Түрмеден шыққандар адам бола ма?
Түрме дегеніміз кәдімгі түзеу мекемесі болғанымен, онда отырғандар шын мәнінде түзеліп шығады деу қиын. Иә, аңдаусызда шалт басып, ойламаған жерден шайтан азғырып опық жеген кейбір жандар қателерін түсініп, түрмеден сабақ алар-ау. Бірақ ондайлар жүздің ішінде біреу ғана. Өмір маған түрмеде отырған адамдарды көп жолықтырды. Соларға қол ұшын берем деп жүріп өзім екі рет түрменің есігін аштым. Аштым дегенге, сотталған екен деп ойлап қалмаңыздар. Мен түрмеге таныстарымды екі рет іздеп барғанымды айтып отырмын. Бірақ олар мені қатты түңілдірді. Көрген-түйгендерімді «Алаш айнасының» талғампаз оқырмандарымен бөлісе отырайын.
Түрмеде өтірік айтуға болмайды, өтірік айтқан адам өз сөзі үшін қылмыс әлемінде қатаң жазаға тартылады. Алайда түрмеден шыққан соң олардың көбі өтіріктерін оңды-солды айтып, бөсіп жүре береді. Кеуделерін соғып, «мен отырып шыққанмын, мен общакпын, пәленмін-түгенмін» дегендерді өз басым көп кезіктірдім. Содан кейін қазір «түремшіктердің» арасында намаз оқығыштар көбейіп кетті. Олар ол жақта өтірік дұрыс жолға түскенсиді. Шыққан соң өздерінікін жалғастырады.
Менің жиен ағам тәртіп батальонында отырған. Қазір осы қалада қылмыстық әлемдегі беделділер арасында алдыңғы орындағылардың бірі. Кілең «смотрящийлармен» қарым-қатынаста жүреді. Қылмыс серкелерімен ол өзін қалай ұстайтынын қайдам, әйтеуір біздің алдымызда бөсе сөйлеп, әр нәрсені асыра айтып, аузынан боқтық пен былапыт түспей отырады. Басқасы басқа, өз анасын сыйлауды да білмейді. Мәселен, анасының үйінде ауызашар, айт дастарханына кісі шақырылып, құран оқылып жатса, ол соған қатысу орнына, далада сыра ішіп тойлап жүреді.
Ұзақ жылдарға бас бостандығынан айрылған жандардың көбінің шыққан соң барар жер, басар тауы болмай қалады. Бірінің әйелі күйеуге шығып кетеді, енді бірінің үйін басқа біреулер иемденіп алады дегендей... Сондықтан біреулер түрмеде отырып қасындағылар арқылы немесе басқадай жолдармен біреулермен сырттай танысуға құштар. Бір күні мен сондай біреудің газеттің танысу бұрышына берген хабарландыруын көрдім. Ол «Жаза басып сотталдым. Кейін маған жар бола алатын қыз-келіншекпен танысқым келеді» депті. Мен ерігіп отырып әлгіге хат жаздым. Ол өзінің жасы 25-те екенін және мен тұратын облыстан екенін айтыпты. Сөйтіп, әлгі жігітпен танысып, арамыз хаттармен жалғасты. Оның сөзіне қарасаң, оқыған-тоқығаны көп жігіт екен. Мәдениетті және сауатты жазады. «Не үшін отырсың?» деген сұрағыма өзінің байқаусызда кісі өлтіргенін, бір-екі жылда шығатынын жазды. Бара-бара мен бәрін тәптіштеп сұрай бердім. Сөйтсем, оның түрмеден шығуына әлі 4 жыл уақыт бар екен. Және ол кісіні өлтіргенде алдын ала дайындалып, қасақана өлтірген, нақты айтқанда, пышақ салған. Ол көбінесе хатында баланың сөзін айтып, күлкімді келтіретін. Мәселен, «бізге көкөніс егуге рұқсат беріледі және ол үшін ақша да төлейді. Мен өзіме ұзындығы 6 метр, ені 1 метр учаске алдым. Сол жерге гүл егем, картоп, шалқан, сәбіз отырғыздым» депті. Айтып отырғаны – аядай жер. Құрбыларым «Сонда бұл, немене, барлық көкөністі бір-бір талдан отырғызбақ па?» - деп, ішектері қатып күледі. Содан бір күні мен әлгі жігіттің түрін көргім келіп кетті. Өзімнің жасым 22-де. Ол менен үш жас үлкен болуы керек. Сөйтіп, Аршалыдағы ерекше тәртіптегі түзеу мекемесінің табалдырығын аттадым. Дәлізде күтіп отырғанымда, сонадайдан қалбалақтап қапсағай денелі бір ағай жүгіріп келе жатты. Оны қарауыл темір тордың ішіне кіргізіп, қадағалап тұрды. Әлгі жігіт жан-жағына алақтап тұр. Ойбай, сөйтсем, менің хат жазысып жүрген Серік деген танысым сол екен! 25 емес, 40 жастағы ағай! Ә дегеннен көңілім суып, біреу қолынан балмұздағын тартып алған баладай ренжіп, әңгімемнің қиюы келе қоймады. Ол 6 жыл отырған көрінеді және осы уақыт ішінде оны іздеп келген бірінші адам мен екенмін. Мен одан неге өтірік айтқанын сұрадым. Ол: «Сені жоғалтып алам ба деп қорықтым», - деп қойды. Біздің әңгімеміздің бәрін есіктегі қарауыл қыз тыңдап тұрды. Серікпен қоштасып шыққанымда, ол қыз: «Айтыңызшы, сіз оған енді қайтып келесіз бе?» - деді. Келмейтінімді біліп тұрсам да, қызды ренжіткім келмегендей, «Көреміз» дей салдым. Содан әлгі Серік маған хат жазуын тіпті үдетті. Одан жалығып кеттім. Ақыры қатты-қатты сөздер жазып, әрең құтылдым.
Екінші «түремшікпен» ұялы телефон арқылы байқамай таныстым. Көңіл-күйім болмай, депрессияда жүрген кезім еді. Түн ішінде біреу қоңырау соғып, мен естімей қалыппын. Е-е-е-е, айта кетерлігі, ол жаңағы Серікпен хат жазысып жүрген кезім болатын. Содан таңертең тұрғанымда ұялы телефонымдағы нөмірді көріп, қайта телефон соқтым. Дауысы аса жағымды бір жігіт өте мәдениетті жауап беріп: «Сізге кім қоңырау соққанынан бейхабармын», - деді. «Мен өзі қайда қоңырау шалып тұрмын?» дегеніме: «Түрмеге», - деді. Содан мен одан араларында Серік деген жігітті шақыруын сұрадым. Ол Серік деген адам жоғын айтты. Сөйтсем, ол Аршалыда емес, Қапшағайда отырған адам екен. Арман атты бұл жігітпен де тез тіл табысып, күн сайын әңгімелесетін болдым. Бір күні ол маған: «Менің өмірім қыл үстінде тұр. Біреулерге ақша қарыз едім, тауып бермесем, мені өлтіріп тастауы мүмкін», - деді. Соның алдында ғана мен бір байқаудан 300 доллар сыйлық алып, есепшотқа салып қойғанмын. Әлгі жігітке жаным ашып, «Ер мойнында қыл арқан шірімес», қысылып тұрсың ғой, кейін шыққанда бір қайтарарсың», - дедім де, айтқан шотына ақшаны аудардым. Содан әлгі Арман менің мойныма әбден мініп алды. Қоңырау соға қалсам дікіңдеп сөйлеп, мен оның бір қатынынан әрман, сыйластықты ұмыта бастады. Екінші рет қысылып тағы ақша сұрады. Бұл жолы мен оған 8 мың теңге жібердім. Айтпақшы, ұмытып барады екем, ол 18 жасында біреуді тапаншамен атып тастап, сол үшін 10 жылға сотталған екен.
Бір күні Алматыға қыдырып баратын болдым. Ерігіп жүрген адаммын, әлгінің де түрін көрейінші өзі, неткен адам екен деп, Қапшағайдың қатаң режімдегі түрмесіне бардым. Ол Аршалы сияқты емес, оңтүстік өңір ғой, кіргізе қоймады. Кезекшіге 3 мың теңге пара бердім. Мә-ә-ә-ә-ә-ә, әлгі даусы әп-әдемі Арман дегенім бойы сырықтай ұзын жігіт екен. Ұзын бола берсін-ау, денесінде, беті-қолында бір сау жер жоқ екен. Мойны да, білегі де, саусағы да – бәрі-бәрі толған сурет! Түрі бәрі тыртық-тыртық! Онымен бір сағаттай әңгімелесіп, кері қайттым. Кейін де бірталай уақыт телефонмен сөйлесіп жүрдім. Байқағаным, жастайынан және ұзақ отырғандықтан, Арманның психологиясы әбден зақымданған. Өте күйгелек әрі ашушаң. Өзін-өзі басқара алмайды. Мінезі 5 минут сайын өзгеретініне қарағанда, есірткі тұтынатын болуы керек. Және өзі мені иемденіп, «кейін үйленгенімізде сен жұмыс істемейсің, далаға да шықпайсың, үйде отырасың» деп қояды. Ішімнен «айтақ!» деп қоямын оған. Содан ылғи да жұлынып қоңырау шалатын әлгіден сондай жалығып кеттім. Менің мамандығымның сипаты сондай, бірдеңені көру, соңына дейін зерттеп алған соң, ол тақырыпты жабу ғой. Анық-қанығын білген соң, әлгі қарағыммен сөйлесуді доғардым. Және зіркілдеп қоңырау шалған бір сәтінде: «Айналайын, мен саған ақшаны қысылғаныңда қарызға бергем, қайтарып бер», - деп ескертіп қойдым.
Мен кейде ойлаймын, «Осы Арман мен Серікке өздерін адам ретінде сезінулеріне, өмірде жақсылық атаулының түгесіліп қалмайтынына көз жеткізуге титімдей болса да ықпал ете алдым ба екен?» деп.
Осылармен араласып түрме адамының сөйлеу мәнері құлағыма сіңіп қалған ба, әйтеуір отырып шыққан адамдардың ешқандай жаргон қолданбаса да, сотталған кісі екенін бірден айыратын болдым.
Бір күні жұмыс барысында Серік атты жігіттермен тағы да екі рет таныстым. Әдемі сөйлейтін оларға ә дегеннен: «Сенде соттылық бар, иә» дегенімде, екеуі де селт етіп, «Оны қайдан біліп қойдың?» - деді. Осы тұста түрмеде отырғандардың көбінің түберкулездің ашық түріне шалдығатынын айта кетудің реті келіп тұр. Мен білген жаңағы екі Серіктің екеуі де туберкулезбен ауыратын болып шықты. Және ондайлар ауруын жасырып, айтпайды екен. Сонысына қарап, түрмеден шыққандығы бар, аурулығы және бар, «мен ғана ауырам ба, басқалар да ауырсын» деген өшпенділік бола ма деп қалдым бойларында. Олардың ауру екенін де мен өзімнің қызметтік сезімталдық, тісқаққандығымның арқасында байқаған едім. Серіктердің бірінің қолынан бірде открытка көріп қалдым. Онда: «Серік! Жазылып шығуыңа тілектеспін!» - деп жазылған. Ойлап көріңізші, тұмаумен ауырып қалсаңыз, оны біреу елеп, открыткаға тілек жазуы неғайбыл ғой. Сондықтан көңіліме күдік кіріп, әлгіге: «Сенің сырқатың бар екен ғой», - дедім. Ол амалсыздан мойындады. «Туберкулез екеніңді неге жасырасың? Ондайды адам жасыра ма?» - дедім. Бір күні әлгі Серік: «Сен менімен дұрыстап сөйлеспейсің», - деп торсаңдады. «Әй, құрт ауруымен сөйлесіп, өлетін халым жоқ», - деп, шорт кестім.
О-о-о-о-ой, бұл өмір дегенді қойсаңызшы! «Түремшіктерден» аса алмай-ақ қойдым ғой ақыры. Бұрынғылармен орысша айтқанда «любопытствоның» әсерінен аралассам да, тағдыр мені бәрібір бір сотталған азаматтың алдына әкеп топ еткізді. Мейраммен танысқанымда, «Сен сотталғансың, иә» деп қалып едім, «Оны кім айтты?» - деп шошып кетті де, артынан біресе «иә», біресе «жоқ» деп, не айтып, не қойғанын өзі білмей қалды. Ол да біреулерді атып, атқан адамы тірі қалса да істі болып, әкесінің мол ақшасының арқасында босап шыққан екен. Бірақ бағана айттым ғой, түрме бетін көрген адам әсілі оңбайды екен. Жай адам түрмеге түсуші ме еді? Бастапқыда Мейраммен жақсы тұрдық. Одан соң менің қызметіме кірісіп, «Сен неге «қызылдармен» жұмыс істейсің, мен «қарамын», менің беделімді түсіруші болма, үйтпе де бүйтпе» деп, миымды шірітумен болды. Өзі жолдастарымен наша шегеді де, «Общакта наша шеккен адамды сыйламай кетеді, олар мұны білмеуі керек», - деп бір соғады. Оның сөздерін жоғарыда «беделді» деп атаған жиен ағама айтсам, ол: «Ол бейшараға қайдағы общак?» - деп, қарқ-қарқ күледі.
Мен бұрын ойлайтынмын, «түрмеге түскен адамдар қателерін түсініп шығады, олар, әсіресе, өздеріне жасалған жақсылықты ешқашан ұмытпайды» деп. Иә, пысқырыпты өңшең банды сенің жақсылығыңды.
Мен бұл саланы кәдімгідей зерттедім десем де болады. Әрине, менің екі бірдей түрмеге неге барғаным, қалай кіргенім қызметтік құпия болғандықтан, оқырманның көкейіндегі біраз сұрақ жауапсыз қалар. Десе де, адам ретінде айтайын дегенім, ілуде біреуі ғана болмаса, түрмеден ешкім де дұрыс адам болып шықпайды. Әсіресе, қайта-қайта қылмыс жасағандар мен кісі өлтіргендерден түңілу керек, себебі олардың, әжелеріміз айтқандай, «қаны бұзылған».