Бұрын спутниктік каналдарды парақтап отырғанда Түркіменстанның бірнеше арналарына түсіп қалатын кезіміз болды. Сонда ол елдің түрлі түсті әшекейлері мен ұлттық киімдерін, алтынмен апталған ғимараттары мен су бұрқақтарын көріп қызығатынбыз. «Шынымен де, түркімен халқы солай тұра ма? Жоқ, әлде бұл әшейін көзбояушылық па?», - деп іштей ойламаған адам аз шығар. Жақында ресейлік бір саяхатшының репортажын оқып, түркімен халқының қазіргі тұрмыс-тіршілігіне одан сайын қанық болдық. Әрине, ол жақта қатаң тәртіп бар. Алайда халыққа жағдай жасау жағы еріксіз таңдай қақтырады.
«Бүгінгі Түркіменстан – әлемде шапшаң дамып жатқан мемлекеттердің бірі. Ол жерде жаңа қалалар, автобандар, теміржол магистральдары, аэропорттар салынып жатыр... Түркіменстанға бір-екі жылдан кейін келсеңіз, оны танымай қалуыңыз бек мүмкін. Себебі айналаның бәрі шапшаң өзгеріп шыға келеді. Құрылыс қарқыны таңғалдырады», - дейді саяхатшы Георгий Гупало. Түркімен билігі ел астанасы – Ашхабадты толығымен ақ мәрмәр таспен қаптап шықпақшы. Қазірдің өзінде 550 ғимарат қапталған. Ал қымбат мәрмәр тастың өзін Италия, Вьетнам мен Түркиядан әкелетін көрінеді. Ауа температурасы +55 градус болса да, асфальт жолдары еш балқымайды. Ашхабадта көше шамдары мен су бұрқақтарын алтынмен жалатып қоятыны да рас екен. Жалпы, қаланың іші – толған гүлдер мен гүлзарлар. Әрине, оның барлығын аптап ыстықта күтіп-ұстау оңай емес. Сондықтан бүкіл жерге тамшылап суару жүйесі тартылған. «Жарайды, оның бәрі тек елордада ғана бар деп ойлап қалатын шығарсыз. Бірақ біз шөл далада отырғызылған мыңдаған шаршы шақырымдық орманды көрдік. Онда әрбір ағашқа су құбырлары тартылып отыр. Сөз жоқ, 10-20 жылдан кейін Түркменстан жасыл желекке айналады», - дейді саяхатшы.
Шыны керек, ондай ыстыққа кез келген адам шыдай алмайды. Сондықтан барлық қоғамдық орындарда, тұрғын-үй кешендерінде, тіпті жабық аялдамаларда кондиционерлер бар. Қалада қоғамдық көлік тегін. Автобусқа отырып, күні бойы жүре беруге болады.
Тағы бір айтпай кетуге болмайтын мәселе – тұрғын үй. Түркіменстанның тұрғын үй мәселесін шешу жолдары да адамға, соның ішінде «Қолжетімді баспана» десе тәулік бойы ұзынсонар кезекке тұруға бар қазақтарға үлкен ой салады. Ашхабадта баспананың бір шаршы метрі 1800 доллар тұрады. Дегенмен, коммуналдық қызметтердің бір жылдық төлемақысы – 10-20 доллар ғана. Иә, дәл солай! Жаңа үйлерде төбенің биіктігі 4 метрден төмен түспейді. Елдің, өңірдің Құрметті азаматтары, көпбалалы отбасылар мен кедей-кепшіктерге үй тегін беріледі екен. Осы санатқа кірмейтіндер баспананы сатып алады немесе кезек бойынша алады. Әрбір адамға – 60 шаршы метр тиесілі. Егер адам бір кәсіпорында жеті жылдан астам уақыт жұмыс істесе, мемлекет үй бағасының тең жартысын төлеп береді. Ал қалған 50 пайызы ипотекамен 30 жылға 1-ақ пайызбен рәсімделеді. Ауылды жерлерде де көпқабатты үйлер мен бөлек коттеджерді салынып жатыр.
«Сонда Түркіменстанда жалақының көлемі қандай? Орташа жалақы – 300 доллар. Мұғалімдер айына 600-700 доллар алады. Алайда ондай ақшаны екі ставкада істеп алуға болады дейді. Білім беру, оның ішінде жоғары білім де тегін. Оған қоса, университет студенттері 200-300 доллар көлемінде шәкіртақы алады. Сонда азық-түліктің бір келісі 0,49-0,74 доллар, ет – 2,47 доллар, пәтер ақысы мүлдем жоқ, ал қоғамдық көлік тегін болса, ол жерде жап-жақсы өмір сүруге болады. Бұрын әрбір адамға 800 литр бензин тегін берілетін. Қазір жанар-жағар май ақылы. Бір литрі - 0,17 доллар», - дейді Георгий Гупало.
Түркіменстанның білім беру саласында қатаң бір ереже бар. Мектепте оқитын қыздар жасыл түсті көйлек кисе, колледжге көк көйлекпен баруы тиіс. Ал университеттің студент қыздары қызыл түсті ұлттық киіммен жүруі міндет. Ұлдар үшін ортақ форма - қара шалбар, ақ көйлек пен тақия. Джинсы мен қысқа юбка киюге қатаң тыйым салынып отыр. Бұрын ғаламторға да тыйым салынған. Қазір тек америкалық сайттарға ғана тосқауыл қойылды. Бейнеойындарға да жол жоқ.
Бір қызығы Түркіменстанда балет, опера мен цирк атауымен жоқ екен. Себебі кезінде Ұлы Түркіменбашы Сапармұрат Ниязовтың былай айтқаны бар екен: «Мен балетті түсінбеймін. Ол не үшін керек?.. Балетке деген сүйіспеншілік халықтың қанында болмаса, оны түркімендерге телуге болмайды». Содан балет пен операға тыйым салыныпты. Ал түркімен өз жазушыларын жоғары бағалайды. Шетелдік газет-журналдарды таратуға рұқсат жоқ. Соның арқасында жергілікті журналдар үлкен таралыммен шығып жатады. Мәселен, әйелдерге арналған бір журналдың тарылымы – 100 мың дана.
Әлбетте, мұндайда түркіменнің жағдайына қызығып қараймыз-ау. Дегенмен, ол жаққа барып, бірден жақсы тұрып кету оңай шаруа емес. Себебі Түркімен заңы өз азаматтарын мейлінше қорғап, шетелдіктерге шекесінен қарайды. Айталық Түркіменстанның азаматтығын алудың бірнеше жолы бар. Соның ішінде түркіменнің қызын алғаны үшін шетелдік мемлекеттік бюджетке 50 мың доллар көлемінде қалың мал төлеуі керек, я болмаса, жаңа бір кәсіпорынды ашып, жергілікті халықты көптеп жұмысқа алуы қажет екен. Сөйтіп, бірнеше жылдан кейін ел азаматтығын алуға болады.
Ашығын айту керек, Түркіменстанда жеке басқа табыну әлі де бар. Республика бойынша Ұлы Түркіменбашы Сапармұрат Ниязовтың 14 мыңнан астам ескерткіштері мен бюсттері тұр. Оның көптеген портреттері біртіндеп алына бастаған. Алайда соның орнына қазіргі президент Ғұрбаноғлы Бердімұхамедовтың суреттері көбейіп келеді екен.
Түркіменнің тұрмысына қызықпайсыз ба?
Последние статьи автора