Үкіметтік емес ұйымдар Оралда бас қосты
Толыққанды азаматтық қоғам өз болашағын үкіметтік емес ұйымдарсыз (ҮЕҰ) көзге елестете алмайды. Осы мәселе жақында Орал қаласында өткен Батыс Қазақстан облысы ҮЕҰ-ның Конгресінде жан-жақты талқыға түсті.
«Қоғамның әлеуметтік жаңғыртылуы барысында ҮЕҰ-ның рөлі» тақырыбымен өткен алқалы жиын алдында жергілікті билік, бизнес, ҮЕҰ-дар өкілдері дөңгелек үстелде бас қосты. Басқосуда облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Айгүл Есекенова, БҚО Үкіметтік емес қоғамдық ғылыми бірлестігінің төрайымы Захот Мұхлисова, «Арту» ҚБ-нің төрағасы Бауыржан Тұманов, Қазақстан халқы Ассамблеясы БҚО хатшылығының басшысы Ғайса Қапақов, «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары Аққали Әубекеров, БҚМУ оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев және басқалар сөз сөйледі.
Айгүл ЕСЕКЕНОВА, БҚО ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары:
– Бүгінгі шарамыз бір жағынан алда келе жатқан 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне арналды. Ал жалпы облыстағы ҮЕҰ-дардың тарихы өткен ғасырдың 90-жылдарынан басталады. Бүгінгі таңда Жайық өңірінде 400-дей ҮЕҰ тіркелген. 2005 жылы «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Заң шыққаннан кейін бұл ұйымдардың құқықтары бекітіліп, ірі жобаларға қатыса бастады. Атап айтқанда, тек 2012 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа республикалық бюджеттен 22 млн 795 мың теңге, ал облыстық, аудандық бюджеттерден 117 млн теңге қаржы қаралып, оны жергілікті ҮЕҰ-дар өз жоба-жоспарларына сай ала алды. Нақты айтсам, облыста жүзден аса ҮЕҰ 121 жобаны жүзеге асырды.
Одан кейін сөз алған «Арту» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Тұманов елдегі демократиялық үрдістердің дамуы ҮЕҰ-дармен тығыз байланысты екендігін атап өтті. «Халық пен биліктің үйлесімді іс-әрекеті ғана азаматтық қоғамға әкеледі. Мәселен, партия – идеологияның қайнар көзі болса, мемлекеттік органдар оны орындауға дем беретін жүйке талшықтары секілді. Бизнес – жұмысты атқаратын бұлшық ет, ал ҮЕҰ – бұл барлығының жұмысын ырғақты қылып тұратын жүрекпен бірдей» – деді Бауыржан Қанатбайұлы. Дөңгелек үстел басындағы әңгіме өзге де баяндамашылардың ұсыныс-пікірлерімен жалғасты.
Шағын құрамдағы басқосу әрі қарай кең көлемдегі Конгреске ұласты. Конгресс жұмысын облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов кіріспе сөзбен ашты.
– Бұл облыс өміріндегі аса маңызды шаралардың бірі. Еліміздің стратегиялық мақсаты да – құқықтық, азаматтық қоғам орнату. Бұл жерде тек мемлекеттік органдардың жұмысы жеткіліксіз. Қоғамдық ұйымдар да атсалысулары керек. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ҮЕҰ-дарды қолдайды. Жалпы айтқанда, біздің бүгінгі қол жеткен жетістіктеріміздің барлығы бірлескен іс-әрекеттің жемісі – деді Ербол Ғұмарұлы.
Батыс Қазақстан облыстық «Азаматтық Альянсы» қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Айгүл Түркинаның айтуынша, биылғы облыс көлеміндегі ҮЕҰ-дардың барлық шаралары республикалық «Болашақ бүгіннен басталады» акциясының аясында өткен. Республиканың 500-ден астам ҮЕҰ-ын біріктіретін Азаматтық Альянс, сондай-ақ нақты қозғаушы күш және азаматтық қоғамның авангарды бола алады.
Олқы тұстар да жоқ емес. Қазақстандық ҮЕҰ секторының бір проблемасы – бұл халыққа қажетті ақпаратты жеткізе алатын БАҚ-пен нашар жұмыс істеуінде. Әлеуметтік сұраулар деректеріне сәйкес үкіметтік емес ұйымдарға сенім білдіру рейтингі олардың қызметі туралы білетін адамдардың ішінде шамамен 40 пайызын ғана құрайды, ол, әрине, идеалды өлшемдерден өте алыс. Халық кей-кейде болмаса, көбінесе миссиясы мұқтаж адамдарға және халыққа көмектесуге бағытталған үкіметтік емес ұйымдар туралы білмейді. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет-ақ.
Ғайса ҚАПАҚОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы БҚО хатшылығының басшысы:
– Елбасымыз өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында біз жасайтын жұмыстарды нақты көрсетіп берді. Сондықтан сөзден іске көшу керек. Енді біз осы жағдайда Қазақстан халқы Ассамблеясы қандай жұмыс атқара алады деген сауал төңірегінде ойлануға тиіспіз. Президенттің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда еңбек дауларының алдын алу мен реттеудің пәрменді тетігі жоқ. Осыны ескерген біз қоғамдық келісім кеңестерін құруды ұсынып отырмыз. Оның құрамына кәсіпорындардағы барлық қоғамдық ұйымдар кіре алады.
Екінші нақты қадам – біздегі бар этномәдени бірлестіктердің тәжірибесін жүйелеп, тарату. Мұндай тәжірибе 20 жылдан бері еврей қоғамдық бірлестігінде бар. Яғни, оларда ХЭСЭД деп аталатын «әлеуметтік бөлім» жұмыс жасайды. Мұнда: «Үйдегі жәрдем», «Дүкен», «Дәрі-дәрмек», «СОС», «Қысқы көмек», «Мокед», психолог көмегі, дербес көмек секілді әлеуметтік бағдарламалар бар.
Конгресте «ҮЕҰ институтының потенциалы және шешім қабылдау деңгейінің көтерілуіне әсер ету», «Қоғамның әлеуметтік жаңғыртылуы мәселелері бойынша ұлттық – мәдени орталықтармен қарым-қатынасы туралы», «Ядросыз әлемнің дамуындағы дипломатиялық және саяси еркіндік», «Бөрлі ауданы бойынша мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара қарым-қатынасы туралы» мәселелер қаралды. Конгресс соңында арнайы қарар қабылданды.