Ортамызда ерекше адамдар бар. Егіздер, үшемдер, төртемдер… Бізге бәрі де қызық. Өйткені өмірде мұндай оқиғалар ара-тұра кездесіп тұрады. Әрине, егіздер жайы бізге онша таңсық емес. Ал бірден үш және төрт нәрестені өмірге алып келген аналарға еріксіз бас имеске амал жоқ. Оны жаратушы иеміздің құдіреті дейміз. Расында да дәл солай. Қашаннан бір қозы туса қуанышқа бөленетін қазақ емеспіз бе? Жарық дүние есігін ашқан әрбір шаранаға қуанамыз. «Әр баланың өз несібесі бар» деп шүкірлік ететін де біздің қазақ. Қуаныштысы, соңғы жылдарда елімізде егіздер мен үшемдер саны көбейіп келеді. Кезінде саны кеміп қалған ұлтымыздың санын арттыруда оның маңызы ерекше. Дегенмен осы тұрғыда бір сәт ойланып көрдік пе?
Айталық, елімізде егіздер саны қанша? Үшемдер санын да дөп басып айта алмаймыз. Қысқасы, біз бұл мәселеге маңыз беріп қарамаймыз. Ол туралы нақты деректер жоқтың қасы. Құзырлы мекемелер ол жайында нақты істерді қолға алуға құлықсыз. Бұл – шындық нәрсе. Осы жайында деректер іздеп көрдік. Қолға мардымды мәліметтер іліне қойған жоқ. Жоқтан бар жасағандай болдық. Сосын жаһандық желі арқылы жұмыр жердегі егіздер мен үшемдер мәселесіне үңілдік. Біраз бар екен. Ал қазақша мүлдем жоқ. Ұлан-байтақ далада бар-жоғы 16 млн халық тұратын Қазақстан үшін демография мәселесіне селсоқ қараған дұрыс емес.
Қазақстан егіздерді өмірге алып келуі жөнінен әлемде алғашқы елулікке енеді екен. Қуанып қалдық. Көш басында Африка құрлығындағы Нигерия тұр. Онда әрбір 22 адамға бір егізден келеді екен. Жер шарындағы жұрттың төрттен бір бөлігін құрайтын Қытай соңғы орындарды місе тұтады. Мәселен, онда 250 қытайға бір егізден келеді. Ал бізде қалай екенін дерекпен айта алмаймыз. Өйткені қолда нақты дерек жоқ.
Өткен жылы Сыр бойында 20-ға жуық егіз бала дүниеге келген екен. Алдыңғы жылы одан көп болған. 2009 жылы облыста 54 егіз бала шаңырақтарға шат-шадыман шаттық сыйлаған. Айтпақшы, үшемдер саны да артып келеді. Былтыр бес отбасында үшем өмірге келді. Одан бұрынғы жылдарда да осындай жөргек жуған ақ жаулықты жандар аз болған жоқ. Кейінгі кезеңде Сырдағы сырғалы жандар арасында дүмпу болып жатыр. Он жылдай бұрын облыста жылына бар-жоғы 10 мыңнан сәл асатын бала өмірге келетін. Қазір бұл көрсеткіш 20 мыңнан асып жығылады. Сыр өңірі баланы өмірге әкелу жөнінен Оңтүстік Қазақстан облысынан кейінгі орында тұр. Көршілес өңірде 2 млн адам бар екенін ескерсек, қызылордалықтардың дүмпуіне «әп, бәрекелді» деуге болады. Қызығы, үшемдер мен егіздер жөнінен де Сыр бойы алдыңғы лекте тұрғанын аңғару қиынға соға қоймас.
Нұрбол ТӨРЕКЕЛДІҰЛЫ, дәрігер:
– Медицинада егіздер мен үшемдерге ерекше қарайды. Бұл қасиет ұрпақтан-ұрпаққа қан арқылы да жалғаса береді. Ана құрсағында екі немесе одан да көп шарананың пайда болуы жөнінде дәрігерлер үнемі зерттеулер жүргізіп келеді. Әрине, оны ең алдымен жаратылыс заңы демеске болмайды.
Жер шарында егіздер Еуропа құрлығында көп өмірге келеді екен. Кәріқұрлықта 1000 баланың сегізі егіз болады. Ал АҚШ-тағы қара нәсілділер арасында осындай шаттыққа бөленіп жатқан отбасылар саны көп. Айта кетерлігі, өркениетті елдерде егіз және үшемді өмірге алып келген отбасыларға арнайы қамқорлық көрсетіліп жатады. Оларға арнайы күтушілер бөлінеді. Қаржылай көмектер жасалады. Ал бізде ше?
Ақмарал НӘРІКБАЕВА, Қызылорда облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің зейнетақы және жәрдемақы тағайындау бөлімінің бастығы:
– Қазақстанда егіздер мен үшемдерге байланысты арнайы жәрдемақы түрлері жоқ. Оларға кәдімгі бала секілді жәрдемақы беріледі. Бір жолғы берілетін көмек түрінде 1-3 балаға дейін 45360 теңгеден төленеді. Одан кейінгі шараналарға 75600 теңгеден алады. Мәселен, егіздер немесе үшемдердің бірі отбасындағы үшінші бала болса, ол 45360 теңге алса, одан кейінгілері 75600 теңгеден алады. Ал бір жасқа дейінгі балаларға төленетін жәрдемақы бірінші балаға – 8000, екінші балаға – 9828, үшінші балаға 11340, төртінші балаға 12852 теңге болып белгіленген.
Қазақы қалпымызбен бұл мәселеге селқос қарауға болмайды. Саны аз халық ретінде демография мәселесіне нақты назар аударғанымыз артық емес. Әсіресе жиі кездесе бермейтін егіздер мен үшемдерге көрсетілетін қамқорлық мәселесіне тағы да бір зер салсақ. Өйткені екі-үш бала түгілі, бір баланы да бағып-қағу қазір оңайға түспей тұрғандығы анық.
Аз-маз дерек
Бұрынғы Югославия мемлекетінде тұратын Снежана Груич, португал Идалина Сантуш бірден алты нәрестені өмірге алып келген. Қазақстанда төртем алып келген ана тіркелген. Дегенмен одан да көп шаранаға жарық дүние сыйлаған ақ жаулықты әзірге кездесе қойған жоқ екен.