Трансплантацияны қажет ететіндер жасарып барады
А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы – дәл бүгінгі күндері күллі жұрттың назарында. Орталық мамандарының еліміздің хирургия саласында тұңғыш жасалғалы отырған отаны қолға алмақ ниеттері – шынымен де, үлкен жаңалық. Мұны отандық медицина тарихындағы елеулі оқиға дер едік.
Көптен күткен алғашқы трансплантация сәтті аяқталыпты. Бұл – Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы қарсаңындағы жағымды жаңалық. «Бірақ, – дейді орталық мамандары, – донор жоқ». Ағза трансплантациясы – медицинаның ең ірі жетістігі. Бірқатар елдер ағза алмастыруда Қазақстанмен салыстырғанда «ит көйлекті бұрын тоздырған». Сондықтан да болар, донор мәселесі оларда дәл біздегідей өзекті емес. Тіпті мұндай оталар медицинасы дамыған елдерде қазір күрделі саналмайды да. Олардың мол тәжірибе жинақтауына адамдардың сенімдері де айрықша ықпал еткені түсінікті.
Ал бізде керісінше, халық әлі дүдәмал. Сол себепті де білек сыбана кіріскелі отырған мамандар қолдарынан келетінін дәлелдей алмауда.
Білетін боларсыздар, осыдан екі жыл бұрын Қазақстанда «Трансплантация туралы» заң күшіне енген болатын. Мамандардың пікірінше, заңда бәрі қамтылған. Заңға сәйкес, қайтыс болған адамның артында өз қолымен «ағзамды беруге қарсымын» деп жазылған қолхаты болмаса, оның трансплантацияға жарамды ағзаларын соған зәру болып отырған жанға алмастыруға болады. Бір айта кетерлігі, мұндай жағдайда қаза болған адамның туған-туыстарының да келісімдерін беретіндігі не бермейтіндігі ескерілмей қоймайды. Міне, бар гәп қайда жатыр!
– Ота сәтті жасалса, көпшіліктің ағза алмастыруға көзқарасы бірден болмаса да, біртіндеп өзгерер еді. Қазіргі кезде, ең бастысы, адамдардың қолдауы қажет болып тұр. Біздің отандық БАҚ арқылы ағза алмастыру мәселесін жиі көтеріп отырғанымыз осыдан. Адамдардың мынаны түсінгендері жөн: көз жұмған адамның жүрек, бауыр, өкпе, ұйқы безі, бүйрегі сияқты ағзалары алты-жеті адамның өмірін сақтап қала алады. Ал елімізде бауыр ауруларына шалдыққан 1200-ден астам адамның өміріне қауіп төніп тұрса, 1300-ге жуық адам – жүрек, 2000-дай науқас бүйрек трансплантациясын қажет етуде.
Жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққандар саны алаңдатарлық. Аталмыш ауруға қатысты айтсақ, 100 мың адамға шаққанда 325 науқас өмірмен қош айтысып жатады. Тағы бір жанға батарлығы, трансплантацияны қажет ететіндер арасында жасы әлі 30-ға да толмағандар баршылық.
Қысқасы, мамандар дайын болғанымен, қоғам екі ойлы, – дейді А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының мүше трансплантациясы бөлімінің меңгерушісі Энвер Сұлтанов донор проблемасына қатысты.
Сөз арасында айта кетейік, біз Алматы облысы Қарасай ауданы Ақжар ауылындағы мешіттің имамы Байрам Еккермен арнайы хабарласқан едік. Өйткені кейбіреулер мәйітті мүшелеу дінімізге жат нәрсе деп жатады.
Сонымен, имам не дейді? «Мен барша мұсылман үшін жауап бере алмаймын. Бірақ, менің ойымша, қайтыс болған адамның қандай да бір ағзасын өмірі қыл үстінде тұрған жанға алмастырып, басқа бір өмірді сақтап қалған дұрыс. Сауабы тиетін іс қой бұл. Жер қойнына енген денедегі ағзалардың бүтін, бүтін еместігі маңызды емес. Қазір көпшілік мұсылман елдері ағза алмастыруға рұқсат беріп жатыр. Ағза алмастыру арқылы да өлім-жітімнің санын азайтуға болатынын барша ағайынның ескергендері жөн», – деп атап өтті ол. Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.
А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас директоры, академик, профессор Жеткерген Арзықұловты да әңгімеге тартқан едік:
– А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының жұмыс істеп келе жатқанына 30 жылдан астам уақыт өтті. Осы жылдар бедерінде орталық шама-шарқынша дамып, еліміздің алдыңғы қатарлы мекемелерінің біріне айнала білді. Қазақстан тарихында тұңғыш жасалғалы отырған жүрек, бауыр алмастыру оталарының дәл осы орталыққа жүктеліп отырғандығы кездейсоқтық болмаса керек. Негізі, орталықта іргетасы қаланғаннан бері 600-дей ота жасалған, яғни бүйрек трансплантациясы.
Бірінші кезекте біз мамандарды дайындауға айрықша көңіл бөлдік. Шамамен мамыр айынан бастап Еуропа мен Белоруссияда 50-ге жуық маманымыз білім-біліктерін арттырып, тәжірибе алмасып қайтты. Екінші кезекте соңғы үлгідегі сапалы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі тұрды. Бүгінде орталық мамандарының жүрек, бауыр алмастыру оталарын жасауға толық мүмкіндіктері бар. Тәуелсіз Қазақстанның алға қойған стратегиялық мақсат-мүдделерінің бірі – бәсекеге қабілетті, озық мемлекеттердің қатарына кіру. Ол үшін қарқынды дамып келе жатқан жаһандық ғылым мен ілімнің көшінен де қалып қоймауымыз керек. Ал трансплантация – денсаулық сақтау саласының даму деңгейінің бір көрсеткіші.
Оқырманды трансплантация ақысы да ойландыратыны орынды. Оны Үкіметтің өз мойнына алғандығынан хабардармыз. Тағы бір айта кетерлігі, трансплантация қызметі саласын ұйымдастыру мәселесі қарастырылуда. Ол неге керек? Отаны Алматыда жасатқан аймақтан келген науқастың ем-домын тұрғылықты жерде жалғастыруына тура келеді. А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бұл ұсынысы құптарлық. Естуімізше, Үкімет қажет құрал-жабдықтар сатып алып, маман дайындауға жеткілікті қаржы бөліп те қойыпты.
P.S.
Өмір мен өлім арасында жатқан науқастың соңғы үміті – ақ халатты абзал жандар. Ал дәрігерлер кей жағдайда донордың жоқтығынан ажалға араша тұра алмай, қиналып қалады. Сол үшін де дәрменсіз күйге түсетіндері айтпаса да белгілі. Хал үстінде жатқан жанды қалайда аман алып қалуға тырысып бағатын олар күнделікті жұмысын донор іздеумен бастайтынға ұқсайды. Қоғам бейқамдық танытпай, түсіністікпен қараса, отандық трансплантация өз дәуірін кеңінен бастап кетер ме еді, кім біледі...