ТРАКТОРШЫ ЖІГІТ ҚАЛАЙША ТЕҢІЗШІГЕ АЙНАЛДЫ?

Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби теңізші Біләл Мұқашев туралы жұрт не біледі?

«Теңіздің жағасында тумасаң да,
Мұхитты бұрын көрдің өзгелерден» деп жыр арнапты бір жерлесі ол кісіге.
Расында, тауда туып, таста өскен қыр баласы алып мұхитқа қалай тап болды? Тракторшы жігіт теңізшіге қалай айналды? Бәрі қалай басталып еді...
Шынында Қайнардың тар көшесінің шаңын шығарып трактор айдайтын, мұрты енді тебіндеп, бойжеткенге көз сала бастаған бозбала ол кезде теңізші болам, тұңғиық мұхиттың тереңіне бойлап, өңі түгіл, түсінде көрмеген сан қырлы сүңуір қайықтың сырына қанығып, қазақтан шыққан алғашқы кәсіби теңізші болам деп әсте ойламаған-ды. Бәрі де 1959 жылдың қоңыр күзінен басталып еді. Семейдің Қайнар ауылының тумасы Біләл Мұқашев та өзге қатарластарымен бірге әскер қатарына шақыртылды. 20 жаста еді ол кезде. Ең алдымен оларды Ленинград қаласында медициналық тексеруден өткізді. Одан кейін тексеруден аман-есен өткен солдаттарды Ленинград қаласының батысында орналасқан, бірінші Петрдің заманында (1763 жылы) іргетасы қаланған «жабық» шаһар Кронштадт қаласындағы әскери-теңіз бекінісіне жібереді. Сол жерде олар Железняков атындағы электрлік механика мектебінде сегіз ай бойы оқып, «трюм машинисі және суда жүзуші» деген мамандық алып шығады.
– Сегіз айлық оқудан кейін курсанттар, оның ішінде мен де бар емтиханды сәтті тапсырып, 1960 жылдың мамыр айында Кронштадт әскери госпиталінде медициналық комиссияның тексеруінен өттік, – деп еске алады ақсақал сол күндерді. – Комиссия өте мұқият тексерді. Нәтижесінде көптеген курсанттың денсаулығы жарамсыз болып шықты.
Расында бұл комиссия болашақ теңізшілерді жан-жақты әрі қатаң түрде тексеруден өткізді. Сөйтіп 3000 курсанттың ішінен 200-і ғана жарамды болып шығады. Сол екіжүздің бірі – қайнарлық Біләл Мұқашев еді. Содан не керек іріктеуден іркіліссіз өткен 200 курсант бір аптадан кейін Ленинград қаласы арқылы Северодвинск атты тағы бір «жабық» қалаға ат басын тірейді. Бір қызығы, олар өздерінің атом сүңгуір қайығының мамандарын даярлайтын арнайы мектепке келгендерін осы жерге келгенде ғана бір-ақ біледі. Міне, үміт пен күдік, қорқыныш пен үрей, өлім мен өмір арпалысқан шақ осы кезден басталады. Қайнарлық бозбаланың қалыңдығы сан қабат мұз астымен аса құпия операцияларды орындайтын атом сүңгуір кемесін тұңғыш көруі де, оған алғаш рет отыруы да – осы кез.
– Қайықтың ішіне алғаш кіргенде, шынын айтқанда, біреу басымнан қолымен қысып ұстап тұрғандай болды. Мұндағы қысымды сөзбен айтып жеткізу қиын. Жан-жағың – түрлі құрылғылар мен тетіктер. Оған қол жеткізу де оңай шаруа емес. Шынымды айтсам, мұның бәрін көргеннен кейін бойымды қорқыныш билегені де рас. «Әй, мына жерде үш жыл жүре алмаспын» деп ойладым. Бірақ мен ойлағандай болмады. Не керек, ақыр соңында өзім бастапқыда үрейленген атом кемесін ұршықша иіріп, мамандығымның майын ішіп, отсек страшинасы, аға инструктор болып, кейіннен еңбегім ескеріліп, КСРО Атом флотының құрмет кітабына атым жазылды. Өмір деген осылай екен ғой, – дейді өткен күндер парағын ақтарған қарт теңізші.
Үрейге толы үш жыл
Сөйтіп Қайнардың қайнар бұлағының жағасында өскен өрен үш жыл, яғни 1960 жылдың қыркүйегінен 1963 жылдың қыркүйегіне дейін Кеңес одағында үшінші болып жасалып шыққан атақты К-8 атом сүңгуір қайығында қызмет етеді. Бастапқыда трюм машинисі, одан кейін аға инструктор, сегізінші бөліктің (қайықта барлығы 9 бөлік болады) старшинасы секілді қызметтер атқарады. Әрине, үш жыл айтуға оңай болғанмен, шын мәнісінде теңіздегі үш жыл қазақтың қайсар ұлына жеңіл тиген жоқ. Үш жылда талай апат пен талай сұмдықтың куәсі болды. Талай рет от пен суға түсіп, бір Алланың құдіретінің арқасында ғана аман қалғаны рас.
1960 жыл, 13 қазан. Бұл күн есіне түссе қарт теңізшінің жаны теңіздей толқиды. Сол күнді ерекше күрсініспен еске алады.
– Әлі есімде, – дейді ақсақал. – Бізге Солтүстік мұзды мұхитты мұз астымен кесіп өту міндеті қойылды. Осы бұйрықты орындау кезінде Норвегия теңізінде біздің кеме апатты жағдайға тап болды. Кеменің бу генераторы жарылып, кеме ішіне радиоактивті элементтер тарай бастады. Бізге тез арада кері қайтуға тура келді. Барлық экипаж мүшелері аса көп деңгейде радиация сәулесін алып, уланып, жанымдағы жігіттердің шаштары түсе бастады. Кейбір жігіттер түскен шаштарын көрсетпеу үшін қырынып, бастарын тақырлап алдырып тастады. Бір Алланың құдіреті болар, менің бұйра шашыма ештеңе де әсер еткен жоқ.
– Сен не Мұқашев... – дейді менің қаруластарым маған таңқалып. – Радиация саған дым әсер етпеген бе? Шашыңа түк болмапты ғой...
– Мен сынақ зардаптарының неше атасын көрген, Семей сынақ полигонына 100 шақырым жерде орналасқан, сынақтың дүрсілімен бірге жатып, бірге оянып, бірге өскен Қайнарданмын ғой. Бізге бұйым болып па бұл, – деймін мен қалжыңға сүйеп.
Қазақ теңізшісі осынау үш жыл ішінде өз басынан апатты жағдайды өткізіп қана қоймай, апатқа ұшыраған кемелерді құтқару жұмыстарына да белсене қатысты. Сондай оқиғаның бірі – 1961 жылдың 4-шілдесіндегі Николай Затеев жетекшілік жасайтын «Поляр шеңбері» деп аталатын атомдық сүңгуірдің Арктика мұзы астынан зымыран ұшыру кезінде реактордың істен шығып, кеменің апатқа ұшырауы еді. Осы апат кезінде реактордан шыққан радиациялық сәуле бүкіл қайыққа тарап, тоғыз адам қаза тапты. Тірі қалғандарын аман алып қалудың өзі үлкен қиындыққа түсті. Радиациядан зардап шеккен ауыр сырқаттар Ленинград қаласындағы биофизика институтына емдеуге жіберілді. Кейіннен апатқа және құтқару жұмыстарына қатысқан көптеген матростар мен старшиналар, офицерлер ордень-медальдармен марапатталады. Осынау құтқару командасының құрамында Біләл Мұқашев та болды.
– Жағдай аса қауіпті де қорқынышты болатын, – деп еске алады ақсақал сол бір қаралы сәттерді. – Радиацияның ажал шашқан уыты сүңгуірдің барлық жеріне, тіпті қуыс-қуысына дейін жайылған екен. Дозиметрлік зерттеулер жүргізу, сүңуірді тіркеуге алу жұмыстарының өзі бүтіндей бір апта уақытты алды. Тиісті жерге жеткен соң радициялық сәуле аз таралу үшін апатты қайық басқаларынан аулаққа қойылды.
Біләл Мұқашев та өзге қатарластарымен бірге кемені құтқару жұмыстарына ғана емес, басшылықтың нұсқауымен кеме судан шығарылғаннан кейінгі у жайлаған қайықты жуып-шаю жұмыстарына да қатысты. Құтқару жұмысына қатысу қазақ теңізшісінің денсаулығына өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Осы операциядан кейін Біләл Мұқашұлының үлкен дозада радиция алып, госпитальде емделіп шығуы – соның айқын дәлелі.
«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген сөзі бар дана қазақтың. Сірә, Біләл ағаны періштесі қаққан болар, талай қырғын мен қасіретті көрген сары даласы – Сарыарқасы қияндағы қайсар ұлының тілеуін тілеген болар...
Шынында Біләл ақсақалдың басынан өткерген оқиғаларға таңқалмасқа шараң қалмайды. Таңқаласың. «Осынау сұрапылдың арасынан қалай ғана аман қалды?» деп.
– Әйтеуір, құдай сақтады ғой, – дейді ол. – Бірақ солай деп Аллаға тәубе айтқаныммен, күпірлік болмасын, мақтаныш та емес, менің аман қалуыма ашығы керек, бүкіл әлемге әйгілі Семей полигонының дәл іргесінде, яғни Қайнар ауылында өсіп-өніп, ержетіп, талай-талай ядролық жарылыстардан тараған улы ауамен тыныстап, «әбден шыныққаным» үлкен септігін тигізген сияқты. Әйтпесе әскери қызмет кезінде және кейініректе қыршынынан қиылған қаншама жолдастарымнан менің қай жерім артық?

Оралу
Өлім мен өмір арасында арпалысып жүріп үш жылдың қалай өткені де байқалмайды. 1963 жыл жетіп, қазақ теңізшісінің де елге қайтар кезі келеді. Сөйтіп 1963 жылдың қыркүйегінде Қайнардан тракторист болып аттанған бозбала туған жерге Кеңес одағындағы алып атом сүңгуір қайығында абыроймен қызмет еткен алғашқы қазақ теңізшісі һәм КСРО Атом флотының Құрмет кітабына есімі жазылған тұңғыш қазақстандық болып оралады.
Бүгінде жетпісті алқымдаған Біләл ақсақал елге келгеннен кейін қарап жатпады. Білек сыбанып, бірден іске кірісті. Түрлі-түрлі қызметтер атқарды. Жаңасемей ауданы, Шақаман мал бордақылау совхозының тракторшылар бригадасының бригадирі, осы совхоздың бас инженері, Шар ауданы Арқалық совхозының бас инженері, Семей қаласы Ауыл шаруашылығы министрлігі жөндеу-құрылыс басқармасының бас механигі, облыстық халықтық бақылау комитетінің инспекторы, «Семгражданпроект» жобалау институты төрағасының орынбасары, облыстық «Казсельхозтехника» бірлестігінің бөлім бастығы, Жаңасемей ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары... Осындай қызмет баспалдағынан өткен ақсақал 1994 жылы зейнеткерлікке бет алды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де бос жатуды жөн көрмей, Семей облысы бойынша еңбек қорғау басқармасының бас мемлекеттік сарапшысы қызметін атқарды. Қысқасы, ақсақал өмір бойы ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Қайда барса да, қай қиырда жүрсе де. Жалықпады, шаршамады. Әрине, есіл еңбек елеусіз қалған жоқ. Елі ұмытқан жоқ, Елбасы да ұмытпады. 1987 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. 2004 жылы Елбасы қол қойған Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен құрметтеліп, 2007 жылы Ресейдің «Адмирал Кузнецов» медалін төске қадады.
Теңізшілер отбасы
Тағдыр теңізшілікті Мұқашевтар әулетінің мңдайына жазып қойған секілді. Қарт теңізші осыған таңқалады.
– Неге екенін өзім де түсінбеймін, біздің отбасының өмірі әскери-теңіз қызметіне байланысты. Қараңыз. Үлкен ағам Қалел Владивосток түбіндегі Тынық мұхит флотына қарасты теңіз жаяу әскері бригасында әскери борышын өтеді. Екінші ағам Жәлел 1957 жылы Семей өзен училищесін бітіріп, Жоғары Ертіс су жолы қатынастары басқармасының «Маршал Тобухин» кемесінде біраз жыл штурман болды. Ұлым Асқар да ата жолын қуып, Хабаровскідегі Тынық Мұхит флотының күзет кемесінде әскери міндетін өтеп қайтты. Күйеубалам Сайлаубек 1983-1986 жылдары Балтық флотында сүңгуір қайықта жұмыс істеді. Тағдыр деген қызық. Далада туып, тауда өскен қыр баласының тағдыры теңізге байланып, өмірінің айрылмас бөлшегіне айналады деп кім ойлаған... , – дейді ардагер.
Біләл Мұқашев бала кезінде инженер болуды армандапты. Арманын орындауға асыққан ол 1955 жылы жеті сыныптық мектепті аяқтағаннан кейін Семейдегі механикалық техникумға оқуға түседі. Алайда оқуды аяқтай алмайды. Ағасы Қалел әскерге шақырылып, анасына қарайласуға ауылға қайтады. Ауылға келгеннен кейін қарап жатпай машинатрактор станциясының (МТС) жанынан тракторист курсын оқиды. Алғашқы еңбек жолын тракторист болудан бастайды. Тракторист, одан кейін тракторлар бригадасының бригадирі болады. Тың және тыңайған жерлерді игеру жұмыстарына белсене атсалысады. Содан 1959 жылы қыркүйекте Кеңестер армиясы қатарына шақырылады... Одан кейінгі өмір соқпағы жөнінде жоғарыда айттық.
Иә, өмір-өзен тоқтамайды. Заман өзгермейді, адам өзгереді.
Тынық мұхит баяғысынша түк білмегендей тыншып ағып жатыр. Ал бір кездері сол мұхитта қар жастанып, мұз кешкен азаматтардың көбі бүгінде бақилық. Көзі тірілерінің өзі ат төбеліндей аз қалды. Бір кездері сол бір алып мұхиттың «құлағында ойнаған», бір Құдайдың құдіретімен ажал аранынан аман қалған Біләл ақсақал бүгінде қара Ертістің жағасында, немерелер құшағында... Семейде тұрады.
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста