Тістің құны «Тойотаға» тең болып тұр
Бизнестің түрі көп. Солардың бірі – тіс бизнесі. Иә, кәдімгі қадірін қақсағанда білетін отыз екі тістің ауруы қазір қалтаңды қағады. Жағын ұстап, безектеп келген науқасқа дәрігер пациент деп емес, ақша толы қапшық деп қарайтын заман туды. «Тісіңді уақытында күтімге ал» дейтін кеңес ескірді. Емдегеннен гөрі, жұлып тастауға бейім. Сосын салдыруға келгенде аспандағы айды сұрайды. «Бұған отандық стоматологияның іс жүзінде жекеменшікке өткені, сөйтіп, мемлекеттік бақылаудан кеткені себепкер» дейді сала мамандары.
Бизнес емей, немене, аузыңды ашқаныңның өзі – ақша. Кеңес сұрасаң, 700 теңгеден 3 мың теңгеге дейін төлейсің. Пломба салу – 5-15 мың теңге аралығы. Тісжегіні (кариес) емдеу құны – 1 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін. Бір тісті жұлу бағасы – 3 мың теңге. Қарапайым сүйек тіс салдыру құны 13 мың теңгеден басталады. Бұл жерде стоматологияның имплантат, брекет орнату, тісті қызыл иектен қайта өсіру секілді жаңа әдістерін айтып отырған жоқпыз. Олардың бағасы мүлде шарықтап тұр. Егер аузыңызды толық «жөндеуден» өткізгіңіз келсе, ең кемі 1 млн теңге қалтаңызда тұруы тиіс.
Ақиқатына жүгінсек, астарына үңілсек, жағдай, шынымен де, күрделі. Елде 2 мыңға жуық жеке стоматологиялық кабинет бар. Солардың 80 пайызы – үлкен шаһарларда. Ал Қазақстан халқының жартысы тұратын ауылда оның үлесі – 20-ақ пайыз. Ауылдағы ағайын тісі ауырса, бар ақшасын жинап, қалаға келеді. Келгенде мұндағы пысықайлар ананы-мынаны айтып, қаржысын қағып алуға асығады.
Тіс емдеуші дәрігердің кәсіби білігі – өз алдына бөлек әңгіме. «Шетелден оқу бітірдім, сондықтан менің қолым жеңіл, бірақ қызметім қымбат» дейтіндер бар. Оған Құдайдай сеніп, қомақты ақшасын беріп, дертіне дерт жамағандар да жетерлік. Өзі тұратын үйінің бір бөлмесінен кабинет ашып, ескі-құсқы жабдықпен жұмыс істеп жүрген стоматологты талай мәрте кездестірген боларсыз. Міне, осындай саны көп те, сапасы жоқ тіс емдеу кабинеттерінен тез арада арылсақ, оның орнына маманы бар, жағдайы жақсы емханалар санын көбейтсек, дұрыс болар ма еді. Демек, стоматологияны мемлекет бақылауына қайтаруды ойластыратын уақыт жетті. Кеңес заманында бұл жүйе тиімді жұмыс істеді. Қаладағы, ауылдағы ағайын тісін тегін емдетіп, үйіне аман-есен оралатын.
«Бүгінгі таңда бәрін тегін қылмағанмен, шұғыл тіс жұлдыру, асқынғанда операция жасату секілді кезек күттірмейтін іс-әрекеттердің мемлекеттік тапсырыс есебінен қаржыландырылғаны дұрыс» дейді сарапшылар. Елбасының тапсырмасымен әзірленген «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты да – ел-жұрттың денсаулығын нығайту. «Ауру – астан» десек, асты шайнап жеп, ағзаға сіңіруге көмектесетін тістің бүтіндігі де бұл жерде үлкен рөл ойнайды.
Салтанат ӘЖІҒАЛИЕВА, стоматолог-дәрігер:
– Ең көп тараған ауру түрі – тісжегі (кариес), одан кейін – тіс ұлпасының қабынуы (пульпит), тіс түбірінің қабынуы (периодонтит), қызыл иек тіндерінің қабынуы (парадонтоз). Бұл дерт жасқа да, егдеге де ортақ. Тіс түбіріне ірің түссе, сол іріңді түбірді дереу жұлып тастау керек. Әйтпесе іріңді ошақ жүрекке, бүйрекке әсер етіп, басқа дерттерді қоздырады. Ағзаның қорғаныш қабілетін әлсіретеді. Тісжегінің өзі – созылмалы індеттің көзі. Тісжегіге ұшырағанда жүрек-тамыр жүйесінің аурулары, құлақ, мұрын, асқазан-ішек жүйелерінің, эндокриндік жүйелер патологиясы және тағы басқа да сырқаттар күшейеді.
Отандық стоматологияда білікті маман даярлау мәселесі өткір тұр. Маман, негізі, жоқ емес, бар. Бірақ жоғары білімді тіс дәрігері ауылға сирек барады. Көбі күреп табыс табуға болатын қаланы қалайды. Мұны шешу үшін мемлекет тарапынан қолдау шараларымен қатар, ауылдық жерлерде арнайы тіс емдеу орындарын да ашқан жөн. Қазіргі аудандық емханалардағы жалғыз тіс дәрігерінің мүмкіндігі шектеулі. 15-20 мың адамның қайсыбірін қарап үлгереді. Содан кейін екі тараптан да заңды реніш туады. Дәрігер шамадан тыс жүктемеге қиналса, ауыл адамы алысқа ат сабылтатынына наразы.
Ұлжан ЕРӘЛІҚЫЗЫ: ауыл тұрғыны:
– Тісіміз ауырса, баратын жеріміз жоқ. Тіпті шыдатпай бара жатырса, бұрынғы өзіміз үйренген анальгинді ішеміз. Жаңадан шыққан препараттарды да қолданамыз. Әрине, ауданда тісті емдейтін, жұлатын, салатын арнайы емдеу орны болғаны дұрыс-ақ. Сонда ауылдықтар қалаға сабылмай, осы жерден тістерін емдетер еді. Әрі қалаға барғандағы жол пұлымыз, пәтер шығыны, тамаққа кететін ақша үнемделер еді.
Отыз екі тістің бүтіндігі денсаулыққа ғана емес, адамның жүйке жүйесіне де әсер етеді. Сонымен қатар тісіңіз әдемі әрі сау болмаса, жанұя құруда, жұмысқа орналасу кезінде қиындық туындауы мүмкін. «Тісжегісі көп немесе қисық тістері бар мектеп оқушылары осының кесірінен ыңғайсызданып, сабақ үлгерімі, өзін-өзі сыйлау сезімі төмендеп кетуі мүмкін», – деп отыр психологтер.
Ендеше, Қазақстандағы тіс емдету құнының аспандап тұрған бағасын түсіру қажет. Бағаны түсіру үшін өз елімізде стоматологиялық материалдар өндірісін жолға қою шарт. Мәселен, Өскеменнен алынған өте сапалы имплантат жасайтын титан шетелде өңделіп, өзімізге жүз есе қымбаттап оралады екен. Басқасын айтпағанда, көршілеріміз Қырғызстан мен Өзбекстаннан да қалып қойыппыз. Біздің шикізаттан тіске қажетті материалдар өндірісін жолға қойған олар бір оқпен екі қоянды атып отыр. Осы орайда, отандық стоматологияның өркендеуіне мүдделі тұлғалар әлі де ойланар деген ойдамыз.