді. Кигіздік, массажға да апардық. Үш айдан соң, рентгенге түстік. Қызымда дисплазия жоқ. «Жазылған» деді ортопед. Бірақ сонда да біразға дейін «үзеңгіні» кигізіп қойып жүрдім. Одан кейін де тоғыз айлығында тағы тексерттік. Бәрі жақсы екен.
Бұлар – ата-аналардың бір парасы. Үш ай емес, тіпті алты ай, бір жыл бойы таңғыш тағып, аяғын керіп қойғандар да бар. Баласының болашағына алаңдаған ата-ана ортопедтің айтқанын екі етпеуге тырысады. Барын салады. Бірақ осы бір сырқатты болдырмаудың амалы қайсы? Ең әуелі, болашақ ананың денсаулығы мықты болуы соның бірден-бір кепілі секілді. Сәбидің қол-аяқ сүйектерінің қалыптасуы, дәрігерлердің айтуынша, анасының құрсағында жатқан төрт-бес аптасынан басталып, сәби жүргенше жалғасады. Демек, болашақ анаға жүктіліктің алғашқы күнінен-ақ аса қамқорлық қажет. Дені сау ұрпақ әкелу үшін ананың дені сау болуы тиіс. Біздің қоғамда сол қамқорлық қандай?
Ұшығынан сақтасын!
Қазақ осылай дейді. Қолынан келген дәрменін жасайды. Содан соң осы тілекті айтады. Бізден басқа елдің дисплазияны емдеудегі айтқандарын, жасағандарын оқып, саралай отырып, бізде де шетелдіктер секілді, сәби дүниеге келген алғашқы аптада дисплазияның бар-жоғын УЗИ арқылы тексеруді жолға қойсақ, қолайлы болар еді деп түйдік. Әлі әр нәрсенің байыбына бара қоймаған, сүйектері жетілу үстінде болатын, қозғалысы да аздау сәбиді емдеу аса күрделі емес екенін жоғарыда келтірдік. Оның үстіне мұның ешбір зияны да жоқ екен.
Бұл дисплазияның не екенін біз де жан-тәнімізбен сезінгенбіз. Жаратқанның өзі жан салып, қаныңыз бен жаныңыздан жаратылған сәбиіңізге әлемнің бар жақсысын сыйлағыңыз келеді. Бірақ мына өмір күрделі. Жалғанның жақсы-жаманынан бейхабар бейкүнә нәресте сүйектерінің құрсақта жатқанында-ақ сыртқы әсер салдарынан дұрыс дамымауы бәрін талақ еткізеді. Өркениетке де өшігіп, ауаны ластап жатқандарға да кектене қарайсыз...
...Әйтеуір, ұшығынан сақтағай!