Туризмге таптырмас мекен өзімізде де толып жатыр

Туризмге таптырмас мекен өзімізде де толып жатыр

Тауымыз бен тасымыз, өзеніміз бен көліміздің, жазира даламыздың қойнауында қаншама сыр жатса да, біз әлі туризм деген «кереметтің» құпиясына қаныға қойған жоқпыз. Айталық, «қазақ мұнайының астанасы» деген бейресми атауы бар Атырау аймағы бұл салаға соңғы үш-төрт жылдың жүзінде ғана ден қоя бастады.
Күні бүгін облыс бойынша екі туристік нысан жұмыс істейді. Олар – Махамбет ауданындағы «Хан ордалы Сарайшық» мемориалдық ке­шені және Құрманғазы ауданын­дағы «Қиғаш» демалыс базасы. Бұ­­­­лардан бөлек, Жылыой ауда­нын­дағы «Қамыскөл», Индердегі тұз­ды көл, оның шипалы балшығы, Ер­кінқала ауылы жанындағы «Жа­сыл арал», Каспий теңізінің ен жа­­­­ғалауы, Махамбет батыр мен Мұ­рат Мөңкеұлының кесенелері, күй­ші Құрманғазы дүниеге кел­ген Сағырбай қыстауының маңы, әлі күнге сырын ішіне бүгіп жат­қан Құр­манғазы ауданындағы «Бес­шо­қының үңгірі», «Ақмешіт» тарихи орны, Ақкерегешін, Ақтолағай үстірт­тері, Иманқара тауы, қолы епсекті адам табылса, бір-бір туристік ор­та­­лыққа айналып шыға келетін ны­сан­­дар емес пе?! Түптеп келгенде, ту­­ризм – ел мен жерді, өткенің мен бо­­ла­шағыңды таныстыру, ордалы Ота­­ныңды ұлықтау. Осы мәселеге ерек­­ше тоқталып отырғанымыз да сондықтан.
Атырауға қызығушылық артып келеді
Облыста туризмді дамыту үшін жеке кәсіпкерлер төрт инвестициялық жоба ұсынып отыр, олар: Сарайшық елді ме­ке­нінің жанындағы «Қазына-тал» жер телімінде туристік орталық салу, Аты­рау қаласынан 15 шақырым жерде орна­лас­қан Ақжар селосының жанынан ту­рис­тік орталық салу, Каспий теңізінің жаға­ла­уында қонақүй салу және Махамбет ауда­ны­ның Сарытоғай селосында туристік база құрылысын бастау.
Бұл жобалар лайық­ты жүзеге асса, ел үшін де, жер үшін де бір пайдалы дүние болар еді. Ал әзірге аты­раулықтар шекара асып, шетелде демал­ғанды құп көріп жүр. Бұған ішкі туризмге жете көңіл бөлінбей отырғаны да себеп болса керек.
Сарайшыққа қашан сән кіреді?
Жеті ханның мүрдесі жатқан киелі аймаққа зиярат ете келген Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев 1999 жылы «Хан ордалы Сарайшық» мемориалдық кешені­нің ашы­лу салтанатында болып еді. Бүгінгі таңда мұ­ражайда 3784 экспонат бар.
Молдаш БЕРДІМҰРАТОВ, мұражай директоры:
 – Сарайшық – ХІІІ-ХVI ғасырларда Батыс пен Шығысты байланыстырған ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды бекеттердің бірі, хан ордасы болған ортағасырлық қала. Алтын Орда мемлекетінің астанасы Бату сарайымен қатар ХІІІ ғасырдың орта шенінде салынған. Сарайшықтың гүлденуіне ұлы Жібек жолы керуенінің қосқан үлесі көп болды. Күні-түні ағылған керуен Сарайшық үшін байлықтың көзі болды. Онда сол заманғы шығыстық сәулет өнерінің озық үлгілерімен са­лын­ған ғимараттар көбейді. Дүние­нің түкпір-түкпірінен керуенмен кел­ген әртүрлі елдердің өкілдерін там­сандырған ғимараттар Алтын Орданың қа­лаларында аз болмапты. Кезінде орыс патшасы Мәскеудегі Қызыл алаңды салдырарда оның жоба-үлгісін – Сарайшықтан, ал Кремль қорғанының үлгісін Бату сарайынан алыпты, ке­йін мұндай қалалар Ресейден бас­қа жерде болмауы тиіс деп сан мың­да­ған әскерімен Сарайшықты да құлатып­ты...
Міне, осындай тарих тұнған мекеннің алтыдан бес бөлігі судың астында қал­ды. Өткен жылы мемориалдық ке­шен күрделі жөндеуден өткізілді. Деген­мен шешімін таппай тұрған мәселелер де аз емес. Солардың бірі – қала қонақ­та­ры мен саяхатшыларды апаратын тұ­рақ­ты маршруттың жоқтығы. Содан да ортағасырлық кереметті көргісі келе­тін­дер таксилетуге мәжбүр. Өткен жы­лы оңтүстіккореялық ғалымдар келіп Сарайшықта туризмді дамытуға ин­вес­тиция салмаққа ниеттенген еді. Облыс­тық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы туризмді дамыту бө­лі­мінің бастығы Қарлығаш Бекбаева: «Кореялықтар Сарайшықтың табиғатын зерттеп, жұмсаған қаржыларын ақтай алмайтын болғандықтан, ол ойларынан бас тартты», – дейді. Енді бұл жерге түрік ком­паниялары қызығушылық танытып отыр. Шеттен келіп, шарықтатып береді деп қол қусырып отыра бермей, жергілікті кәсіпкерлер де осы салаға инвестиция құйса дейсің. Бірақ бұл істі бастауға әзір­ге патриоттық сезіміміз жетіспей отыр­ған­дай ма? Әйтпесе, бізден басқа ел болса, Сарай­шықты әлдеқашан аспанасты мұражайына айналдырып қойған болар еді...
«Ақжайық» қорығын құтқарайық!
Бұлай деп дабыл қағуымызға себеп жоқ емес. Солтүстік Каспий экологиялық мұнай төгіндісіне әрекет ету базасын салуға таңдап алынған аймаққа осы қорықтың да жері кіреді. Егер база салынса, қорықты мекендеген тіршілік иелеріне аса зор экологиялық қауіп төнуі мүмкін. Мұны эколог-ғалымдар да жоққа шығармайды. Жә, бұл – басқа әңгіменің төркіні. Біздің бұл жолғы айтайын дегеніміз – аймақта экотуризмді дамытуға көңіл бөлініп отырғаны. Бүгін­де «Ақжайықта» аймақтағы мұнай-газ өндірісінің әсерінен азайып бара жатқан құстар мен су жәндіктері қорғауға алынған. Табиғи қорықта жыл құстарының 292 түрі кездеседі. Оның 76-сы осы өңірде қыстайды және 30-ға жуығы Қызыл кітапқа енгізілген. Сондай-ақ сүтқоректілердің де 40-қа жуық түрі сақталған. Экотуризмді дамыту мақсатында өткен жылы111,5 мың гектар көлемі бар «Ақжайық» мем­лекеттік табиғи қорығының аймағында үш экологиялық маршруттық соқпақ жа­сақ­талды және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен туроператорлар үшін «Атырау-Зарослый-Пешной» экомаршруты бойынша ақпараттық тур өткізілді. Қорыққа бірнеше қарау алаңы орнатылды. Енді ол жерлерге оптика қою жоспарланып отыр, ол құрылғы арқылы келушілер аңдар мен құстардың өмірін өз көздерімен көре алады.
«Қорық Рамсар конвенциясына кірген, бұл аталған аймақтың халықаралық ма­­ңызы барын айқындайды», – дей­ді «Ақжайық» мемлекеттік табиғи қоры­ғының директоры Елемес Рақметов. Бұл жердегі басты проблемалардың бірі – кадр тапшылығы. Қазақстанда қорық ісі­нің менеджерлерін дайындайтын оқу ор­нының жоқтығынан бұл салаға келетін жас, білімді мамандар жетіспей отыр.
Тағы бір мәселе экооқиғалық туризм­­ге байланысты өрбиді. 1999-2002 жылдар арасында Жайық өзенінің сағасында спорт әуесқойлық туризм бойынша «ұс­тап-жіберу» балық аулау кәсіптік турлары ұйымдастырылып отырған. Туристік ұйымдар Германия, Австрия, Бель­гия, Югославия, Венгрия, Англия елде­рі­нен туристер қабылдап, туризмнің бұл түрі­нен шетелдерге кеңінен таралып, та­ны­мал болған. Бірақ бұл жұмыстар кейін жал­ғасын таппай қалды.
Дамбы ауылы думанға бөленеді
«Глобус» үкіметтік емес ұйымы өткен жылы жақсы бір жобаны қолға алды. Ол жоба «Атырау облысының Дамбы селолық округінде экотуризмді дамыту бойынша биологиялық компоненттердің әртүрлілігін тұрақты қолдану» деп аталды. «Глобустың» басшысы Галина Чернова: «Жоба екі мақсатты көздейді», – дейді, оның бірі – ауыл тұрғындарын экотуризм бағдарламасы бойынша оқы­­ту болса, екіншісі – ішкі туризмді дамытуға Дамбы селолық ок­ру­­гін тарту. Сол арқылы экологиялық, та­ным­дық, этнотуризмді, халықтық фоль­клор­ды, ұлттық әдет-ғұрыпты дамыту. Дам­бы селолық округі «Ақжайық» мем­ле­­кеттік табиғи резерватының турис­тік маршруттарының жүріп өтетін жо­лын­да орналасқан. Екіншіден, Дамбы селосында 2500 тұрғынның 300-інің ғана тұрақты жұмысы бар. Теңізге жақын орналасқандықтан, ауыл тұрғындарының басым көбі браконьерлікпен айналысады. Сондықтан да ауылда экотуризмді дамыту жергілікті тұрғындар үшін табыс көзін жасауға мол мүмкіндік береді. Экотуризм – халқымыздың салт-сана, әдет-ғұрпын ту­ристерге ұсынуда аса керекті дүние. «Глобус» ұйымы тұрғындарды арнайы бағдарламамен оқытуды жоспарлаған. Ал бұл бастаманы ESS SUPPORT SERVICES, «Теңізшевройл» компаниялары қолдап отыр.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста