"Маған бәрібір. Балалар Аллахқа қайтты. Сол адамның себебімен Аллахқа қайтты. Болды", - дейді қара жамылған ана.
Ақтауда полиция кәмелетке толмаған 3 баласын өлтірді деген күдікпен 36 жастағы ер адамды ұстаған еді. Бұған дейін оған қатысты өзге ағымның жетегінде екендігі туралы деректер болған.
Енді үш баласын өз қолымен бауыздап өлтірген Жәнібек Есеновтың Сириядан "Жусан" операциясы арқылы елге оралғандығы анықталып отыр.
Туған балаларын қойша бауыздап тастаған әке мен оның отбасына қатысты тың деректер Koremiz бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.
"Жусанмен" келген. Атырауда "БРТ" болып тіркеуде тұрған," - дейді журналистердің сауалына жауап берген полиция өкілдері.
Жәнібектің жат ағымның жетегінде екендігін көршілері мен туыстары да растап отыр.
"Олардың ұстанымдары бөлек. Тұмшаланып жүреді", - дейді Жәнібектің туған жездесі. Жездесінің айтуынша, Жәнібек пен оның жарының қандай ағымда жүргендігі белгісіз. Көршілері болса балаларын да тұмшалап тастайтын дегенді айтты.
Сондай-ақ Жәнібектің таныстары, ауылдастары да намаз оқығалы оның өзгеріп кеткенін айтуда.
Ал үш баласынан айрылған Айдана журналистерге қысқа-нұсқа пікір білдірді.
"Мен ешкімнің алдында ақталмаймын. Намаз оқитыным рас. Бәрі "вахабис" дейді. Айта берсін. Маған бәрібір. Мен ешкімнің аузына қақпақ болмаймын. Өз ісіме жауап беремін. Болды.
Маған бәрібір. Балалар Аллахқа қайтты. Сол адамның себебімен Аллахқа қайтты. Болды", - дейді қара жамылған ана.
Айдананың жездесі болса барлығы үш балаға алимент төле, болмаса балаларды көрсетпеймін деген сөздерден, жалпы ұрыс керістен басталған болуы мүмкін дейді.
Еске салсақ марқұм болған балалардың ата-анасы былтыр желтоқсан айында заңды түрде ажырасып кеткен.