Түркістан облысында демалыс орнының иесі өзен арнасын бұрып, 7 ауылды сусыз қалдырған
Түркістан облысындағы жеті ауылдың тұрғындары бірнеше жылдан бері су тапшылығын көріп отыр. Ордабасы ауданының ауыл тұрғындары бұл жағдайға өзенді демалыс аймағына бағыттап бұрып алған демалыс орнының иесін кінәлап отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ордабасы өңірінің 14 мыңға жуық тұрғыны сусыз отыр. Ауыл тұрғындары бірнеше рет мәселені шешуге тырысқан. Кәсіпкермен кездескен. Алайда, ауыл тұрғындарының айтуынша, кәсіпкер олардың өтінішіне құлақ аспаған.
"Ол кәсіпкер адаммен санаспайды. Біз тіпті мал жая алмаймыз, су жоқ. Кейде өзеннің суы қып-қызыл болып кетеді. Қызық, неге екені?! Салдарынан балалар суға түсе алмайды. Өз көзіммен көрдім, суға түсе алмай қайтып кеткендерін", - деп ашуланады Қайнар ауылының тұрғыны Марат Елқонов.
Диқандар мен бақташылар су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Су тапшылығынан малшылар мал жайып, диқандар астық өсіре алмайды. Солардың бірі Теспе ауылының тұрғыны - Қайырбек Жантөре. Қарбыз бен қауын өсіргеніне 30 жыл болған азамат соңғы бес жылда негізгі табысынан айырылған.
"Бұл не деген сұмдық? Қурап жатады. Құрғақшылықтан шөп те өспейді. Су жоқ. Жаңбырлы күндерде де ештеңе өспейді", - дейді Қайырбек Жантөре.
Бөржар ауылдық округі әкімінің айтуынша, кәсіпкер өзен арнасын заңсыз өзгерткен. Ал облыстық әкімдік өкілдері бұл мәселе бақылауға алынғанып, Шымкент қалалық әкімдігіне хат жолданғанын айтты.
"Биыл ақпанда бұл кәсіпкерлердің құрылыс салуға рұқсат қағазы болмаған. Біз жиналып, сумен қамту мәселесі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Ал инспекция рұқсат алу керек екенін ескертті", - деді Ордабасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Нұрболат Бермұратов.
Tengrinews.kz тілшісі демалыс орны иесінен сұхбат ала алмады: кәсіпкер қоңырауларға жауап бермеді. Тұрғындардың мәселелерін демалыс аймағының күзетшісі тыңдап, басшылыққа жеткізуге уәде берді.
"Болды, қазір демалыс орнының директорына хабарласамын. Рұқсат етсе, өзен арнасын қайта бағыттаймыз. Келіседі деген үміттемін. Қаншама адам жиналыпты", - дейді демалыс аймағының күзетшісі Мақсат Дүйсеев.
Ордабасы өңірінің тұрғындары мәселе шешілмесе, Президентке шағымдануға бел буып отыр.