"Түркістан легионының" түпкі мақсаты не еді?

"Түркістан легионының" түпкі мақсаты не еді?

Түркістан легионы. Аңыз ба? Ақиқат па? Бұл туралы тың зерттеулер тарихтан тамыр тартқалы да біршама уақыт болды. Мұстафа Шоқай. Түркішілдік. Түркістан легионы. Зерттеушілердің зейінін өзіне аударған үштік. Біз тарихшы емеспіз. Зерттеуші, ғалым да емен. Бірақ тұма тарихқа қатысты жайттарға құлағымыз түрік жүретіні рас. Қарағандыда Түркістан легионында болған қария барлығын естігенде, сол ақсақалмен сұхбаттасып, көзімізбен көргіміз келгені де рас. Шын мәнінде бұл не легион? Діттегені не? Басында кім отырды? Мұстафа Шоқай ма? Басқа ма? 1942 жылы легионда болған, алғашқы нұсқасы 1970 жылы, екіншісі 1995 жылы жарық көрген «Крах легиона» кітабының авторы – Тәуекел Әмірұлы бізбен әңгімелесуге ықылас танытқан-ды. Шырқыраған біраз шындықтың басын ашып берген, өзі көрген, куә болған, тұтқында, легионда бір тағдыр кешкен қазақ офицерлері, жауынгерлері хақындағы хикаятын жазуға ақсақал ғұмырының 7 жылын арнапты. Тоқсанның оратсындағы қартты тағдырдың батпандай тауқыметі мойытпапты. Жанары тайғаны болмаса, Ұлы Отан соғысы жылдарында қиямет қайымға толы басынан кешкендерін тап кеше ғана өткендей баяндап берген еді сол бір жүздескенде.

Ген
Қарағанды аймағына мәлім «ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген» Әміре ақсақалдың есімі Ғ.Мұстафиннің «Көз көрген» романында жиі кездеседі. Жазушыға бата берген Әміре шешен осы Тәуекел Әмірұлының әкесі екен. «...ел сүйсінер іс болды! Сол сүйкімді суытып алма, қыздыра бер шырағым. Қыран алыстан көреді, шын жүйрік алысқа шабады, жақыншыл болма, шырағым...» (Ғ.Мұстафин. Көз көрген. 1973 ж. 199-б.). 3 рет Меккеге барған, қажы атанған адам. Қажының Меккеден әкелген, алтынмен апталған Құраны мен күміс кісесін, семсерін соғыс жылдарында үйге түскен ұрылардың қолды ғып кеткеніне қынжылады.
Әкесі Әмір қайтқанда Тәуекел атамыз 3 жаста қапты. 3 баланы асырап, жеткізген анасы. Ер жетіп, ат жалын тартып мінген шақта Тәуекел Әмірұлы өмірін ұстаздыққа ұмсынған. Жасы жетіп, 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылған. Осыдан кейін тағдырының шырғалаңы көп шытырман, ауыр, азапты, қайғылы, қасіретті кезеңі басталған.
Соғыстың алғашқы күні
- Мен 1918 жылы Қарағанды маңындағы Мұрат еліне тиесілі болған Доскей, Қызылқұдық жерінде дүниеге келіппін. Әкеден ерте қалған мені, ағаларымды анам асырап сақтады. 31-ші жылдары Қарағандыға көшіп келгенбіз. Содан 1932-1933 жылы Қарағанды педагогикалық техникумында оқыдым. Одан кейін 1937 жылы Алматыдағы тау-кен институтындағы жұмысшы факультетін (рабфакты) тәмамдап, 1939 жылға дейін Тельман ауданының Қызылжар ауылында физика, математикадан сабақ бердім. Оқу ісінің меңгерушісі болдым. Осы қызметте жүргенімде 1939 жылдың қарашасында Қызыл Армия қатарына шақырылдым. Әскерде әуелі түскен жерім Новгородтың артполкі. Дәл осы уақытта фин соғысы басталып, мені Смоленскіге жіберді. Онда 1941 жылдың маусымына дейін атқыштар-пулетметшілер училищесінде оқыдым, офицер шенін алдым. Офицер ретінде Белосток ауданында орналасқан әскери құрылымға тағайындаумен маусымның 20-да сонда жеткен едім. Ал келесі күні Ломже қаласындағы 8-атқыштар дивизиясының пулеметшілер взводының командирі боп тағайындалдым. Кешкісінде әскери бөлімде комиссар мені жылы қабылдады. Менің полкім тактикалық оқуларда жүр екен. Кештетіп келетінін айтты. Қарауыл взводының бастығынан неміс самолеттерінің әуелік шекарамызды жиі бұзатындықтарын, бірақ оларды атуға басшылықтың рұқсат етпейтінін білдім.
Ертең 22-маусым. Өзімнің 8-атқыштар дивизиясы 310-атқыштар полкінің 2-батальонымен танысатын күнім. Көңілге алаң кірді.Ұйқы жоқ. Бақсақ, бұл бейбіт өмірдің соңғы тымық түні бопты. Көп нәрсені көңіл сүзгісінен өткізіп жатып, түн ортасынан асқанда қалғып кетсем керек, терезенің салдыр-гүлдір сынғанынан ояндым. Не болғанын әуеліде түсінбедім. Жарылған бомбалар, Әуе жерге айналып түскендей, астаң-кестең. «Соғыс!» санамда жарқ еткен ой осы. Далаға атып шықтым. Дереу батальон командирін тауып алып, әрі қарай не істеу қажеттігіне нұсқау алдым. Ол «барлық техниканы арбаға салып, шекара жаққа беттеуіміз» керектігін айтты. Ал біз орналасқан деревня Малополоцк шекарадан 3 шақырым жерде. Батысқа, жауға бет алдық. Кескілескен майдан даласы. Бетпе-бет келген жауға біздің жауынгерлер төтеп берді. Алғашқы күні жау алдыға жылжи алмады.1 сөтке қырғын ұрыс болды. Жауынгерлер де қасық қаны қалғанша қасқая қарсы тұрды. Бірақ шегіну туралы бұйрық алдық. Өйткені жау ту сыртымыздан қоршауға ала бастаған еді...
...Ақсақал осыны айтты да, естеліктерінің елесіне еніп, ойланып отырып қалды....
Ажал фабрикасы – концлагерь
Шегінуге бұйрық алған жауынгерлер топ-топқа бөлініп, белорусь орманының жалғыз аяқ жолымен жүріп, бұйрықты орындауға кірісті.Орманда, алаңқайда жаумен шайқасқан жауынгерлердің қатары да сиреген. Әуелі алтау, кейін екеу. Сол екеудің бірі – Тәуекел Әмірұлы. 20 күн бойы кескілескен ұрыста әбден қажыған, оқ-дәрісіз қалған екі офицерді олар ат басын бұрған деревняның бір тұрғыны жау қолына ұстап берген. Сөйтіп, ажал фабрикасы атанған – концлагерьдегі тозаққа осылайша тап болған екен. Бұл 1941 жылдың жазы. Аш-жалаңаш, арасында жаралысы бар тұтқындарға неміс басқыншыларының көрсеткен қорлығы ақсақалдың кітабында да айтылады. 80 мың тұтқынның 70 мыңы ұрып-соғудан, ауру-сырқаудан, аштықтан көз жұмған. Барановичи әскери тұтқындар лагері. Одан кейін Демблиндегі концлагерь.Тікенек сымның арғы жағындағы тамұққа татырлық түн мен күн. «Тұтқынның 600 -і қазақ едік. Екінші бір лагерьге ауыстырғанда қалған қазақ 126 ғана» дейді ақсақал. Қалған осы 126-сын тауар поезымен Польшаға Легеново қаласына жеткізген. Ол 1942-нің сәуірі. Бұл араға жеткізерден бұрын бұларды концлагерьден бөліп алып, бірнеше күн дәрігерлік текерістен өткізген. Тұтқындар аң-таң. Бұрын топтан қалған жаралыларды тепкіге алып, соңында атып тастайтын немістер енді сүрініп кеткендердің өзіне шыдамдылық танытып, күтіп тұратын болған. Бұларды қайда, не үшін, кімге апара жатқандары беймәлім. Бір анық - жақсылықтың нышаны емес. Мұны әскерилер түйсігімен сезінген. Бұл – Түркістан легионына апарар жолдың айрығы еді...
Түркістан легионы
Поляк жеріндегі Легеново қаласында 1942 жылдарда қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік және басқа да шығыстық ұлт өкілдерінен құралған әскери тұтқындар болған. Тақырыпты тарқатқан зерттеушілердің толғамды талдауларына жүгінейік. «Шығыс легиондары туралы ереженің толық қабылдануына орай Польша территориясында 1942 жылдың жазы мен күзінде олардың құрылуы негізінен аяқталды...
...Түркістан легионы. Немістердің ұйғаруынша бұған өзбектер, қазақтар, түрікмендер, дүнгендер, тәжіктер, қырғыздар, белуждар, ирандар, қашқарлықтар, шұнғандар, тараншылар, құрамалар және шығыс татарлары енді (А.Кәкен. «Түркістан легионы», 2000ж, Астана республикалық полиграфиялық орталығы., 39-б.)».
Сонымен қатар «кавказ-мұсылман, солтүстік кавказдық, грузин, армян, еділ-татар» легиондары құрылғандығы да айтылады. Ал енді Түркістан легионының басында кім отырды? Соған келейік. Тарихи деректер ол уақытта Мұстафа Шоқайдың өмірде болмағандығын көрсетеді. Тәуекел ақсақал да Түркістан легионындағы бір топ легионерлерді әдейілеп, неміс елінің «кереметтігін» «паш» ету үшін Германияға экскурсияға апарғанда Вали Каюмханмен кездескендіктерін кітабында баяндайды. Неміс оккупанттары әскери тұтқындарды Кеңес Одағына қарсы пайдалануды көздеді.Қолдарына қару беріп, майданға шығаруға ниеттенді. Ал Мұстафа Шоқай түркістандық батальонды әскери қимылдарға қолдануға қарсылық танытқан Каюм хан керісінше. Легионды Шығыс майданына жіберуді қолдаған ( «Крах легиона», 1995 ж., 5 -б.). М.Шоқай қайтқан соң сол жымысқы ойлар жүйесін тапқан секілді.
Диверсия. Жау тылында
Фашистердің қаскөй пиғылын легионда құрылған астыртын ұйым іске асыртпауға бар күш-жігерін салды. Ол ұйымды құрушылардың қазақтар екенін біреу білер, біреу білмес. Соның бір ұйымдастырушысы – Тәуекел Әмірұлы. Кейінде концлагерьден қашып, партизандарға, Кеңес әскеріне қосылғанда, аман алып қалған осы астыртын ұйымдағы істері. Түркістан легионында жүргенде жау әскерінің қару-жарақ қоймаларын, тағы да маңызы зор әскери бекеттерінің жоспарын қағазға түсіріп, өздерінің кеңес әскеріне қосылғылары келетіні айтылған хатпен бір топ қазақты отандастарына жіберген осы ұйым еді. Ол ұйымның атауы - «Партизан отрядтарына көмек». Жау ішінде жандарын шүберекке түйген қазақтарға жауап листовка келді. Онда жіберген адамдарының аман-есен жеткендігі, көрсеткен жоспарлары бойынша жаудың қоймалары жойылғандығы және осы листовка кеңес жағына өтуге рұқсат қағаз қызметін атқаратындығы жазылған. Енді сәтін тауып, тәуекел деп ел жаққа өтуді ойластырған. Оны ойластыра жүріп, жаудың көпірін, қару-жарақ қоймаларын жару секілді жауға қарсы әрекеттерін де тоқтатпады. Межеленген түні араларынан сатқын шығып, жау қолына ұйымның 4 басшысын ұстап берді. Әйткенмен, сертке берік майдандастар тіс жармаған. Ақыры бір басшысы - Сағындық Берімбетовті атып, қалған үшеуін қайтадан концлагерьге айдайды. Берімбетовтің хас батырдай тұлғасына оны атуға үкім шығарған неміс офицерлерінің өзі үңіле (сірә,қызыға) қараған екен. Бұл туралы да кітапта бар.
Тәуекел Әмірұлын тікенек сымдар тағы да күтіп алды. Бірақ жасыта алмады. Өзінің ұстаныма берік, мығым қазақты мұқалту оңай емес-тін. Сол ұстаным, сол қағидат Тәукеңді концлагерьден қаштырып, 1943 жылдың қыркүйегінде Кеңес Армиясы қатарына қосты.
Намысты ту еткен, өліспей беріспейтін қазақы қан бойда тулаған. Қазақтың маңдайы кереқарыс небір арыстары гитлершілердің осы тамұғында жан тәсілім етті. Дәрмені жеткенше қарсыласты. О дүниеге аттанып бара жатып аманат айтыпты. «Біз отанымызды сатқан жоқпыз. Біздің ұйым, қарсылығымыз, атқарған істеріміз туралы тірі қалсаңдар айтыңдар» деп бір-біріне аманаттапты. Ол аманатты Тәуекел ақсақал орындады. Енді міне, біз, қайталап отырмыз. Олар отан үшін мерт болды. Жау қолында. Жау жерінде. Елі үшін тауқыметке төзді. Десек те, саптыаяққа ас құйып сабынан қарауыл қараған кезеңде тұтқынға түскені үшін күстәланғандары да қаншама. Елге оралуға жасқанып, шетелде қалып қойғаны ше? Бір ғана ақиқат бар. Олар опасыздық жасаған жоқ. Олар отанды сүюдің ерен үлгісін көрсетті.
Соңы
1948 жылға дейін әскер қатарында болып, елге майор шенінде оралған Тәуекел Әмірұлы өзінің қалған саналы ғұмырын білім саласына арнаған.1949-1953 жылдарда Дария стансасының №44 мектебінде мтаематикадан сабақ берді. 1953-1989 жылға дейін Саран қаласы мектептерінде физика және математика пәндерінен дәріс оқып және орта мектептерде директорлық етті. 1967 жылы ҚазССР еңбек сіңірген мұғалмі деген құрметті атақты иеленді. Ақсақалдан білім алғандардың алды академик, соңы профессор, доцент атағында. Тіпті, «бір кездерде Тәуекел Әмірұлынан білім алған шәкірттерді жоғарғы оқу орнына барғанда «Әміровшілер!» деп те атапты. Білімділіктеріне сүйсінгендіктен. Есімі 2004 жылы шыққан «Қарағанды қаласының тұлғалары» атты ктіапқа, Қарағанды облысының энциклопедиясына енген (2006 ж).
Нүкте орнына
Тарихқа тереңірек үңілсек, алапат соғыста тағдыр тәлкегімен жау қолына түсіп, тар қапас тұтқыны болған ерен тұлғалар көп еді. Ақын-публицист Юлиюс Фучик, татар ақыны Мұса Жәлел солардың қатарында. Жәлелдің «Моабит дәптерлерінде» сұм соғыс түрмесінің сұмдық сұлбасы қағазға түсті. Татар ағайындар ерен ұлын ақтап алды. «Моабит дәптерлерін» төл әдебиетінің алтын қорына енгізді. Жәлелдің есімі шығыс легионымен де байланысып жатыр. Ал біздің топырақта шығыс легионының қалың қатпарлы шындығын шынайы деректермен сөз еткен жан болмады. Сезіктенгіш те сескенгіш зұлмат заманда «Түркістанның күйреуімен» ғана шектелдік. Ләм-мим үнсіздікте соның өзі талғажу еді. Кейіннен ғана жариялылық төрге шыққан кезеңде сірескен тоң жібіп, тарихи шындық белең алды. Осы бір хихаяттың өзі осының нақты айғағындай.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста