Орталық коммуникациялар қызметінде «Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу және агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шаралары туралы» тақырыбы аясында Ауыл шаруашылығы министрінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Брифингке қатысқан журналистердің бірі Ауыл шаруашылығы министрінің Бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровқа қатысты сұрақ қойды.
Тілшінің айтуынша, Айдарбек Сапаровтың жақын туыстарына тиесілі компаниялар мемлекет тарапынан қомақты қаржылай қолдау алған.
Өз кезегінде министрдің бірінші орынбасары компаниялар қаражаттарды заңды түрде алғанын мәлімдеді.
«Мен 2003 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істеп келемін. Менің атымда бірде-бір фирма немесе компания жоқ, мен тазамын. Бір кездері мен де бизнеспен айналысқанмын. Бәрін 100 пайыз бауырымның атына көшірдім. Ол сол бизнеспен айналысады. Қандай ақша алса да, ол оны заңды түрде алып отыр. Бірнеше мәрте тексерді. Мәселен былтыр Бас прокуратура тексерген болатын. Жеке басым түсініктеме бердім. Ол жерде қазіргі «Атамекен» ҰКП жетекшісі Баталовқа тиесілі кейбір элеватордың иесі ретінде мені көрсеткен екен. Сондықтан қауесеттерге сенбеуге шақырамын» , - деді Айдарбек Сапаров.