«Шеврон» компаниясының әлеуметтік жобасы
Қолөнер туындысы қайталанбастығымен, экзотикалығымен бағалы, сондықтан да нарықта әрдайым сұранысы жоғары. Осы жағынан алғанда, бағзы заманнан келе жатқан қазақтың ұлттық ою-өрнегі, таңбалары да көпті таңғалдырып, көнелік тартымдылығымен әлемдегі қолөнер туындыларына дес бермесі анық. Бірақ осындай мүмкіндіктің барына қарамастан, өкінішке қарай, елімізде қолдан жасалатын ұлттық бұйымдар үлкен бір индустрияға айнала алмай отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде қолынан өнері тамған шеберлер толып жатыр. Бірақ олардың барлығының басын қосатын бізде жалғыз ғана одақ бар екен. Оның да қаржылық мүмкіндігі шектеулі. Салдарынан, ата-бабадан балаға мұра болып жатқан ұлттық құндылықты көркемдікке айналдырушы қолөнершілеріміздің, ісмерлеріміздің, ұсталарымыздың таланты назардан тыс қалып, бұл сала жетімдік күйін кешуде екені жасырын емес...
Тәуелсіздіктің ұлтына, халқына берген жемісінің бірі – ұлттық құндылықтардың жаңғыртылуы. Бүгіндері қызы тұрмысқа шықса, ата-баба дәстүрімен жасауын әзірлеп, ұлын сүндеттесе, ұлттық киімнің үлгілерін іздеп әуре-сарсаңға түсетін ағайынның соңғы жылдардағы қолөнер бұйымдарына деген сұранысы артқаны шындық. Бірақ, өкінішке қарай, оларды өз қолымен әзірлеп сатылымға шығаратын шебер аз. Нақтырақ айтқанда, елімізде ұлттық құндылықтар ұсталарының басы шашыраңқы. Қарап тұрсаңыз, қара базарда самсап тұрған көрпе мен төсеніштер өзбек пен қырғыздікі. Арзан демесеңіз, отандық шебердің қолынан шыққан дүниеге сапасы жағынан олар бәсекелесе алмайды. Қазір той жасамайтын қазақ жоқ және әр тойда қазақы салтпен бата беру, жүк жөнелту сынды дәстүрлер орындалады. Әжелерге оюлы қамзол, аталарға шапаны мен тақиясын кигізетіндердің бұл – қазіргі жақсы әдеті. Демек, тапсырыс бар, бірақ сол тапсырыстарды қанағаттандырып жатқан өзіміз емес, өзгелер екендігі ішіңізді ашытады. Осы мәселенің мән-жайын білмек ниетте Қазақстандағы Қолөнершілер одағына хабарластық. Аталған одақтың төрайымы Айжан Бекқұлова ханымның айтуынша, шеберлерді оқытатын және олардың қолынан шыққан бұйымдарды сатылымға шығарып, тапсырыс қабылдайтын орындардың жоқтығы – бүкіл республикаға тән проблема. Қаншама жұмыссыз әйелге қолөнер шеберлігін үйретіп, кішігірім кәсіпорындардың ашылуына мұрындық болып жүрген А.Бекқұлова «ұлттық қолөнер өнімдеріне нарықта сұраныстың өте көп болуы қуантып, қолдаудың жоқтығы қынжылтады» деп отыр.
Айжан БЕКҚҰЛОВА, ҚР Қолөнершілер одағының төрайымы, ҚР Суретшілер одағының және WCC - Europe мүшесі:
– Қазір ауылдық жерлерде кім көп, үйінде жұмыссыз отырған әйел көп. Егер оларды қазақтың қолөнеріне баулып, оқытар болсақ, біріншіден, жұмыспен қамтып, екіншіден, ұлттық құндылықтарымыздың және бүгінде ұмыт қалып бара жатқан ұлттық мәдениетімізді қайта қалпына келтіріп, бүкіл әлемге паш етер едік. Өскелең ұрпақ осылайша қазақтың қолөнерімен бейтаныс, батыстық өнімдерді тұтынып жүре беретін болса, болашақта қазақ халқында өмірі ұлттық мәдениет болмағандай күй кешеріміз анық. Бүгінгі қоғамда қолөнерге деген, оның ішінде ұлттық нақышта әзірленген бұйымдарға сұраныс жетерлік, бірақ мемлекет тарапынан бұл салаға қолдау жетіңкіремей отыр. Қолөнерді де кәсіпке айналдыруға болады, бірақ кәсіп ашу үшін қомақты қаражат қажет емес пе?!.
Ақтаулық шеберлерге қолөнершілер орталығы қажет
Айжан Бекқұлова ханым айтпақшы, расында да, қолөнерді кәсіпке айналдыру әбден мүмкін. Бірақ ақша табу мақсатында ғана өндірілетін тауардың сапасы тұрақты бола бермесін естен шығармаған абзал. Республика бойынша Ақтау қаласында қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан дүниелерге сұраныс өте көп дегенді естідік. Сөйтіп, елімізде жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық Шеберлер байқауының 2011 жылғы жеңімпазы Әуез Сағынаевамен тілдестік. Оның айтуынша, Ақтау қаласына келетін шетелдік туристер өте көп және олар қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен кестеленіп, тоқылған базарлықтарды іздеп біраз әуре-сарсаңға түсетін көрінеді. Себебі бүкіл қала бойынша қолөнершілердің ұлттық нақышта жасаған бұйымдарын сататын бір-екі ғана дүкен бар. Сондықтан «мұнайлы қалада базарлықтар шығаратын зауыт ашылса» дейді Ә.Сағынаева.
Әуез САҒЫНАЕВА, ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі, қолөнер шебері:
– Бір қалада базарлықтар сататын сауда орнының саусақпен санарлық қана болуы дұрыс емес, әрине. Себебі елімізге келіп жатқан туристер қайтарларында естелік ретінде жергілікті кәдесыйларды сатып алғылары келеді. Одан бөлек, қазақтың алаша, көрпе, киізден жасалған тұрмыстық заттарына деген сұранысы жыл өткен сайын артып келеді. Бірақ оны шығарып жатқан зауыт та, қолөнерге оқытатын орталық та жоқ. Жалғыз «Шеврон» компаниясының көмегімен ауылдық жерлерді аралап, тренингтер өткізіп, жұмыссыз әйелдерге қолдан тоқыма тоқу, киізден шәркей жасау, жүнді дұрыс пайдаланып, күнделікті тұрмыста қажетті заттарды жасап шығаруды үйретіп жүрміз. Егер зауыт ашылса, соның жанынан-ақ қолөнер шеберлерін оқытатын орталық ашар едік.
Расында да, Қолөнершілер одағының жер-жерді аралап өткізіп жүрген тренингтерін Шеврон компаниясы қаржыландырып жатқанын естігенбіз. Олардың алыс-жақын шет мемлекеттерде ұйымдастырылатын байқауларға біздің шеберлердің қатысып, тәжірибе алмасуларына мұрындық болып отырған да жайы бар екен. Онысына мың алғыс! Бірақ бұл теңізге құйылған бір тамшы секілді ғана. Бүтін бір саланың мәселесін бір демеушінің қаржыландыруы арқылы шешу мүмкін емес. Мәселен, бірнеше жарыста жүлделі оралған шеберлеріміз енді бұл таланттарын өз елімізде сынап, оны кәсіпке айналдырайын десе, қаржы мәселесі қолбайлау болып отыр. Қолөнершілер одағынан белгілі мөлшерде қаражат бөлініп, несие есебінде шеберлерге беріледі екен. Бірақ несиенің аты несие емес пе?! Сол секілді түрлі дамыту қорларының ұсынатын қаржылай көмектері бар. Бірақ ол да үстеме ақымен қайтарылуы тиіс болғандықтан, шеберлер тәуекелге бас тіге алмай отыр. «Несиелердің пайыздық мөлшерлемелері тым жоғары болғандықтан, қарызға кімнің кәсіп ашқысы келер дейсіз? Ол аздай, бизнес жоспар, кепілдік, салық құжаттамаларын сұрайтын қорлармен жұмыс жасау өте қиын. Егер бізге жұмыс орны мен мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілсе, бұл істі мықтап өз қолымызға алар едік. Әйтпесе жалғыз «Шевронға» бүкіл Қазақстандағы қолөнер саласын қаржыландыру оңай тимесі анық», – дейді Әуез Сағынаева.
Ұлттық құндылықтағы бұйымдарымызды неге үлкен индустрияға айналдыра алмай отырмыз?
Последние статьи автора