Жылқы малының бірі табынды өгейсіп, үйренбей, шеттей берсе, иесі сол жылқының жалынан бір талын жұлып алып, оның аузына салып сілекейлеп, қалтасына салып қояды. Бұл ғұрыпты «сілекей алу» дейді.
Төрт түлік малды сатқанда немесе сыйлағанда жылқының жүгенін, ноқтасын, түйе мен сиырдың бұйдасын, бүркіттің томағасын, иттің қарғыбауын бермей, алып қалады.
Жалы мен құйрығында ақ қалы бар жылқылар құтты болып саналады. Сатылмайды, ешкімге берілмейді. Себебі сол малмен бірге құт-береке келеді деген ырым бар. Әртүрлі себептермен біреуге беріле қалған жағдайда оның сілекейі алынады.
Қазақ желінің киесі бар деп тәу етеді. Малдың сүйегін баспайды.
Жылқышының құрығынан, балта, бақанның үстінен аттамайды. «Құрық аттаған құриды, бақан аттаған байымайды, балта басқан жарымайды» деген атадан қалған сөз бар.