Тозығы жеткен пойыз түбімізге жетіп жүрмей ме?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Көз тиді ме, тіл өтті ме, кім білген, әйтеуір кейінгі уақытта пойыздардың «сүрінуі» сүреңсіз статистика­ны құрап жүр. Аяқ астынан орын алатын шойын жолдағы апаттардың салдарынан пойыздардың қаңтарылып қалуы жиілеп кетті. Гәбі неде екенін әзірге ешкім ашық айтпайды. Біресе – білеу, біресе – тіреу я доңғалағы сынып, омақаса асып жата­тын жүк пойыздары неге сүрін­шек? Тұсауы түзу кесіл­меген бе? Әлде бұл сала­ның да тұрлауы кетіп  тұрғаны ма?
Жау жоқ жерден жау іздеп, аттан сап, атқа қонғандық емес бұл. Ста­тис­тикаға үңілгенде үндемей қалуға бол­майтынын айтады цифрлар. Мә­се­лен, бір ғана шілдеде төрт бірдей оқи­ға орын алған екен. Дәлірек айт­сақ, Алматыда екі жолаушылар по­йы­зы соқтығысып, 50-ге жуық адам жа­рақат алды. Жамбыл облысында элек­тровоз бен тепловоз соқтығысты. Ал одан бұрын да бірнеше жүк по­йыз­дарының жұлыны үзіле жаздады. Нақ­тырақ айтқанда,  наурызда Се­мей-Шар бағытында жүк әкетіп бара жатқан пойыздың он вагоны рельстен шы­ғып кетті. Зардап шеккендер мен қа­за тапқандар жоқ. Жамбыл об­лы­сында 65 вагоны бар жүк пойызының он төрт вагоны жолдан шығып кетті. 
Мамырда Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма-Селезновка стансысының арасында жүк көлігінің жеті вагоны жолдан шығып кеткен. Оның үшеуіне цемент тиелген. Апат салдарынан Защи­та-Зырян теміржолында он сағат­тай қозғалыс тоқтап қалды.
Қызылорда облысында да жүк пойы­зы апатқа ұшырады. Сұйытыл­ған газ бен құбыр тиелген алты бір­дей вагон Диірментөбе стансысының маңында шойылжолдан тайып, ауда­рыл­ған. Абырой болғанда, газға толы цистерналарға зақым келмепті. Дегенмен 300 метрдей рельстің тал­қаны шыққан. Салдарынан жолау­шы­лар пойыздары кестеден 12 сағат­қа кешікті.
Бұл – осындай оқыс оқиғалардың бір парасы ғана. Ал күні кеше тамыз­дың 20-сында Қарағандыда жүк по­йы­­зы­ның 20 вагоны тағы жолдан шы­ғып кетті.  «Шу–Қарағанды–Сұрып­тау» стан­сысы бағытындағы №2947 жүк пойызының 20 вагоны жолдан шы­ғып кетті. Бензин құйылған бір вагон­ның өртенуінен тоғыз жолаушы по­йызы уақытынан кешіктірілді. Қа­ра­­ғанды облысы төтенше жағдай­лар департа­менті­нің мәлім­деуінше, зардап шеккендер болған жоқ. Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі тарат­қан мәлімет­терге сүйен­сек,  вагон­дардың жолдан шығып кету фактісіне байланысты Қарағанды көлік прокуратурасы ҚР ҚК-нің 4-бөлімі 295-бабымен қыл­мыстық іс қозғағаны және аян.
Қарағанды аймағында, бүтін елде пойыздардың мұндай жағдайға тап болуы ал­ғаш емес. Басқасын айтпағанда, был­тырғы желтоқсанда тағы да  Қарағанды жол бөлімшесінің Астана–Қарағанды учас­кесінің Ақтасты–Шоқай жол бөлігін­дегі 635-шақырымда металлургиялық ши­кізат тиелген №1626 пойыздың 13 жүк ваго­ны жолдан шығып кеткен болатын.   Ва­гон­дардың жолдан шығуына жүк ваго­нының қаптал жақтауының сынуы себеп болған. Бұл жақтауға соны дайындаушы зауыт­тың берген кепілдігі бар. Барлық шығын дайындаушы зауыт пен осы вагон­дарды жөндеумен айналысқан компанияға ұсынылатын болады. Вагондар «ҚазТемір­Транс» АҚ-қа тиесілі, Қазақстанда жасал­ған. Ал деталь Қытайдан әкелінген. Онда жолаушы пойыздарының тоқтап тұруы 1 сағаттан 17 сағат 45 минутқа дейінгі уа­қыт­­ты құрапты.
Көліктің ішіндегі ең көнбісі мен көтерім­ділі­гімен көптің сеніміне енген отарба­лар­ды да осылайша оқыс жайттар айналдырып жүр. Нақты себебі неде екені беймәлім. Бірақ салдары соқырға таяқ ұстатқандай. Отарбаға қажетті қосалқы жұмыстар мен күрделі жөндеу­лерді өзімізде емес, сырт ел арқылы жөндеуі­міздің ақыры жақсылық болсын тек. Жүк пойызының сынған, не істен шық­қан бөлшегі Қытайда немесе Ресей­де жасал­ған. Олардың берген кепіл мер­зі­мі әлі бар деп жүк пойыздары жолдан шыққанда өзімізді-өзіміз жұбату  пойыз­­дардың қауіпсіздігіне кепіл бола алмайды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Әзірге жүк пойыз­дарының ғана «жолы болмай» келеді. Жолаушы тиеген қалың пойыздар­дың халі нешік? Ол вагондар­дың да сал­дырап-гүрсілдеп, азып тұр­ғаны да шын­дық. Сосын тозығы жеткен олардың жолау­шы та­сы­малында қауіп­сіз­дікті қам­та­масыз етері­не қалайша күмән­дан­байсыз?..
Мейрам ТАУТЕНОВ, ҚР Бас көлік прокуратурасы басқармасының бастығы:
– Теміржол саласындағы жолаушы та­сы­­ма­лымен айналысатын вагондар­дың 60 пайызының тозығы жеткен. «При­городные перевозки» АҚ-тың вагон паркінің орташа тозығы 92 пайыз­ды құрайды. (Бұл – техникалық жағынан келгенде қойы­лар сын. Жолаушы тасымалындағы гигие­на­лық талаптардың сақталмайтын­дығы, жолсеріктердің жүгенсіздігі – өз алдына «жыр-дастан»).

Жұмаділ БАЙҒҰНШЕКОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Біздің елімізде де пойыздардың тоқтап қалуы, рельстен шығып кетуі тәрізді оқиғалар ара-тұра орын алып қалады. Сондықтан бұл жерде енжарлыққа бой бермеу керек деп есептеймін. Осы бастан теміржол саласындағы қозғалыс қауіпсіздігін қатаң бақылауға алғанымыз жөн. Ол үшін, әрине, локомотивтердің сапасын, теміржол бағдаршамдары­ның әлеуетін, жалпы, осы саладағы сапа менеджментін арттырған абзал.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста