Қажы Зейнолла Төлеутаев Ақтөбе жұртшылығына өте танымал тұлға. Ол кезінде қазақ күресінен ұлттық құрамасы, грек-рим күресінен КСРО құрамасы сапында өнер көрсетіп, біраз белестерді бағындырған палуан. Қазақ күресінен облысымыздан шыққан тұңғыш спорт шебері.
Спорттан қол үзгеннен соң да, сүйікті кәсібінен алыс кетпей шәкірт тәрбиелеп, спорт саласында көптеген басшы қызметтерді атқарды. Қажы атанып, жас ұрпақты имандылық жолында тәрбиелеуге де бір кісідей еңбек сіңірді. Өзі туып-өскен Әйтеке би ауданының құрметті азаматы атанды. Қазір Ақтөбе облысының қазақ күресі федерациясының вице-президенті. Қажының отбасылық ғұмыры өте ерекше. Төрт әйел алып, бәрінің жағдайын тең жасап отырған отағасы.
Зейнолла ТӨЛЕУТАЕВ, Ақтөбе облысының қазақ күресі федерациясының вице-президенті.
–Жасыратын ештеңе жоқ, төрт жеңге-лерің бар. Ең бірінші жолдасым өзімнің сыныптасым болды. Есімі – Балмайраш. Мектеп бітірген соң, отбасы құрдық. Гүлнәр есімді тұңғыш қызым бар. Өмір болғаннан кейін, бәрі де болады. Екінші рет отбасын құрдым. Көкшенің Арман есімді аруымен. Арманмен қосылған соң, Асқар, Асхат деген ұлдарым өмірге келді. 23 жылым осы жеңгеңмен тату-тәтті өтті. Өмір деген қызық қой, қызық жерін сызып қой дейді ғой (күліп). Үшінші рет үйлендім. Үшінші әйелім Жанат үйленген соң, көп уақыт өтпей дүние салды. Жанар есімді қыз сыйлап кетті. Жанар бір жасқа толған еді. Жанарға сол кезден бастап ана мейірімін сыйлап, бауырына тартқан қазіргі жарым Бағдагүл болды. Бағдагүл маған Ақансерідей ұл сыйлады. Төрт әйелім, төрт құбылам
Бағдагүл ТӨЛЕУТАЕВА, қажының сүйікті әйелі:
– Зейноллаға осынша рет отбасын құрып, өмірдің ащы-тұщысын көру оңай болған жоқ. Менімен қосылғанда жасы елуде болатын. Мен отыздан асқан едім. Ақтөбеге танымал үлкен үйелменбіз. Төрт отбасы түгелімен тайлы-тұяғы қалмай араласып-құраласып тұрады. Тойларға, жиындарға бәріміз бірге барамыз. Бір қалада тұрғаннан кейін араласпай тұру мүмкін емес. Зәкеңнің алдыңғы әйелдері маған жақсы қарайды. Бір-бірімізге ықыласымыз, құрметіміз шексіз. Менің төрімнен оларға әрқашан орын бар. Барлық балаларымыздың жағдайы жасалған. Ол мына азаматымыздың арқасы.
– Әрине, олардың бәрі менің әйелдерім болып саналады. Олар бізбен бірге жүреді, той жиындарға бізбен бірге барады, – дейді Зейнолла аға да.
Төрт отбасының татулықпен, ауызбіршілікпен көңілді өмір сүріп жатқаны жанға жағымды. Көңілге қонымды. Егер отағасы тағы әйел алатын ниеті болса, қазіргі жары Бағдагүл қарсы емес.
– Әрине, мен келісемін. Бірақ мені шын сүйсе, нағыз махаббаты мен болсам, менімен тоқтайды деп ойлаймын, – дейді Бағдагүл Жұбаниязқызы.
Отағасы әңгіме барысында сүйікті жарының ақылдылығына, даналығына тоқталып кетті.
– Ауызбіршіліктің мықты болуына, тума-туыстар арасындағы бірлікті нығайту мен ұрпақ көбеюіне деген көзқарасты қалыптастыруда жас келіндерге үлгі болып жүр, – дейді отағасы.
Қазақстанда көпәйелділік мәселесі заңды түрде қарастырылмаған. Алайда, бұл парламент мінберлерінде оқтын-оқтын көтеріліп жүрген сауал. Заң керек деп. Алайда қарапайым халықтың пікірі сан алуан. Көп әйел тұрмақ, бір әйелмен әрең күн көріп отырған еркектерге ондай заңның қажеті шамалы, шынтуайтында. «Қарыздан да қатын ал, қатының қалар қойныңда» деп, тісі барда ысқырып қалғысы келетіндер үй болып жатыр. Ал заман күрделі, күнкөріс қиын деп отбасын құрмай, жауапкершілікке беттемей жүрген сүрбойдақтар да аз емес. Ендеше, көп әйел алу қазаққа керек пе?
Кәрім АЙНАБЕКОВ, зейнеткер ақын:
–Ұлтымыз қазақ. Көп әйел алу ел тарихында болған. Қазақ жесірін қаңғыт-паған халық. Бірақ заман басқа болған соң, адам да басқа. Ал негізінде, көп әйел алу меніңше, осы заманда астамшылықтың белгісі. Бір адаммен тұрақтау керек. Бір адаммен өмір сүру керек. Сол жанмен өмірін бөлісе білуі керек. Сонда ғана араларыңдағы ұрпағың көгереді. Өседі. Жақсы азамат болады. Ел сыйлай алатын қадірлі тұлға болады. Баланы өмірге әкелдің бе, ол да екеуара махаббаттан пайда болған туынды. Сол туындыны бүлдірмей қасиетті өзінің азаматтық парызымен өркендетіп өсіру керек. Балалардың алдына дүкеннен қалта-қалта алма алып, шашып тастағаннан ешнәрсе шықпайды. Кішкентай баланың өзінде азаматтық ұғым бар. Отбасынан алған тәрбиесімен оның сезімі, өзінің қадір-қасиеті, айналаға көзқарасы қалыптасады. Соның бәрі бұзылып кетпеуі үшін, өзге арнаға түсіп кетпеуі үшін, үйдің иесі азаматтық парызын орындап, жұбайыңмен тіл табыса өмір сүру керек.
Ырысжан ІЛИЯСОВА, зейнеткер:
–Бұрын бұл қазақ халқының дәстүрінде болған. Байлар мен билер өз алдына, қарапайым адамдар да ұрпақ жалғастыру үшін 2-3 әйелден алған. Оның бірінші әйелі әмеңгерлік жолымен алынған жеңгесі болуы мүмкін. Бұл мәселенің бір кереметі сол, алдыңғы бәйбішелердің ақылдылығынан туған. Ер адамдар көп әйел алғысы келгенмен, отбасы татулығынсыз береке болмақ емес. Тіпті бәйбішесі өзі ұсынып отырған кімді алу керектігін. Жақын танитын әйелдерді ұсынатын болған. Ол өз сіңлісі немесе туысының қызы да болуы мүмкін. Керегені кеңейту үшін, ер адам өмірден ұрпақсыз өтпеу үшін бәйбішелер үлкен септігін тигізіп отырған. Қолында байлығы мен билігі барлардың үшінші, төртінші әйелдері болған. Ұрпақ мәселесін шешу қамын ойлаған бәйбішелер өзінен кейін келген әйелге қашан да қамқорлықпен қараған. Татулықтың жоғары болғаны соншалық, тіпті баланың қай әйелдікі екенін ажырата алмайтын да кездер болған. Сондай ауызбіршілік пен күн кешкен. Өзі келін болып түскен шаңырақтың берекелі болуын, қауымның алды-артын бақылап отыратын бәйбішелер келмеске кетті ғой бүгінде.
Өмірсерік ОРАЗАЛИН, «Нұр-ғасыр» мешітінің баспасөз хатшысы:
– Негізінде, көп әйел алу ислам дінінде парыз да, уәжіп те емес. Яғни, әрбір мұсыл-ман ер кісі көп әйел алуға міндетті емес. Көп әйел алу, бар болғаны, кей жағдайларға байланысты берілген рұқсат қана. Басты мақсат – үйлене салу емес. Бұған қоса көп әйел алудың өзіндік күрделі шарттары мен талаптары бар. Мысалы, екі әйел алғысы келетін кісінің ең әуелі оларды бағып-қарайтындай жағдайы болуы тиіс. Мұнымен қоса, әйелдерінің арасында қара қылды қақ жаратын әділдік тең қарым-қатынас құруы керек.
– Көп әйел алудың түрлі себептері бар. Егер әйелі ұзақ уақыт бала көтере алмаса, күйеуі өзінің бел баласы болуды армандаса, екеуінің өзара келісімі бойынша күйеуі екінші әйелге үйлене алады. Мысалы, Ибраһим (а.с.) пайғамбар бәйбішесі Сараның рұқсатымен Ажарға үйленген. Екінші әйелі де заңды түрде некеге тұруға тиіс. Исламда ажырасу үлкен күнә болып саналады. Некесіз әйелге бару – өте ауыр күнә. Ислам діні төрт әйел алуға дейін рұқсат береді. Бірақ алдыңғы үш әйелдің келісімі және төртеуі де некеде болуы керек. Сонымен қатар, күйеуі төрт әйелге де бірдей жағдай жасап, бәрінің де көңілдерін тауып, бәрін бірдей жақсы көруі – ең басты шарт. Олай істей алмайтын еркек бір әйелі мен балаларының жағдайын жасап, шаңырағын шайқалтпағаны дұрыс.
Төрт әйелім, төрт құбылам
Последние статьи автора