Ұстаз әлеуетін көтермейінше, мұғалім тапшылығын жоя алмаймыз
«Алты алаштың баласы бас қосқанда қадірлі орын – мұғалімдікі» деп өткен ғасырда ақын Мағжан Жұмабаев атамыз айтқандай, бұрындары ұстаздарға көрсетілер құрмет пен сый бөлек еді. Сол ұлы мамандық иелеріне көрсетілер сый-құрметтің әсері ме, мектеп бітірген әрбір оқушы «өскенде ұстаз боламын» деген сөзді үлке-е-ен мақтанышпен, құрметпен айтатын. Ал бүгінде ұстаз мамандығының беделі төмендегендіктен, ұстаз мамандығын таңдаушылардың қатары азайып, тіпті тест бойынша төртінші пәні сәйкес келіп, балы соған ғана жеткендер амалсыздан ұстаз болатын жағдайға жеттік. Осының салдарынан еліміздің білім беру мекемелерінде ұстаз тапшылығы да туындап отыр.
Білім және ғылым министрлігі жанындағы Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің дерегіне жүгінсек, республика бойынша 3 мыңға жуық педагог маман жетіспейді екен. Білім беру мекемелеріне бүгінгі таңда физика, химия, математика, ағылшын тілі, информатика пәндері мен дене тәрбиесі сабағы оқытушыларының қажеттігі артқан. Әсіресе ұстаз тапшылығы шалғай ауылдарда қатты сезілуде. Әйтсе де кадр жоқ деп, мектеп бағдарламасына сай өтілуі тиіс пәндерді өткізбей қоюға болмайтындықтан, бір ұстаз бірнеше ұстаздың жүктемесін қатар көтеруге мәжбүр болып, ауыл мектептерінде «әмбебап мұғалім» де пайда бола бастады. Информатика пәнінің мұғалімі дене тәрбиесі пәнінен де сабақ бере беретін мектепте тәрбиеленген шәкірттердің болашағын елестетудің өзі қиын.
Айналып келгенде, бұл мәселелердің бәрі ұстаз мамандығына құрметтің жоғалуы мен мұғалім беделінің төмендеп, кадр тапшылығының туындауынан пайда болып отырғанын ұққан бас мұғалім Бақытжан Тұрсынұлы ұстаз мәртебесін көтеру туралы бастама көтерді. Осыған орай министрлік мұғалімдерге лайықты еңбекақы төлеу, біліктілігін арттыру, ұстаздық кәсіптің қоғамдағы имиджін өсіру бағытында жұмыстар жүргізе бастады. Соның айғағы: өткен оқу жылынан бастап ұстаздарға санаттарына қарай үстемеақы мөлшері ұлғаятын болды. Егер сол уақытқа дейін жоғары санатты мұғалім үстемеақысы 60 пайызды құраса, жаңа оқу жылынан бастап – 100 пайыз, бірінші санаттылар – 35 пайыздан 50 пайызға, екінші санаттылар 20 пайыздан 30 пайызға өсті. Сонымен қатар санаты жоқ жас мамандарға алғашқы бес жыл жұмыс уақыты ішінде 20 пайыз қосымша үстемеақы төленетін болды. 2015 жылға қарай педагогтардың орташа жалақысын жеке сектордағы еңбекақыға теңестіру де көзделді. Бұл ұстаздар жалақысы қазіргімен салыстырғанда екі немесе үш есеге дейін өседі дегенді білдіреді. Осы орайда өсірілген жалақы ұстаздарды қаншалықты қуантуда деген оймен бірқатар ұстазға хабарласқан едік. Неше жылдан бері ұстаздық қызметті серік еткен Ғалия апай: «Министрлік бекіткен жоғары санатты ұстаздың жалақысын алу оңай емес», – дейді.
Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ, ҚР білім беру ісінің үздігі:
– Шыны керек, бүгінде ұстаздардың жалақысына қосылып отырған үстемеақы көңіл көншітерліктей емес. Мәселен, жоғары санатты ұстаз 100 пайыздық үстемеақы алуы үшін көптеген критерийге сай болуы тиіс. Арнайы үш айлық курстан өтуімен қатар, мектептегі түрлі іс-шаралардың ұйытқысы болып, шәкірттері де білім сапасының жоғары көрсеткішін көрсетуі тиіс. Бірақ барлық ұстаз жоғары жалақы үшін қоғамдық жұмыспен айналысып кетсе, оқушыны сонда кім оқытады? Ұстаздың басты міндеті білім беру ғана емес пе?! Ұстаз сапалы білім берсе ғана үстемеақыны қосатын болса, ұстаз болғысы келетіндер қатары көбейіп, кадр тапшылығы да жойылар еді. Ал үстемеақы үшін сансыз талап қою дұрыс емес.
Осы орайда Алматы қалалық №138 мектеп-гимназиясында 25 жыл бойы үздіксіз қызмет атқарып, профессорлығын да мектеп қабырғасында қорғаған Ұлжалғас апай да 100 пайыздық жалақының кез келгеннің уысына түспейтінін айтады.
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА, география пәні мұғалімі, педагогика ғылымының докторы, профессор, географиядан республикалық атаулы мектеп жетекшісі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері:
– Үстемеақыны алу үшін арнайы талаптардың бары рас. Бірақ оңай жерде нан жоқ қой. Сондықтан Назарбаев зияткерлік мектебінің жанынан «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығынан ұйымдастырылған үш айлық біліктілікті көтеру курсынан өту қажет. Осы курстан тұрақты үш кезеңнен өтуіне орай алғаш – 30 пайыз, одан кейін 70 және 100 пайыз көлемінде үстемеақы қосылады. Сондай-ақ осы біліктілікті көтеру курсынан өткен ұстаздар қосымша өте көп шығармашылық жұмыспен айналысуы тиіс. Білімін жоғары деңгейде көрсетіп жүрген шәкірттері де болып, тіл білу қабілеті де жоғары болғаны жөн. Тұрақты түрде олардың жұмыс істеу қабілеті мен курстан өту кезінде алған тәжірибесі тексеріліп отырады. Үстемеақы осы талаптарға сай болған жағдайда ғана беріледі. Бұл үстемеақыға басқалардың қалай қарайтынын білмеймін. Өзім ұстаздық қызметіме қоса, мектеп қабырғасында жүріп қорғаған профессорлық қызметім үшін қосымша 30 мың теңге аламын.Сонымен күн көрудемін.
«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, басқаның бақытын аялау» дегендей, басқаның білім көкжиегін кеңейту үшін алтын уақыттарын да аямайтын ұстаздар қауымының беделін көтеру қажеттігін Елбасымыз да қадап айтып келеді. Сондықтан мектептегі кадр тапшылығын жою үшін үстемеақы алу жолдарын жеңілдеткен де дұрыс шығар. Әйтпесе «ұстаздар жалақысын көтеріп жатырмыз» деген құр ұранмен мектепке ұстаздарды тарта алмасымыз анық. Қандай қиын кезеңдерде де төзімділік танытып, елдің болашағы саналатын жас ұрпаққа білім беріп, тәрбие үйретіп жүрген ұстаздар қауымының еңбегіне сай құрмет көрсету – қоғам парызы.