Ұрылар әккі ме, әлде полиция пәрменсіз бе?

Ұрылар әккі ме, әлде полиция пәрменсіз бе?

Бүгінде Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты ауыл тұрғындары ұрлықтан әбден мезі болды. Тіпті есік алдынан жоғалған бірлі-жарым дүниесі үшін полиция шақырып әуре болмайтын да болды. Себебі полиция қызметкерлеріне деген сенімдері жоғалған. Бүгінде олардың бар міндеті ұры түскен үйдің иесінен арыз жаздырып алу ғана секілді. Себебі одан кейінгі істің жалғасы – «су аяғы құрдым». Осыны білген ұрылар тіпті бір үйді бірнеше рет тонап, күн өткен сайын тұрғындардың төбесіне «шай қайнататын» дәрежеге жетті.

Дандайсыған ұры, тоналған халық!
Қарасай ауданына қарасты Абай ауылына көшіп бар­ғаныма әлі бір жылдың жүзі болмаса да, бес рет ұры­ларға жем болдым. Алғаш 2011 жылы ақпан айы­ның 17-сі кү­ні түскі сағат 11:00-12:00 аралығында те­ре­зені бұ­зып кір­­ген ұрылар жалпы сомасы 100 мың теңге кө­лемінде (ақ­ша және алтын бұйымдар) шығын кел­тірді. Учас­ке­лік инспекторды шақырттым. Арыз жаз­ғы­зып, ұрылар бұ­­зып кірген терезеден саусақ таң­ба­ларын алған по­ли­­ция қызметкерлерінен одан кейін ха­бар болмады. Ар­­тынша наурыз-сәуір айла­рын­да есік ал­дын­дағы су құя­тын ыдыс, құрал-сайман, ша­тырда тұр­ған керек-жа­­рақ заттар қолды бола бастады. Бір емес, үш қай­тара! «Өз-өзіңе бекем бол, көр­шіңді ұры тұт­паны» ұс­та­­­нып әрі алдыңғы ұрлық оқиғасынан еш нәтиже бол­маған соң, поли­цияға хабар берген жоқпын. Арада бір­неше ай өткен соң, маусым айының 3-і күні тағы да үйдің терезесін бұзып кірген ұрылар жал­пы құны 200 мың теңгенің (ком­пьютер, алтын жә­не күміс бұйымдар) за­тын қолды қыл­ды. Тағы да по­лиция шақырттық. Үй­рен­шікті кө­рініс: арыз жаз­дырып алу, саусақ таңба­ла­рын алу... Алайда бұл жолы кейінгі істің алдыңғы істің жо­лын құшып, үн-түнсіз қалмауы үшін Қарасай ау­дан­дық ІІБ бастығы Бүйтеков Жақ­сы­лық мырзаға қо­ңырау шалып, істің аяқсыз қалмауын өтініп әрі бұдан бы­лай істің қалай өрбитінін бақылап отыратынымды айт­тым. Өзінің еңбек демалысында жүр­генін баян­да­ған ол істі орынбасары Данияр Ас­хат­қа тапсырғанын айт­ты. Орынбасары істі тексе­руге ар­на­йы жедел топты ат­тан­дыр­ғанын ай­тып, та­ғы басқа ай­­татыным болса, дүй­­сенбі күні кеңсесіне келуімді өті­ніп, сөзімді шорт кесті.
Полиция істің ашылуына мүдделі ме?
Істі өз бетімше тексеру барысында полиция істің ашы­­луына мүдделі ме деген сауал көкейде еріксіз туын­да­ды. Үйге ұрлық жасалғанын жұма күні кешкі са­ғат 20:00-дердің кезінде жұмыстан үйге қайтқан соң ғана біл­­гендіктен, полиция қызметкерлері түнгі 22:30-ға де­йін ға­на жұмыс істеді. Ал сенбі күні өз бетімше оқиға орын ал­ған күні күдікті біреулер көршілердің назарына ілік­педі ме деп сұрау салу нәтижесінде кейбір көршілерімнен ма­ған дейін бұл ту­ралы инспекторлардың бірде-біреуінің сұрау сал­ма­ға­­нын ес­ті­дім. Және мен секілді үйіне ұры түс­кен талай көр­­шімнің ісі «жабулы қазан жабулы күйінде» қал­­ғанын біл­дім.
Тіпті Абай ауылы Тәуелсіздік көшесі №144 үйдің тұрғыны, үйі бір мәрте тонал­ған Нұрғожаева Мәдина: «Үйден ұры­лардың шығып бара жатқанын көрген көршілерімнің пікірі де ескерусіз қалды. Оқиға орын алғанына алты ай өтсе де, тергеу ісінен хабар жоқ, көршілерімнің көргенін тергеу ісіне пайдаланған полиция­ларды да көрмедім. Неге дер кезінде ұрылардың фотороботы жасалмады?» – дейді. Шынымен, неге?! Айта кетерлік жайт, ұрлық орын алған үй иелерімен сөйлесу кезінде үй ұрлығының барлығы тек қана түскі мезгілде жасалғанын естідім. Және ауыл ішінде ұрының үстінен түскен және сыртынан көрген адамдар жетерлік. Алайда олардан полиция қызметкерлері мүлдем жауап алмаған. Ендеше, мұндай жағдайда құқық қорғау орындары істі ашуға мүдделі деп айта аламыз ба?!
Дәрменсіз полиция, солқылдақ заң!
Келісім бойынша дүйсенбі күні Қарасай аудандық ІІБ бастығының тергеу жөніндегі бірінші орынбасары Данияр Асхат мырзаға бардым. Үй ұрлығына қатысты түсіп жатқан арыздар мен ашылып жатқан қылмыстық істерден гөрі, «жұмыстар атқарылып жатыр» деген сөзді көбірек айтқан орынбасар мен Қарасай аудандық ІІБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары Искаков Есен кірмей жатып, диктофонды өшіруімді өтінді. Сондағы полиция қызметкерлерімен болған арадағы әңгіме мынау еді...
Асхат ДАНИЯР, Қарасай аудандық ІІБ бастығының тергеу жөніндегі бірінші орынбасары:
– Бүгінде бұрынғы ата-бабамыздың салып кеткен әдісі бойынша қылмыс ашу деген жоқ, қазір – техниканың (ендеше, сол техникасын пайдаланып, куә­герлерден жауап алу арқылы ұры­ның фотороботы дер кезінде неге жа­салмағаны түсініксіз... – Қ.Ә.) заманы. Жұмыс істелінбей жатыр деп айта алмаймын. Жұмыстар істелінуде. Жұрт­тың бәрін ұрлап жатыр. Жалғыз сізді емес, енді менің не істеуім керек? Біз өзімізді-өзіміз ақтап отырған жоқпыз... Мәселен, қараңызшы, сіздің компьюте­ріңіз қанша тұрады? ...Ал бү­гінде 100 мың теңге көлеміндегі ұрлық үшін ұры қамалмайды. Енді жылдың аяғына таман қылмыс саны тіпті көбе­йеді. Өйт­кені түрмелерден 5 мың қыл­мыскер шығайын деп отыр. Тек қана біздің ауданымыз бойынша 300-дей қылмыс­кер бостандыққа шығады...
Есен ИСКАКОВ, Қарасай аудандық ІІБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары:
– Жыл басынан бері өзім «лично», тоғыз қылмыстық топты ұстадым. Құра­мында үш, бес адамнан тұратын қыл­мыстық топтар. Сіз қыл­мыстар ашылмай жатыр деп отырсыз. Айт­қаныңыз дұрыс та шығар. Бірақ білесіз ғой бізде заң қандай екенін. Қаңтар айында ұсталған төрт адамнан тұратын қыл­мыстық топтың сәуір айында соты болды да, сот «условно» беріп, шығып кетті. Солар кейін келіп (қыл­мыскерлер – Қ.Ә.), «сен мені қа­мап тастап едің, міне, мен шықтым, «да­вайте» жүр, ішейік» деп бетіме күліп кетті. Міне, жақында Әйтей ауылында үй тона­ған қылмыстық топты ұстадық. Мал ұрлаған, жеті адамнан тұратын қыл­мыстық топ. Бірақ біреуін де қа­мамай қойды. Бұрын ұры тауық ұрласа да, жанын шығарып әкеліп, қа­мап тастайтынбыз. Қазір жоқ...
Әңгіме ауаны дер кезінде куәгерлерді сөзге тартып, оқиға болған күннің ертеңіне-ақ жедел түрде жұмыс істемейтін учаскелік инспекторларға ауған кезде Данияр Асхат мырза орнынан тұрып, қолын ұсынып, мені қуып шыққандай қылып құтылуға асықты. Менің: «Енді дүйсенбі күні учаскелік инспекторларыңыз барғанымен, халықты үйінен таппайды, дер кезінде сенбі күні ұрлық болған үйдің көршілерін сөзге тартып, айғақ жинауға ұмтылу керек еді. Ұры сіздердің осы жайбасар­лық­тарыңызды пайдаланып, ұрланған дүниені сатып үлгерді ғой. Қызметкерлеріңіз офисте жұмыс істеп отырғанда менің қай көршім ұрыны мен көрдім деп оның алдына барады?» – деген уәжім Қарасай аудандық ІІБ бастығы орынбасарының «көрші аралаудан басқа біздің жұмысымыз жоқ па екен» деген сөзінің тасасында қала берді...
Мен арыз айтып барсам, өзіме мұңын шаққан полиция қызметкерлері осылай дейді. Сонда ұрыға жем болып отырған халық кімге арқа сүйеп, кімнен көмек күтуі керек? Заң халық үшін жұмыс істемесе, неге керек?! Дандайсып, полиция қызмет­керлерінің әлсіздігі мен халықтың момын­дығын пайдаланған ұрыларға құрық бол­мағаны ма?! Статистикаға сенсек, жыл басынан бері бес айдың ішінде аудан бойынша 300-дей қылмыс тіркелген. Оның ішінде 166-сы үй ұрлығы болса, оның 84-і әлі күнге ашылмай отырған көрінеді. Айта кетер жайт, Абай ауылының ішінде жүретін жолаушылар автобусына «жыл басынан бері үйіңізге ұры түсіп, алайда әлі күнге ашылмаған жағдайда мына нөмірге хабарласыңыз» деп хабарландыру қал­дыру нәтижесінде бір күннің ішінде 20 шақты адамнан қоңырау алдым. Тіпті тұр­ғындардың кейбіреуі берген арыз­дарының тіркелгеніне күмән келтіретінін де жасырмады. Сондықтан іске прокуратура өкіл­дері араласып, үй ұрлығы жөнінде нақ­ты ақиқат статистиканы анықтаса, нұр үстіне нұр болар еді! Сондай-ақ Абай ауы­лындағы 15 мың халыққа бүгінде бір ғана учаскелік инспектор жұмыс істейді екен. Ал норматив бойынша, олардың саны жетеуден кем болмауы керек. Дәр­менсіз полиция мен әлсіз заңға қоса, ұрылардың дандайсуына бұл да себеп секілді... Сондықтан тиісті орындардың назарына атап айтар жайт: Заңды кім үшін әлсіреттік? Полиция қыз­меткерлерін неге дәрменсіз күйге түсірдік? Учаскелік инспекторлардың санын көбей­туге не кедергі?
Ұлардай шулаған халықтың ұрланған дүниесінің сұрауы кімнен?!
Сонымен, өз бетімше барлау жасамақ болып сенбі күні көрші-қолаңды аралап, олардан оқиға орын алған күні үй айналасынан күдікті адамдарды көрген-көрмегені жайлы сұрастырдым. Сөйтсе, мен секіл­ділердің қатары тым көп екен. Бәрінің үйіне ұры түскен, бірақ ұры ұсталғаны туралы еш дерек жоқ. Барлығы ұрының ұста­латынына күдерлерін де үзген. Бір қы­зығы, мен кірген көршілердің ешқайсы­сына полиция қызметкерлері келіп, көр­ген-біл­гені жайлы сұрастырмаған. Мәсе­лен, Тәуелсіздік кө­шесі №144 үйдің тұр­ғыны Нұрғожаева Мәдинаның үйінен – жал­пы со­масы 2 мил­лион (ноутбук, алтын бұ­йымдар мен ақша), тағы бір тұрғын Искаков Қаһар­ман­ның тал түсте итін улап, терезеге бекітілген тор темірді жұлып кіру арқылы – 865 мың теңге (алтын, бриллиант), Тәуелсіздік көшесі №144 үйдің тұрғыны Мырзалина Рысжанның үйінен терезесін бұзып кіріп – 260 мың теңге (алтын, ноутбук, ақша, дуб­ленка), Сұлтанов Ермағамбеттің үйінен – 1 миллион теңге көлеміндегі (ақша, ноутбук, алтын), Алемтаева Қадишаның үйінен 200 мың теңге көлеміндегі заттарын (алтын, ақша) жымқырып кеткен. Бұл тізімді одан әрі соза беруге газет беті тарлық етеді. Айта кетер жайт, бұл – менің жан-жағымдағы көрші­ле­рімнен ғана жинап алған арызым. Ал Абай ауылымен қа­тар жатқан, Райымбек, Авангард ауылдарында да дәл осындай жағдай қалып­тасқан. Алайда барлығына ортақ айтар бір-ақ нәрсе: «ұрлықтар ашылып, ұры ұсталды» деген хабар жоқ. Тіпті мен жолық­қан тұрғындар ұрлықтың ашыларынан күдерін де үзген.
Ұрлыққа құрық салынатын күн туар ма?
Кезінде ұрлық белең алған көптеген елдердің тәжірибесіне сүйенсек, олар не­ғұрлым заңды қатаңдату арқылы ұр­лықтың тыйылуына қол жеткізген. Ал біз заңды ізгілендіреміз деп, ұрыға оңтайлы жол ашып, ұрлық оқиғасының одан әрі кө­беюіне, халықтың қаналуына жол беріп алған секілдіміз. Қытай, Иран секілді көптеген ел ұрының қолын шабу арқылы ұрлық көлемін азайтқан. Тіпті бір кездері көлік ұрлығын азайту мақсатында Өзбек­станда ұрыларды өлім жазасына кесу арқылы ұрлықтың сап тыйылуына қол жеткізген. Ендеше, ұрлық жасағандарды мемлекет есебінен асырап-бағуға қыруар ақша бөлмей-ақ, жазасын жеңілдетіп, жазадан құт­қармай-ақ, жаза­ның осындай түрлерін неге енгізбеске?! Біз­дің бүгінгі заңымыз бойынша, кейбір жағдайларда ұры ұста­лып, сотталғанымен, зардап шегушіге келген шығын өтелмейді. Ендеше, ұрыны қамап қойып, жұмыс та істетпей, төрт мезгіл тамағын тегін беріп, асырау арқылы кім не ұтып отыр?! Қайта жәбірленушінің мемлекетке төлеген салығы есебінен оларды асырап-бағуға жол ашып отырған жоқпыз ба?! Бұл жерде салыстырмалы түрде айтсақ, жә­бірленуші екі есе зардап шегіп отыр деу­ге болады. Құқық қорғау орындарын қы­рын қаратып, дәр­менсіз күйге түсірген мұн­дай заң кімге не үшін қажет екені түсініксіз.
Айтпақшы...
Тіпті Қарасай аудандық ІІБ бастығы орынбасарының жеке қабылдауына кірсем де, дүйсенбі күні де көршілерімнен жауап алуға бірде-бір полиция бой көрсетпеді. Тек сейсенбі күні Алматы облыстық ІІД тергеу басқармасының бас­тығы Нұрхаев Ғазиз мырзаға қоңырау шал­ғанымнан соң ғана түске шейін Қара­сай аудандық ішкі істер бөлімінің қыл­мыс­тық іздестіру бөлімінің қызметкері телефон соғып, жоғалған компьютерімнің сериялық нөмірін сұраса, түстен кейін хабарласқан, өзін жедел уәкіл, полиция капитаны деп таныс­тырған Рустам атты полиция қыз­меткері көршілерімнен жауап алып келе жатқанын айтып, енді мені­мен сөйлескісі келген ниетін жеткізді. Осы­лайша, ұрлық орын алғаннан кейін төрт күннен соң, басшыларына тынымсыз қоңырау соғудың нәти­жесінде ғана құқық қорғау орындарын қозғалысқа келтіруге әзер қол жеткіздім. Айта кетер жайт, үйде алғаш ұрлық орын алғанда полиция қызмет­керлері мұндай тексеру жүргізген жоқ. Сонда учаскелік инспекторлар мен аудандық полиция қыз­меткерлерін жұмыс істету үшін үйіне ұры түскен әрбір тұрғын міндетті түрде об­лыстық ІІД-ге қоңырау шалу керек пе?!
Полиция тәрбиесі
Кейбір үйіне ұры түскен тұрғындардың үйінен шығып бара жатқан ұрылар туралы куәгерлердің мәліметтерін қолым­дағы жазылған арыздар бойынша полиция қызметкерлері өзімнен қиылып отырып сұрап алды. Мен сіздерге мәлімет жинап әкелуге мін­детті емеспін, қылмысты ашқы­лары­ңыз келсе, халық арасына барып жұмыс істе­ңіздер десем де, артынан өзім де бар мәліметпен бөлістім. Учаскелік инспекторлар менің қолымдағы мәліметке көз сүзгенше, халықпен етене жұмыс істеп, халық арасына барып, неге жұмыс істемейді?! Айтпақшы, олар халықпен жұмыс істесе де алмайды... Ұрлық тіркелген күні істі тексеруге келген инспекторлардан өздерін таныстыруды өтіндім. Олар үзілді-кесілді өздерін таныстырудан бас тартты. Тіпті сөзді ұзартып: «Қатты танысқыңыз келіп тұр ма?» – деп өзімді келеке ете бастады. «Жол полициясының өзі көлік жүргізушісінен құжаттарын сұрағанда алдымен аты-жөнін айтып барып, құжатқа қол созады, мен үйіме кіріп, тексеру жүргізіп жатқан адамдардың аты-жөнін білгенім дұрыс шығар» деген үгіт-насихатыма да, «қарапайым өзін-өзі таныстыру мәдениетін білмейсіздер ме» деген намысқа тиер сөзіме де құлақ аспады. Бір сағаттай әуреленіп, олардың аты-жөндеріне қол жеткізе алмаған соң, амалым құрып, тағы да Данияр Асхат мырзаға қоңырау шалуға мәжбүр болдым. Алайда Қарасай аудандық ІІБ бастығының тергеу жөніндегі бірінші орынбасары әріптес­терінің сөзін сөйлеп, оларды таныстырудан бас тартты. Ұзақ уақыт текетірестен соң ғана ұрлық орнын тексеруге келген қызмет­керлермен таныс болдым. Тергеуші Аман­тайұлы, жедел уәкіл, полиция капитаны Орынбаев, эксперт-криминалист Жайлаубеков, жүргізуші Белді­баев­тарға өзін-өзі таныстыру неге соншалықты қиын бол­ғанын әлі күнге түсіне алмаймын. Ұрлықты ашпақ түгіл, халықпен қалай жұмыс істеу керектігін, өзін-өзі таныстыру мәдениетін де білмеген инс­пек­торларға осыдан кейін халық сене алар ма?! Тіпті менен көрген-білгенін айтудан қашпаған тұрғындар полиция қызметкер­лерін көр­генде неге басын ала қашады?!

Р.S.
Бұл мақаланы жазуыма басты себеп – полиция қызметкерлерінің өз ісіне деген салғырттығы, бейқамдығы. Рас, тірнектеп жиған мүлкімнің кім көрінгеннің қолында қолды болуы да жанымды ауыртпай қойған жоқ. Әйтсе де бүтін ауыл тоналып жатса да, еш шара қолданбай отырған, халықпен қалай сөйлесу мәдениетін де білмеген құқық қорғау орындарының әрекеті бәрінен ауыр тиді. Айта кетер жайт, алдағы уақытта осы мақалаға орай ІІМ мен Алматы облыстық ІІБ тиісті шаралар қолданбаса, қолымыздағы тұрғындардың арызын Бас прокуратура мен ҚР Президенті Әкімшілігінің назарына ұсынатын боламыз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста