Ұлттық таным жаңғыруы үшін тіл жетілуі тиіс
Жер беті аймақтарының бір бөлігін ұзақ жылдар бойы мекен еткен адамдардың тұрмыс-тіршілігі, кәсібі, өмір сүру салтының ортақтығына, ортақ мақсат-мүдделеріне байланысты және сан алуан тарихи жағдайларға орай, өзіндік өзгешеліктері айқындалып, белгілі бір ұлттың қалыптасатыны белгілі. Осы қағидаға сүйенсек, қазақ ұлтын басқалардан өзгешелендіріп тұратын өзіндік этностық белгілері – тілі мен ділі, таным-түсінігі, ой-санасы,мінез-құлқы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі сияқты т.б. белгілері мыңдаған жылдар бойы қалыптасқаны даусыз. Ал этностық белгілердің ішінен кез келген ұлтты басқалардан ерекшелейтін басты белгі ұлттық тіл болып саналады.
В.Гумбольд өзінің «Тіл және мәдениет философиясы» деген еңбегінде: «Ұлттың өзіне тән іштей данышпан рухы бар, сол рухтың ерекшелігін сыртқа шығарып, сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа беруші күш – тіл» (Язык и философия культуры. Москава: Прогресс, 1996, 111-б.),– деп оның рухани маңыздылығын ерекше бөліп көрсетеді. Осыған ұқсас ойды М. Арынның тәрбие туралы толғауларынан да кездестіреміз. Ол: «Тіл дегеніміз белгілі бір халықтың жинаған рухани қазынасының жиынтығы, соның бәрін сақтайтын қойма іспетті. Қойма дегенде ойға оралады, сол жинаған байлықты ұрпақтан-ұрпаққа тіл жеткізіп беріп отырмаса, әр ұрпақ өзінің рухани өмірін жаңадан бастаған болар еді» (Бес анық (тәрбие туралы толғаулар). Алматы: Арыс, 1996, 14-15-бб.),– дейді.
Ал қазақтың көркем ой жүйесіндегі бейнелі сөздер туралы соңына толымды еңбек қалдырған Т.Қоңыров қазақ теңеулерінің ұлттық таным жүйесімен тығыз байланысты екенін көрсете отырып, ол жайында мынадай тұжырымды ой айтады: «Әдебиеттегі образдар жүйесі және сөз бейнелеу тәсілдері – ұлттық характердің ең басты көрсеткіштері. ...Теңеу категориясы – бүкіл бейнелеу, көркемдеу тәсілдері ішіндегі ең басты, ең пәрмендісі. Бейнелеу тәсілдерінің барлығы да өз бастауын осы теңеуден алады. ...Теңеу – көркем ойлаудың ұлттық ерекшеліктерінің жиынтығы, дүниетанымның ұлттық өзгешеліктері бас қосқан категориялардың бірі» (Теңеулер табиғаты. Алматы: «Алаш» баспасы, 2005, 4-б.). Демек, ұлттық таным-түсінік, ой-сана тілдік мәдениетпен, ал зат, құбылыс, ұғым және олардың атаулары ұлттық таныммен тығыз байланысты.
Зат, құбылыс, ұғым және олардың атаулары арасында жалпы байланыс болғаныменен, ешқандай табиғи, тікелей байланыстың жоғы және олардың (атаулардың) зат пен ұғымға қойылған шартты таңба екені күллі елдердің лексикологиялық оқулықтарында тәптіштеліп жазылғандықтан, бұны терең-нен қаузап жатудың филологтар үшін түкке де қажеті жоқ екенін түсіне отырып, жалпы оқырмандар үшін бұл мәселе жөнінде аздаған мәлімет бере кетейік.
Зат немесе құбылыс туралы ұғым дүниежүзінің барша жұртына ортақ болып келеді. Тек соларға қойылатын атаулар ғана әр ұлттың тілінде өзінше бейнеленеді. Бір қарағанда, жаратылыстағы сан алуан заттар мен құбылыс-тардың түрлі сыр-сипаты, мән-мазмұны, қадір-қасиеті туралы таным-түсінік (ұғым) барша ұлтқа ортақ болып келетіндіктен, оларға телінетін атаулар да бірдей болуы керек сияқты боп көрінеді. Бірақ бұл – қате түсінік. Өйткені «ұлттық діл айрықша ойлау жүйесін ұсына отырып, ұжымдық сананың тереңдегімен сипатталады. Әлемнің ұлттық-тілдік бейнесінде әрбір ұлттың өз ұғым-түсінігі трек ететін сүйеніші – тұжырымдамалары, үлгілері, сол ұлтқа тән басқа да қасиеттер оның ұлттық ділі арқылы жүзеге асады» (Әлметова Ә.С. П.ғ.д. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. Алматы, 2007 жыл, 111-б). Біз өзімізге беймәлім немесе алғаш көрген, танып білген, естіп көңілге тоқыған немесе оқып зерделеген зат пен құбылысқа және оның ұғымына «осыған мен ат қояйыншы» деген саналы ниетпен емес, олардың бәрімізге бірден аңғарылатын сыртқы-ішкі көптеген белгілерін, сыр-сипаттарын санамызға қабылдай отырып, өзіміздің ұлттық таным-түсінігіміз бойынша жан дүниемізге жақын басты белгілерін ғана атауға негіз етіп алып, әйтеуір, өз тілімізде айтып-жеткізу үшін ат қоямыз. Бір қызығы – атау қоюға таңдалып алынатын белгілер әр ұлтта әрқилы болып келеді екен.
Ат қоюға негіз болатын осы бір уәждемені (мотивизацияны) түсінбеушілік салалық ғылымдардың терминдер сөздігін құрастырушылар мен термин туралы пікір айтушыларды қателікке ұрындырып жүр. Олар қазақтың тұрмыс-тіршілігіне жаңадан енген зат пен ұғым атауларының бөгде тілде солай аталуына негіз болған белгілерін ғана ескеріп, соны біреу қазақшалаған жаңа атаудың бойынан іздейді немесе өзі соған атау қоя қалса, соны сіңірмек болып әуре болады. Сөйтіп, қандайлық бір себепке негізделіп қойылғанына қарамастан, кез келген атау – әр ұлттың дыбыстық жүйесіндегі төл дыбыстардың табиғи қалыптасқан өзіндік тіркесіміне сәйкес жасалынатын ұғымның сыртқы жамылғысы, шартты таңбасы екенін қаперден шығарып, көбінесе, мағыналық тура аудармаға бой алдырып, соны өз пайымдауларынша дұрыс деп санап, түрлі келеңсіздікке ұрынып жатады.
Осы орайда орыстың көрнекті ғалымы, ф.ғ.д., профессор Л.А. Новиковтың таңба мен мағынаның, ұғым мен заттың бір-бірлерімен қарым-қатынасы жайында айтқан ғылыми тұжырымын келтірейік. Ол өзінің «Сөз өнері» деген еңбегінде былай дейді: «Зат пен таңбаның арасында тікелей байланыс жоқ. Олар өзара мағына (ұғым) арқылы байланысады. Қандай да болсын бір затқа атау беру үшін, оны ең әуелі белгілі мөлшерде пайымдап алу керек. Міне, сол себептен бәрімізге ортақ зат немесе нәрсе түрлі тілде түрліше аталады. Мысалы: орыстың «подснежник» (қар асатында өсетін гүл) деген сөзі ағылшынша «Snowdop» (қарға тамған тамшы), французша «perse-nege» (қар тесетін гүл), немісше «Schneeg-lockchen» (қар қоңырауы) деп аталады» (Искусство слова. М., 1991 г., 11 б.).
Бұдан кез келген зат пен ол туралы ұғым барша ұлтқа ортақ болатынын жақсы аңғарамыз. Мысалға келтірілген заты да бізге таныс. Осы өсімдік туралы біздің ұғымымыз да олардікінен бәлендей алшақ кетпейді, бірақ біз оған ат қоярда оның көптеген сыр-сипатының ішінен біздің өлкеге тән қасиетіне қатысты белгіні ғана уәждеме етіп алғанбыз. Сондықтан да ол, әлбетте, ұлттық таным-түсінік бойынша, тілімізде «бәйшешек» (бәй – алғашқы, шешек – гүл) деп аталады.
Қазақ ұлтын басқалардан өзгешелендіріп тұратын өзіндік этностық басты белгісі – тілі екені ақиқат. Ал тіл болса, барша құндылықтың негізі. Профессор Ә.С. Әлметова: «Мәдениеттер сұхбатында зерттеушілер екі үлкен мәселеге ерекше назар аударады. Ол: ұлттық мінез-құлық және ұлттық діл. Ұлттық мінез-құлық адамдардың психикасындағы ұлттың өмір сүруіне қажет өзіндік шарттарды бойына жинақтаған ерекшелік, әрбір ұлтқа тән психологиялық айырмашылықтар мен қасиеттердің жиынтығы. Бұл мінез-құлық – белгілі бір ұлтты басқа ұлт өкілдерінен айырып көрсететін сол ұлт өкілдерінің басым көпшілігінің бойынан табылатын қасиеттер» (аталған еңбек, 109-б.),– дейді. Демек, ұлттық мінез-құлық ұлттық ділден шығатын болса, ұлттық діл ұлттық тілмен шарттасады. Екеуінің өзара арақатынасы – өте күрделі.
Т.Қоңыров жоғарыда аталған еңбегінде ұлттық таным-түсінік пен атаулар арасындағы байланысты былайша тұжырымдайды: «Адам өзін қоршаған ортамен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, сол ортадағы заттарды, құбылыстарды және процестерді, олардың өмір сүруінің ішкі-сыртқы заңдылықтарын және олардың пайда болуы мен дамуын танып біледі. Адам санасында осы танып білген заттары, құбылыстары және процестері жөнінде сезімдер, қиялдар, байымдаулар, ұғымдар, ой қорытындылары пайда болады» (аталған еңбек, 55-б.). Осы қағидатты басшылыққа алсақ, адам алғаш көрген нәрсесіне ат қоярда оны жан-жақты зерттеп-зерделеп, өзінің өмір бойы жинақтаған дүниетанымдық біліміндегі мәліметтер негізінде санасында бейнелейді. Сосын барып ат қояды. Бұл – тіл білімінде қазіргі уақытта әлемнің тілдік бейнесі деп аталып жүр. Мәселен, ата-бабамыз ағылшын тілінде «ostrch», ал орыс тілінде «страус» деп аталатын құсты тұңғыш көргенде оның ең әуелі құс екеніне көңіл аударғаны анық және құс болғанда орасан үлкен екеніне мән берген. Өзінің танып-білген өміріндегі ең үлкен жануар түйе болған соң, соған ұқсатып, екеуінің бейнесін астастырып (ассосатциялап), «түйеқұс» деп атаған. «Түйетауық (күрке-тауық)», «түйтабан (өсім.)», «түйежапырақ (өсім.)» сияқты т.б. сөздердің де атауында осындай ұлттық таным жатыр.
Даму заңдылықтары бойынша жер бетіндегі бүкіл тілдің баюы мен дамуы табиғи жолмен баяу өтеді. Өзінде бұрын болмаған зат пен ұғымға, құбылысқа басқа жұрттың қойған атауын (сөзін) қабылдаушы ұлт өзінің таным-түсінігі бойынша және өзінің сөзжасам мүмкіншілігіне сүйене отырып, дер шағында өзінше ат қояды. Ондай мүмкіншілік болмай қалған кезде оларды (жат тілдік атауларды) ана тілінің табиғи заңдылықтары негізінде өзгертіп алады. Бұл – тіл білімінде жат тілдік атауларды дыбыстық, құрылымдық жақтан игеру арқылы өз сөзіне айналдырып, сөздік құрамын байытудың бір жолы деп аталады.
Ұлттық тілдер басқа жұрттың атауларын өзінің дыбыстық, құрылымдық жүйесінің заңдылықтарына бағындырып қабылдауының басты себебі – олар ұлттық тілге жат дыбыстардан тұрады әрі ол дыбыстардың бір-бірімен тіркесімі де мүлдем өзгеше. Ондай сөздерді ұлттық тілде сөйлейтіндер айтып-жаза алмайды. Өйткені ұлттық тіл сан мыңдаған жыл бойы өзге тілден өзгеше болып қалыптасып, сол тілді пайдаланушылардың сөздерді айтуы (артикуляция) мен дыбыстауын (акустика) бір заңдылыққа негіздейді. Ал бөтен тілдің сөздері өзгеше дыбыстар мен солардың өзіндік тіркесімінен тұратындықтан, ұлттық тілдің заңдылықтарына сәйкес келмейді. Жоғарыда айтқанымыздай, бөтен тілдік атаулар да шартты таңбаға жатқанымен, оларды сол қалпында пайдалануға болмайтыны сондықтан.
Бұдан шығатын қорытынды: тұрмыс-тіршілігімізге еніп, тілімізде аталу-ға, айтылып-жазылуға тиісті жаңа зат-ұғымдарға дер кезінде қазақша атау берілмей, олармен бірге оның шеттілдік атауы да тілімізге еніп, кең қолда-нысқа түсіп кетсе, бөгде тілдік атауларға зат пен ұғымға тікелей қатысы жоқ шартты таңба ретінде қарап, тек дыбысталу жағын ғана қазақшалауға тырысу қажет. Дегенмен мынаны ескеру қажет сияқты: зат пен құбылыс және ол туралы ұғымды дәл бейнелеп бере алатын қазақша сөз табылып жатса, әңгіме басқа, керісінше, тілімізде бұрыннан бар тілдік материалдар негізінде жасал-ған жаңа атау өзінің бұрынғы атаулық ұғымына жетелеп, жас ұрпақты шатастырып жатса ше? Мәселен, «түймедақ» «таблетка» сөзін ауыстыра ала ма? Қайсысын айтқанда сол заттың ұғымын санамызда бейнелеп, көз алды-мызға келтіре аламыз? Біздің ойымызша, оны «тәбілеткі» дей салған жөн.
Сондықтан дыбыстық жағы өзгертуге көнетін шеттілдік атауларды сәл-пәл түзеп, тіліміздің айтылым-емле (орфоэпия-орфография) ережелеріне сәйкес-тендіріп пайдалана салу әлдеқайда жеңіл. Ол үшін, ең әуелі, қазақ әліпбиін орысша қалай жазылса, солай жазуға мәжбүрлейтін, тілімізге зорлықпен енгізілген жат дыбыстардан арылтып, сосын шеттілдік сөздерді қазақша қалай айтып-жазу ұстанымын бір ыңғайға келтіріп алу керек. Сонда ғана тіліміздің сөздік құрамын басқа тілдік сөздердің есебінен байыта аламыз. Жаңадан сөз жасау машақатын жеңілдетіп, жас ұрпақтың түсінігіне жеңіл, сапалы оқулық, оқу құралдарын жазуға қол жеткіземіз. Бізге үлгі болып жүрген орыс тілі және әлемнің басқа да алдыңғы қатардағы тілдері, міне, осы бағытты ұстанып, дамып келеді.
Бейбіт ИСХАН,
Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ
Қазақ филологиясы кафедрасының доценті,
филология ғылымының кандитады.