Шымкентте 7 күннен бері полицейлер аяқтан тік тұрып іздеген кішкентай қыз аман-есен табылды. Жасөспірім үйіне қайтып оралғысы келмейді. Айтуынша, анасы күн көрсетпейтін көрінеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz, "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Қыздың жоғалғаны туралы полицияға анасы 30 желтоқсан күні хабарлаған. Анель (жоғалған қыздың есімі: автор) туыстарымен жанжалдасып, үйінен шығып кеткен. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жоғалған қыз бүгін темір жол вокзалы маңынан табылды.
Жасөспірім бұл күндер аралығында бейтаныс адамдардың үйінде жасырынуға мәжбүр болыпты. Тіпті өз бетінше жұмысқа орналасуға тырысқан екен.
Polisia.kz жазуынша, Анель бұған дейін де үйінен 3 рет кетіп қалған. Кейін оны полицейлер тауып, отбасына табыстаған. Ал бұл жолы жасөспірім үйіне барудан түбегейлі бас тартып отыр. Себебі анасы күн сайын қол көтеріп, тіпті намысына тиетін сөздерді айтатын көрінеді.
Анам күн сайын ұрады, ұрысады. "Сені байға беріп жіберу керек" дейді. Не болса да, бәріне мен кінәлі боламын. Кетіп қалған себебім — өлгім келді. Шешем "бұл дүниеде сен өмір сүргенше, өмір сүрмей-ақ қойғаның артық" деп айтушы еді, — деді жасөспірім.
Қазіргі таңда әкімдік, білім басқармасы және полиция қызметкерлері тарапынан арнайы комиссия құрылды. Олар қыздың анасын ата-ана құқығынан айыру туралы құжаттарды жинайтын болады.
Бұл уақыт аралығында қыз кәмелетке толмағандарды бейімдеу және оңалту орталығына орналастырылмақ.