Ұстаздың басты мақсаты өзгерді ме?
Мұғалім өз пәні бойынша аптасына 18 сағаттық жүктемемен сабақ жүргізеді делік. Оған әр сағаты үшін сабақ жоспарын жазуға тура келеді. Тәжірибелі мұғалімнің өзі 1 сабақ жоспарын дайындауға 1 сағат уақытын жұмсайды. Демек, 18 сабақты өткізеді және оны өткізу үшін кемі 18 сағат дайындалады екен, нәтижесінде 18+18=36 сағаты осылай өтеді. Сабағынан тыс тағы қанша тапсырмалар орындайтыны, оларды орындауға қанша уақыты жұмсалатынын бөлек есептеуге болады.
Енді мәселеге келесі қырынан келелік, сабақ жоспарының жазылуы формальды түрде түрлі деңгейдегі тексерушілер үшін мұғалімнің сабағына дайындығын тексеретін атрибутқа айналған. Мұғалім – өз пәнін оқушы күнінде өзгелермен салыстырғанда, жақсы оқыған, университетте 4-5 жыл білім алып, теориялық және әдістемелік бағытта қалыптасқан, білімін байытқан тұлға. Өмірін осы пәнді игеруге арнаған адамнан тағы қандай дайындықты талап етеміз? Қолында пәніне және сыныбына тиісті оқулығы бар болса, сабағының мазмұнын білетін болса, неліктен әр қадамын жоспарлап жазуға тиіс? Мұғалімдік қызметтен басқа салада ешбір маман иесі өзінің күнделікті әрекетін қадамдарға бөліп, жоспарлап, уақыт алып, қағазға түсіріп отырмайды.
Әдетке айналған қызметі үшін «менің мақсатым мынадай, міндеттерім осындай» деп кірісетін өзге маман иесін көзге елестете аласыз ба? Мысалы, маршруттық аутобус, такси жүргізушісі, полиция қызметкері, кәсіпкер, журналист, басшылық қызметтердегі лауазымды тұлғалар, осылардың қайсысы өзінің ойлаған әр жоспарын бірнеше компьютерлік бетке теріп (ескеріңіз, аптасына 18 жоспар), қағазға түсіреді? Көп адамға етене таныс ауыл тіршілігінен мынадай мысал келтіруге рұқсат етіңіз.
Ауылдағы тұрғын мал ұстайды. Қыста мал қораға тоқтаған күннен бастап, оларды таңертең «жайғау» керек. Мал жайғайтын адам «Мен қораның есігін ашамын да, қолыма айырды алып, шөп босатамын; шөпті әр малға деңгейіне сәйкестеп бөліп беремін де, астын тазартамын т.б» деген жоспарларын жазбаса, бір тексеруші қораның есігі алдынан шығып, «Осындай жазба жоспарың болмаса, қораға нендей мақсатпен кіресің, міндеттерің қайсы?» деп мал жайғайтын адамды қадағалайтын болса, жұмыстың сиқы кетер еді. Мысалды тым қарабайыр деп қабылдамаңыз, адал еңбекпен атқарылатын болса, жұмыстың бәрі де тең, күшті.
Түсінігі бар адам мұғалімнің бір ғана басты мақсаты бар екенін, өз пәні бойынша санаулы міндеттері бар екенін ұғынуы да, мойындауы да керек. Әйтпесе, толған мақсат пен сансыз міндеттер мойнына артылған мұғалім іс жүзінде олардың қайсысын да нашар деңгейде орындауы әбден ықтимал.
Ең бастысы, мұғалімнің уақыты мен энергиясын осындай бағытта қағаз жаздыртуға жұмсауға ешкімнің де моральдық құқы жоқ екенін барша педагог түсінетін уақыт жетті.
Бейсен Маулетбек,
Астана қаласы №66 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі.